Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тарихи тұлға тағылымы

6 июля 2021 15:27 • 272 просмотров

Өткен 30 жылға жуық кезеңге талдау жасап қарасақ, Қазақ елі шын мәнінде тәуелсіз мемлекетке айналды.

Елдің Президентіне ғана емес, етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды.

Тарихи тұлға тағылымы

Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген ерен сүйіспеншілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес Н.Назарбаевты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады.

Осылайша, сол кездегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.

Мемлекет басшысы жүргізген қайта құрулардың маңызы мен тарихи ауқымын түсіну үшін сол кездегі елдің ахуалын көз алдымызға елестетіп көрсек те жеткілікті. Кеңестік қоғамнан тәуелсіз Қазақ еліне мұраға қалған тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, кедейшілік, жұмыссыздық мәселелерінің бәрі әлеуметтік қысымды күшейте түсті, кез келген уақытта ел ішінде тұрақ­сыз­дық белең алуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ сол кездегі көптеген сая­саткер­лер мен сарапшылар еліміздің бола­шағына үлкен күмәнмен қарағаны да шын­дық. Алайда Тұңғыш Президенттің пара­сатпен жүргізген пәрменді саясаты Қазақ еліне сенімсіздік танытқан тұжы­рымдардың тас-талқанын шығарды.

Тұңғыш Президенттің еліміз үшін аса маңызды шешімдер қабылдаудағы көрегендігі, ұлттың жарқын болашағына деген қалтқысыз сенімі бәрімізді тәуел­сіздіктің алғашқы күндерінен-ақ еліміздің бағын ашқан Елбасының саясатын жүзеге асыру үшін бір тудың астына бірігу қажет екеніне көзімізді жеткізді.

Тұңғыш Президентіміз осы кезеңде тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалады, елді асқан қажыр-қайратпен басқарды. Мемлекетімізде болған барлық қоғамдық мәні бар оқиға, яғни Қазақ мемлекетінің қалыптасу әрі нығаю тарихы, экономикада және өмірдің барлық саласында қолға алынған реформаларды жүргізу, елдің сыртқы және ішкі саясатын жүзеге асыру – мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда өз еліміз ғана емес, өзге елдер де Қазақстан мен оның Тұңғыш Президенті ұғымдары бір-бірінен ажырамас біртұтас ұғымға айналды деп санайды. Бүкіл дүние жүзінде Қазақстан аты аталса, ауызға алдымен оның Тұңғыш Президентінің есімі оралады. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Өйткені Қазақстанның ел болып қалыптасуындағы, мемлекет ретінде одан әрі нығаюындағы Елбасының баға жетпес орасан зор еңбегі тарихқа алтын әріптермен жазылып қалды.

Дүниежүзілік қоғамдастық Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп таныды. Ол – татулық, қоғамдық келісім мен мемлекеттер арасындағы достыққа негізделген әлемдік тәртіп құруды берік ұстанған басшы.

Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл әлем­де бейбітшілікті, тыныштық пен тұрақ­ты­лықты сақтауға бағытталған өмір­шең бастамалардың авторы. Осы орай­дағы ұсыныстары халықаралық ұйым­дар тарапынан қолдау тауып келеді. Әртүрлі халықаралық, мемлекетаралық бірлестіктер мен ұйымдар құруға бағыт­талған өз бастамаларымен ол мемлекеттер басшыларының басым көпшілігінің, оның ішінде әлемнің жетекші елдері басшы­ларының алдында зор беделге ие болып, құрметке бөленді.

Мұның бәрі реформалық процестер­дің бастауында тұрған Елбасы тұлғасы­на тікелей байланысты екені даусыз. Қазақстан басшылығының саясаты әр­дайым бірізділік пен дәйектілікке, қи­сынға сүйенді. Соның арқасында Қазақ­стан үздіксіз жаңғыру, жаңару жолынан өтті. Тұңғыш Президент жүзеге асыр­ған реформалар айқын да нақты екі негізді тірек етті. Бұлар дамудың эволю­ция­лық қағидасын басшылыққа алу және ин­новациялық ұмтылыс болатын. Ұлттық даму стратегиясына негіз болған осы екі басым­дықтың қосындысы қазақстандық жаңғыру моделінің табысына кепіл болды.

Елбасы ұсынған «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» формуласының арқасында ғана Қазақстан экономикасы мен мемлекеттік институттарын жаңа заманға бейімдеп, жетілдіру мүмкін болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының табанды таңдауы болатын және мұның артында мемлекет пен қоғам алдындағы орасан жауапкершілік жүгі тұрған еді.

Елбасы отыз жыл ішінде жас мем­лекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бас­тады. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық формациялар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел.

Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен елдің болашақ бағдарын батыл көре білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері. Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға.

Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбі­не көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға
ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жара­тушы өз мейірі түскен ерекше жан­ның бойына нұрлы сипат дарытып, зама­наның сан ал­уан факторлары оның қай­таланбас дара болмысын сомдайды. Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір іспетті. 

Кеңестік қайта құрудың тәжірибесі сая­си және экономикалық реформалардың үндеспеуі түбі бір қатерге соқтыратынын көрсеткен. Сондықтан саяси, экономи­калық, әлеуметтік өзгерістерді бір мезетте, қоса қабат жүргізу қоғамның өз ішінде ерекше ұйымдасуды, ауызбіршілік пен орасан күш-жігерді талап етті.

Жаңғырту үшін мемлекет пен қоғамға бір сенім арқауы қажет еді. Онсыз қа­зақ­стандық қоғамның бөлшектеліп, ыдырап кетуі ғажап емес-ті. Сол бір аумалы-төкпелі жылдары жүйелік жа­ңа­ру, жаңғыру идеясының төңірегіне қоғам­дық пікірді топтастырушының рөлін Елбасының өзі атқарды. Ол өзінің мемлекет пен қоғамды дамыту ойын Қазақстанның әрбір отбасысына, азаматына жеткізуге күш салды. Қашанда қайнаған оқиғалардың ортасында, қарапайым халықтың арасында жүрді.

Ол кезде партиялық алаң мүлдем бос жатқан. Мұндай жағдайда мемлекетті сақтап қалу, кейбір посткеңестік елдер бас­тан кешкен келеңсіз жағдайға ұрынбау, билікті өзара жауласқан эли­талық топ­тардың арасындағы күрес пен бітіспес араз­дықтың көзіне айналдырмау қажет болды. Оның үстіне Қазақстан үшін этносаралық hәм дінаралық ке­лісімді сақ­тап қалу маңызды еді. Елде 140-қа тарта этнос өкілдері тұратынын ескерсек, қоғамдағы шиеленіс пен жүйе­дегі тұрақсыздық өртін тұтатуға этно­с­аралық факторды пайдаланғысы келе­тіндердің де болғаны жасырын емес. Ондай жағдайлардың неге алып келгенін сол кезеңдегі кейбір посткеңестік мемле­кеттердің мысалынан көруге болады. Бағы­мызға орай, Нұрсұлтан Назарбаев қай-қай сынға да лайықты жауап тауып отырды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру мен биліктің түрлі тармақтарының өкі­лет­тіктерін жаңаша бөлу тетігін қа­лып­тастыру осыған айқын мысал болды.

Ұлт көшбасшысының көрегендігі сонда, ол саналуан нұсқалардың ішінен ең дұрысын тап басып, таңдай білуі тиіс. Меніңше, Қазақстан тәуелсіздік алған, бір жылы бір ғасырға татитын жылдар ішінде Елбасымыз әрдайым бірден-бір дұрыс жолды таңдауды жүзеге асырды. Нұрсұлтан Әбішұлының ел арасындағы жоғары беделі, басқарушы ретіндегі баға жетпес тәжірибесі, қазақстандық социумды түп-тамырымен терең түйсініп-түсіне білуі даму стратегиясын жасаумен қатар, жаңғырту идеясын қоғамдық, жалпыұлттық жобаға айналдырды.

Тәуелсіз Қазақстанның қаз тұрып, қалыптасуының бастапқы кезеңінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің саяси кредосын белгілеп берді. Ол өзінің бір сөзінде «Қантөгіс пен бүліншілікке алып келетін демократияның бізге қажеті жоқ. Біздің демократияның негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақтылық. Өзге елдер бізді демократиялық спринт үшін қолпаштайды екен деп, біз туған халқымызға эксперимент жасай алмаймыз», дегені есімізде. Бұл әрбір мем­лекет­шіл, патриот азаматтың қаперінде жүре­тін, қағидасы етіп ұстанатын сөздер екені айдан анық.

Қазақстандағы демократиялық инсти­туттардың қалыптасуы ТМД елдеріндегі осы тектес процестермен арагідік ұқсас болғаны белгілі. Және бұл жолда бірде-бір посткеңестік мемлекет әлеуметтік-саяси қайшылықтар мен дүрбелеңдерді айналып өте алған жоқ. Әрине, Қазақстан да күркіреген 90-жылдардағы жағымсыз трендтерді айналып өткен жоқ. Со­лай бола тұра, бүгінгі күні Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың жаңғыру, жаңа­ру жолындағы елдің қалыптасуы мен дамуындағы және оның халықаралық беде­лін нығайтудағы рөлі қол жеткізген табыс­тары арқылы өзін-өзі толықтай ақтап шыққанын көріп отырмыз.

Орта таптың қалыптасуы мен кең ауқымдағы жекешелендіру, нарықтық экономика тетіктерінің қарқынды дамуы бәсекелестікке қабілетті нарықты қалыптастырып қана қоймай, саяси оң өзгерістерге де кеңінен жол ашты. Бұл Елбасының, елдің саналы таңдауы болатын.

Экономикалық және әлеуметтік рефор­малардың табысты жүруі қоғам­дық институттардың да жетілуіне, тұрақ­талуына мұрындық болды. Пар­тиялық-саяси кеңістіктің кескін-кел­беті, ара салмағы өзгерді. Ең бастысы, Қазақстандағы саяси-партиялық құры­лыстың іргетасын билік партиясы қалады. Осы ретте өзге де қоғамдық топтар өздерінің саяси ортадағы партиялық жобаларын жасауға мүмкіндік алды.

Кейіннен жаңа саяси мәдениет пен қоғамдық сананың қалыптасуы туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз құқықтық мемлекет пен соған сәйкес саяси жүйені құра отырып, мемлекет пен қоғамның өміріне демократиялық қағи­даларды өз ретімен енгіземіз. Бірақ маған бөтен тәжірибені көзсіз кө­шіру мен теориялық догмаларға сөз­сіз ере беру қоғамның толысуынан, оның эко­номикалық ахуалы мен демо­кра­тиялық қалпынан маңызды деп ешкім де дәлелдей алмайды. Біз қандай жақ­сы заңдар жазсақ та, бәрін өмірдің өзі айқын­дайды», деп атап көрсетті.

Жаңғыру үрдісінің қарқыны туралы мәселе түбегейлі өзгерістер барысында пайда болатын міндеттердің ерекшелігіне де байланысты. Қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруды тездету ісін көптеген жағдайда ұлт көшбасшысының өзі мойнына алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бас қаланы Алматыдан Астанаға ауыстыруы – мұның жарқын мысалы.

Жаңа елорда бүгінде қазақстандық жаңғыру мен жаңарудың бастауы, мемлекеттің табыстарының көрмесі тәрізді. Қазақстандағы ғана емес, күллі еуразия­лық кеңістіктегі ең бір маңызды, мақ­тан тұтарлық жоба. Мұның бәрінің сыртында Елбасының ауыр да ғажап еңбегі тұр.

Астананы ауыстыру тәжірибесі, Нұрсұлтан Назарбаевтың терең сенімі бойынша, ТМД-ның өзге елдеріне де өзекті мысал болып қалады. Шын мә­нінде, Елбасы ұсынған «Астананы дамыту арқылы мемлекетті дамыту» тезисі  –тота­литарлық экономикадан нарықтық экономикаға көшіп жатқан елдер үшін ерек­ше көкейкесті ұғым. Өнеге аларлық дүние.

Ұлт көшбасшысының рөлі қиын-қыстау, күрделі уақытта ғана емес, елдің ертеңін, болашағын айқындайтын тарихи жылдарда да өзекті бола түседі. Жаңа Қазақстан тарихы үшін Елбасының рөлі дәл сондай. Тұрақтылық кезеңінде командалық жұмыстың күшеюі байқалды. Халықтың да бірлігі, ынтымағы нығайды. Бүгінге деген сенімі күшейді. Келер күнге деген үміті арта түсті. Бүгінгі таңда ұлттық элитаның жауапкершілігі барынша артып отыр. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйенің артықшылығын көрсетеді.

Бірақ дағдарысты кезеңде, ел тағдыры сынға түскен шақтарда қабылданған шешімнің жүйелілігі мен жеделдігіне тәуелді болатын тұстарда, әрдайым жауапкершіліктің бар жүгін Елбасымыз өз мойнына алумен келеді. Мемлекет пен қоғамды әрі қарай дамытудың іргетасы, міне, осы жауапкершілікпен біте қайнасып, бірге қаланған. Қазіргі заманғы тарихтың ең бір күрделі кезеңдерінде, әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеру ісінде халық осы жауапкершілік пен қамқорлықты шынайы сезінді. Біз Тұңғыш Президентті  ұлттық стратег ретінде ғана емес, ғаламдық деңгейдегі жолбасшы ретінде тағы да таныдық.

Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің қа­лып­тасуындағы және оның ха­лықаралық беделін нығайтудағы рөлі Елба­­сының өмірлік тәжірибесінен туын­дайды. Біз 90-жылдардың соңында «Қазақстан Малайзия немесе Сингапур сияқты елдер­дің тәжірибесін пайдаланады», дейтінбіз. Ал қазір әлемдік орта­лықтардың өздері де қазақ­стандық баста­маларға ықыласпен қарайтын болды.

Қазақстандық үлгіні табысқа кенелт­кен маңызды фактордың бірі – ішкі жаңарудың құрамдас бөлігі ретінде қаралған сыртқы саясат болғаны айқын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы орасан еңбегі ел ішін­де ғана емес, әлемдік қоғамдастық дең­гейінде лайықты мойындалды. Әлемдегі негізгі, беделді саяси күштер тарапынан Қазақ­станға қатысты әрдайым реформаны тұрақты қолдайтын шешімдер қабыл­данды.

Тұңғыш Президенттің ядролық қару­дан бас тарту туралы аса маңызды шешімі – стратегиялық, көреген қадам. Соның арқасында біз өркениетті, таңдаулы мем­лекеттердің қатарынан ойып орын алдық. Әлемдік беделді мемлекеттер мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасқа мүлдем жаңа мазмұн берілді. Қауіпсіздіктің тиімді кепілдіктерін алып, күллі мүмкіндікті ішкі құрылымды дамытуға шоғырландырдық.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымы ұдайы ұлттық жобалауды жүзеге асыруға, қазақстандық қоғамды жүйелі түрде жетілдіруге бағыт­талған. Кез келген өркениетті қатынас, Шығыспен немесе Батыспен түйісу – қашанда өзара пайдалы іс. Дамудың еуропалық тәсілі қоғамдық қызметтің барлық саласына, өмір сүру сапасына, тұрмыстық қалыпқа еркін таралып жатыр. Ең бастысы, Қазақстан үшін «Еуропаға жол» айқын да нақты тұжырымдалуы шарт. Бұл жаһандық міндеттер тұрғысынан да, қарапайым адамдар үшін де түсінікті әрі тартымды болуы тиіс. Бұл идеялардың барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарларынан туындады.

Елбасының халықаралық бастама­ларының көрегендігі мен өміршеңдігін бүгінде дүние жүзі танып, мойындап отыр. Мұны үлкенді-кішілі мемлекет­ басшыларының, саяси, қоғам қайрат­кер­лерінің біздің Тұңғыш Прези­дентіміз туралы білдірген жылы лебіздері мен құр­меттерінен-ақ аңғаруға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, 2007-2014 жылдар аралығында Түркия Президенті болған Абдуллах Гүлдің Қазақстан Президентін «Түркі дүниесінің көшбасшысы – тұтас түркі әлемінің ақсақалы деп танимыз» деуінің өзі Қазақстан мен оның көшбасшысының орасан халықаралық беделінен хабар берсе керек.

Қазақстанды қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, гүлденген мемлекетке айналдыруда негізгі рөлді әрдайым «бірінші адам» факторы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атқарады. Қазақстанның тәуел­сіздігі, елдің бақуатты, бейбіт тұрмысы Елбасы есімімен тікелей байланысты. Мұны халық та, дүние жүзі де мойындайды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің билігін қолға алған 30 жылдың ішінде жаңа мемлекет құрудың барлық қиындығын бас­тан өткерді. Еңселі мұраттарды еңсеріп, толағай табысқа қол жеткізді. Қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытып, барша әлемге мойындата білді.

Елбасы – егемен еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға. Саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге. Тәуел­сіздіктің бастауындағы ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердегі атқа­рылған істеріне әділ баға беріліп, ұлт мүд­десіне қызмет еткен аса көрнекті қайраткерге, тарихи тұлғамызға шынайы құрмет көрсетіліп келеді.

Биылғы Астана күні қарсаңында Елбасы­ның ерен еңбегін жоғары баға­лай отырып, Елордада Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың құрметіне тарихи ескерткіш орнатылды. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көте­руі – заңды құбылыс. Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елін­де тыныштық пен береке орнатқан Елба­сыға алғыс белгісі және түркітілдес мем­лекеттердің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет.

Ескерткіштің салтанатты ашылуы рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ха­лықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапт­ы өзгерістердің, ауқымды рефор­ма­лардың нақты іске асырушысына және Тәуел­сіздігіміздің символына айналды», деді.

Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегі­мен, парасат-пайымымен, маңдай тері­мен жетті. Нұрсұлтан Назарбаев – қа­зақ ұлтының баршаға, күллі әлемге танылған Елбасысы. Тұңғыш Президент – елімізді аймақтық алпауыт мемлекет­тер қатарына қосқан біртуар тұлға, мемлекет қай­раткері, саясаткер ретінде тарихқа енді.

Біздің міндетіміз елдің, Елбасының амандығын тілеп, Отанымызға қолымыз­дан келгенше қолдау, көмек көрсету және өскелең ұрпақты барша жұрт мақ­тан тұтатын тарихи тұлғаның тағылы­мы арқылы тәрбиелеу болуы тиіс.

Оралхан ТҰРСЫНОВ, Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы