Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тарихи жерлер тағылымы

4 июля 2021 10:30 • 812 просмотров

Биыл тамыз айының аяғына таман елімізде Жошы ханға арналып салынып жатқан кешеннің ашылуы өтеді деп жоспарлануда. Осыған орай, Арқалық қаласының құрметті азаматы, тарихшы, өлкетанушы Шөптібай Байділдин мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев Ұлытау аймағына сапарлап, ел мен жердің мәдени мұрасын саналатын тарихи орындармен танысып келді.

 Ғалымдар сапар барысында Кейкі батырдың үңгірі, Махат сахана тамы, Жеті әулие, Әулие бұлақ, Күміс бұлақ, Едіге тауы, Хан қорған, Сандыбайдың Ердені, Алаша хан, Домбауыл кесенесі, Жошы хан кесенесі сынды тарихи ескерткіштер мен киелі орындарға тәу етіп, бабалар рухына бас иді.

«Қазақ хандығының астанасы болған Ұлытау аймағы қашанда өзінің ерекшелігімен кісіні тартып тұрады. Тек қана Ұлытау өңірінде 360 тарихи — мәдени ескерткіш бар. Мұның барлығы да мемлекеттің қарауына алынған. Жезқазған жеріндегі Жошы хан кешенінің былтырдан бастап құрылысы жүріп жатыр. Маңайы түгел асфальтталып, айналасы қоршаған. Кешен бір қақпалы етіліп жасалған екен. Барған адам көлігін сыртқа тастап, ары қарай жаяу жүреді. Қазір кешеннің сыртқы құрылыстары аяқталып, ішкі құрылыстары қарқын алған. Кешенде мұражай, кітапхана, қонақ үй және т.б. құрылыстар болады деп жоспарланған.  Алаңқайдың ортасында хан шатыр тұр. Жанына Жошы ханның тақта отырған биіктігі 5 метрлік зәулім ескерткіші қойылған. Хан мүсіні парасатты, өте жақсы сомдалған. Осыдан өткеннен кейін барып, Жошы ханның кесенесіне кіреді. Кесенеге реставрация жасалған. Кіреберісіне оюланған ағаш есік орнатылып, ішіне үлкен ақ мрамордан екі адамға, яғни хан мен оның жұбайына үлкен ескерткіш тас қойылған, — дейді Шөптібай Байділдаұлы.