Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Нұрсұлтан Назарбаев: Елорда – Тәуелсіздік жылдарындағы тәуекелдің ең үлкені

8 июля 2021 15:14 • 280 просмотров

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жылдарында жүзеге асқан ауқымды әрі теңдессіз жоба – Нұр-Сұлтан қаласының салынуы. Стратегиялық тұрғыдан мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды шешімнің тиімді де нәтижелі болғанын тұтас ұлт мо­йындап, игілігін көрді.

Елорданың қазақ жерінің орталығына көшірілуі геосаяси тұрғыдан ғана емес, экономикалық, әлеуметтік жағынан да өте пайдалы болды. Қазақстанда құрылыс индустриясының жоғары қарқынмен өркендеуіне ықпал етіп, жаңа сипатқа көшуіне және ұлан-ғайыр жеріміздегі барлық аймақтардың дамуына серпін берді. Бүгінде қазақ елінің әрбір тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласына мақтанышпен, құрметпен, зор ілтипатпен қарайды. Бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылы бедерінде жүзеге асқан бірегей, ұлы жоба болды. Жобаның іске асуы кезіндегі қиын да, қызық сәттерді еске алу үшін «Qazaqstan» телеарнасынан «Nur-Sultan. Қолтаңба» деректі фильмі жарыққа шықты. Деректі фильм негізінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың журналист Ләззат ТАНЫСБАЙҒА берген сұхбатын газет оқырмандарына ұсынамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев: Елорда – Тәуелсіздік жылдарындағы тәуекелдің ең үлкені

– Аса Құрметті Елбасы! Сұхбат­тасауға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рахмет! Бүгінгі біздің әңгімеміз сүйікті қаламыз туралы болмақ. Өзіңіз білесіз, астананың қазіргі керемет келбетіне тамсанбайтын адам жоқ. Қаланың бас архитекторы әрі авторы өзіңізсіз. Астанаға байланысты жоспарларыңыз түгел іске асты ма? Қаланың бүгінгі көрінісіне көңіліңіз тола ма?

– Астана құрылысының бастал­ған күнінен айтатын болсақ, қазір дүние­жүзіне белгілі шаһар болды. Сарырқаның төсінде осындай қала орнаттық. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қарай сәулетті, Еуропа және Азияның архитектурасы мен мәдениетін жинаған, қаланың тұрғындары да, қазақстандықтар да сүйетін белгілі қала болып шықты. Осы қаланы салуға бар ойымды, күш-жігерімді салдым. Ел аралап жүргенде ылғи көз салатыным солардың ғимараты болатын. Еуропа, Шығыс, Қытай, Испания, Италияның архитектурасы үйлесім тауып, келген адамдардың көз жауын алатын әсем қала болып қалыптасты. Естеріңізде болса, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді қабылдады. Сол шешімің алдында, 1993 жылы осында келгенде Есілдің үстінде жалғыз көпір болатын. Байқасаңыздар, Есілдің оң жағы екі метрге биік болып келеді. Сол жағы төмендеу, сондықтан су басып, саз болып жатады. Сол кезде осы жерде шағын аудан болады дедім. Сөйтіп Самал мөлтек ауданын құрдық. Жанымда болған сол жылдардағы облыс әкімі Андрей Браун үйлердің батпаққа батып кетейін деп тұрғанын, аудан салудың мүмкін еместігін айтқан еді.

– Сіз бір сұхбатыңызда ел астанасы ретінде бірнеше қаланы, Көкшетауды, Қарағандыны қарастырғаныңызды айтып едіңіз…

– Елорда тұрғызуды біз қаражат қат, мүмкіндік жоқ қиын заманда бастадық. Шешім қабылдау оңай болған жоқ. Әрбір қаланы қарастырдым. Ең біріншісі Алматы болды. 1929 жылы Қызылордадан астананы ауыстырған кезде Алматыдан солтүстікке қарай 70-80 шақырым жерде, Қапшағай электр стансасының батыс жағынан қала салып бастаған екен. «Астана» деген стансаның жазуы да тұр. Есептеп санағанда тұрғын үй, жол, жылу, су құбырын салу үшін өте көп қаражат керек болды. Одан да жаңа жерден салайық деп, көзім 20 жыл жұмыс істеген Қарағанды қаласына түсті. Жерінің асты қазылған, өзен жоқ. Содан кейінгі қолайлы қала Ақтөбе еді, бірақ батысқа қарай кетіп қалатын болдық. Елдің астанасын орталыққа жақындату жоспары болғандықтан осындай шешімге келдім және бұған өкінген емеспін. Аязына шыдамай біраз шенеуніктер қайтып кетті. Қазір елорда елдің басын біріктіріп отыр. Қазақстанның әр түкпірінен құрылысшылар келіп жұмыс істеп, тұрақтап қалды. Әр облыстың адамдары бар. Мен соған өте қуанамын. Қазір елордада республика халқының 7 пайызы тұрады. 1997 жылмен салыстырғанда халық саны 4 есеге артты.  Бүгінде қала тұрғындарының саны – 1 миллион 200 мың.

– Бір сұхбатыңызда сол кезде Сізді халықтың бес пайызы ғана түсініп, қолдау білдіргенін айтып едіңіз…

– Бұған түсіністікпен қарауға болады. Кеңес Одағы құлап, жеке қалып, зейнетақы, мұғалімдерге, дәрігерлерге жалақы төлейтін қаржы жоқ кезең еді. Сол уақытта саяси тағдырымды бәйгеге тіктім. Қазақта «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің», деген сөз бар. Осы жылдардың ішінде талай тәуекелге бардым. Тәуекелдердің ішінде ең үлкені – осы астананы салу болды. Ойлағанымның бәрі орындалды. Ішкі түйсік деген бар. Бір күні түсімде анам марқұм екі жағында екі жолбарыспен келіп тұр екен. Жаңағы жолбарыс басын көтеріп, «барлығы дұрыс болады, қорықпа, жаса», деді. Осы маған біраз жігер берді. Бұдан кейін ешнәрседен қорыққан жоқпын. Бұл біздің қазақы ырымшылдығымыз, көңіліміз.

Елорданы саларда талай қаланы аралап шықтым. Австралиядағы Канберра, Бразилияның бұрынғы орталығы, Анкара бар. Солардың барлығын аралай келе, конкурс жарияладық. Конкурсқа 50 елдің сәулетшілері қатысты, оның ішінде АҚШ, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, өзіміздің сәулетшілер болды. 50 жобаның ішінен 27-і таңдалды. Содан кейін қазылар алқасы жиналып, Жапонияның Кисе Курокава деген әлемге белгілі архитекторының нұсқасын қабылдадық. Шын мәнінде қазір Курокава жасаған архитектурадан ұзын көшеден басқа көп ештеңе қалған жоқ.

Қазақстан астанасын салуда бюджетке салмақ түскен жоқ. Қаланың 80 па­йыздан астамы отандық және шетелдік инвесторлардың есебінен бой көтерді. Тіпті кейбір мемлекеттік маңызы бар нысандарды әлем елдерінің көшбасшылары сыйға тартты. Астананы ауыстырған кезде қала аумағы 24,8 мың гектар болды. Тұңғыш Президент жарлығына сай оның шекарасы 2000 жылдан бастап үш рет ұлғайтылып, 79,7 мың гектарға жетті. Сарыарқа, Алматы аудандарына Есіл мен Байқоңыр аудандары қосылды.

– Көбі қаланың тығыз орналасуын, кей көшелердің тарлығын Курокавамен байланыстырады..

– Біріншіден, біздің бәріміздің ойы­мыз бойынша, бұл 500-600 мың тұрғыны бар әкім­шілік қала болуы тиіс еді. Вашингтон сияқты басқарушы қала құру жоспарымыз болған. Бірақ біздің айтқанымыз келмеді. Қазір 1 млн 200 мың адам тұ­рады. 2030 жылға қарай тұрғындар саны 2 мил­лионнан асады. Қаланың өз өмірі бар, оны ешкім тоқтата алмайды. Шектеуге әрекет жасауға болмайды. Мексика аста­насында қазір халық саны 20 мил­лионнан асып кетті, қанша шектейміз деп шара қолданғанымен, тоқтата алмады. Қала болғаннан кейін халық саны көп болғаны да дұрыс. Сауда жұмыс істейді, мәдениет орындарына баратындар, туристер, жұмыс орындарының саны көбейеді. Екіншіден, туу көрсеткіші артады. Мектеп, балабақша салынады.

Тар көшелер ескі қалаға тән. Кейінгі кезде көшелер 6-8 жолақты болып салынып жатыр. Кейбір жерде кеңейтіп жатырмыз. Кисе Курокава үйлерді Бетховеннің музыкалық иірімдері сияқты жоғары, төмен етіп салуды, екіншіден, симбиоз – қала мен табиғаттың араласу идеясын ұстанды. Қазір Есілдің екі жағалауы орман болды. Әр жерден саябақтар салдырып жатырмын. Келген қонақтар үйлерден басқа ешнәрсе жоғын айтатын. Архитекторларға үйлерді сұр тас­тармен қалай берсек, қыстыгүні қаланың көркі кірмейді деп, бояуын көк, жасыл, ақ түсті қылуды айттым.

Барлық дамыған елдерді аралап, зерттегеннен кейін елордада әр елдің қалаларының үлгісі бар. Мысалы, «билеп тұрған» «Northern Lights» тұрғын үй кешені Қатар елінен. Қытайдың бір ғимаратында 10 мың адам отыратын зал бар екен. Соған қарап, 3 мың адамдық орны бар Тәуелсіздік сарайын салдық. Оның ішінде талай халықаралық жиын­дар өтті. Жанына Ұлттық музей тұрғызылды. Қалай десек те, мәдениет ошақтары керек. Опера театры болмаса, қандай астана болуы мүмкін деп «Астана Опера» театрын салдық. Ол тек мәдениет нысаны емес, адамдарды тәрбиелейтін орын. Ғимаратты саларда көп ізденістер жасадық, түрлі жобалар қарастырылды. Ұсыныстардың көбі модерн стилінде болды. Сингапур, Париж, Вена театрларын көргеннен кейін опера театры классикалық үлгіде болуы керек деп ойладым. Меніңше, қазіргі жобасы өте әдемі. Еуропадан келгендердің өздері де таңғалады. Құрылысы аяқталып қалған кезде кірсем, фойесі төмен екен, оны қайтадан 2,5 метрге көтерткіздім. Спектакльдің үзілісінде жүргендерді жоғарыдан көрсең, керемет.

Астананы салған кезде тек әр елдің архитектурасын аралап қана қойған жоқпын, басшыларынан жаңа астананы тұрғызуға қолдау көрсетуді сұрадым. Дипломатиялық мүмкіндігімнің нәтижесі болар, бәрі көмектесті. Сауд Арабиясының королі қайтыс болып кеткеннен кейін, тақ мұрагері Сұлтан ханзада келді. Парламент, Сенат үйін тұрғызуға көмек керегін айттым. Салатын жеріне келсек, қамыс, саз, басқа ештеңе жоқ. Осы жерге саласыңдар ма деп таңырқады. Қазір сол орында тұр. Ақорданың тұрған жері де саз болатын. Резиденцияны саларда көп ойландық. Испанның архитекторы әйнектен салуды ұсынды. Ұзақ саралай келе бұл да классикалық үлгіде болуы керек деп шештім. Менің ойымша, сәтті шықты. Келешек ұрпақ тағы бір сарайлар салғыза жатар.

Кувейт әмірі қазіргі Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің ғимаратын салуға көмектесті. Сөйтіп әр жерден көмекке 400 миллион долларға жуық қаражат түсті. Тәуекел деген – осы. Көңілің дұрыс болса, арманың орындалады.

– Қала адамдар үшін жайлы болуы керек деп айтып отырсыз. Өзіңіздің бастамаңызбен 90 мың гектар жерге орман егілді…

– Бастапқыда астананың тұрғындары, ботаниктері бұл жерде орман өспейді деді. Бидай өскенде, ағаш неге өспесін. Сөйтіп, ағаш отырызуды бастадық. Менің сол кездегі арманым – Көкшетаудың төңірегінен бастап үлкен орманды алқап жасау еді. Қазір дәл осылай болды. 90 мың гектардың 15 мыңы қаланың ішінде. Жыл сайын тікұшақпен аралап көремін. Мұның бәрі қыста бораннан қалқан, жазда ыстықтан сая. Нью-Йорктың дәл ортасында саябақ бар, соған қарап, 100 гектар жерге Ботаникалық саябақты салдырдым. Мұның бәрі халықтың өміріне қолайлы болсын деп жасалып жатыр.

Қалаға қорған болған «жасыл белдеу» жобасы алғаш 1997 жылы қолға алынды. Ал сол жылы егілген көшеттер көп ұзамай жасыл алқапқа айналды. Жасыл белдеудің көлемі 2013 жылы 70 мың гектар болса, қазір 90 300 гектарға жуықтады.

– Болашақта Нұр-Сұлтан қаласы­ның экологиясы өзгеруі тиіс. Себебі жасыл аймақтармен бірге қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету қарқынды жүруде. Елордаға табиғи газ өзіңіздің бастамаңызбен тартылып жатыр. Болашақта қала тұрғындарына тағы қандай игіліктер жасалады?

– Оңтүстіктен мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Газ тек қана астанаға емес, Қарағандыға, Жезқазғанға, Петропавлға, Көкшетауға дейін баратын болады. Қазір елордалықтарды газбен қамту үлесі 30 пайыз болса, келесі жылы толық газдандырылады. Содан кейінгі негізгі мақсат – электр жүйесінде тұрған жылу және электр орталықтарын газға ауыстыру. Себебі кейінгі кездері қаланы түтін басып кететін болды. Мұны жою үшін қазандықтардың бәрін газ құбырына ауыстырамыз. Бұл жұмыстар биыл, келер жылы жасалады. Одан кейінгі ең қажетті жағдай – баспана. Биыл 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.

– Мына сөзіңізден осы күнге дейін әрбір ғимаратты қадағалап отыр­ғаныңыз көрінеді. 20-30 жылдан кейінгі астананы қалай елестетесіз? Қандай болғанын қалар едіңіз?

– Кейінгі 20 жылдағы менің бар махаббатым – осы қала. Көзім түскен жерді жөндеңдер деп айтып отырамын. Қала әкімімен жиі кездесемін. Дегенмен кейде дұрыс жасалмай жатқан кезде қынжыламын. Бұл қалада сәулетті ғимараттар көп болуы керек, әр әкім өзінің ізін қалдыруы керек. Ойдан шықпайтын мәселе, қазіргі бір қабатты үйлерден тұратын қалашық бұрын қаланың сыртында болатын, бүгінде ортасына кірігіп кетті. Барлық жерде мұнаралы нысандар болмаса да, қаланың ортасында елордаға лайықты ғимараттар болуы керек.

– Елордадағы өзіңізге ерекше ыстық орталық, нысан қай жер?

– Астана ең алғаш 1998 жылы елдің ордасы болды деп дүниежүзіне жарияладық. Сол кезде «Конгресс-Холлда» 11 елдің басшыларының қатысуымен жиналыс өтті. Сол жиынға байланысы Президент резиденциясын тез арада салғыздым. Себебі қонақтарды қабылдайтын орын, қонақүй болған жоқ. Елорда қазір қайда барсам да қайтып оралғым кеп тұратын мекенге айналды. 20 жылдан бергі арманым, ойым осы қалада, мен үшін әрбір ғимараты ерекше. Алғашқы жылдары министрлер мен шенеуніктер демалыс бола қалса, Алматыға кететін. Кейін барлық жағдай жасалды. Әрине, қала емес, ең алдымен еліміз жайында айту керек. Жоқ жерден дүниежүзіне әйгілі мемлекет жасадық, еңсесін көтердік, тәуелсіз ел болдық, шекарасын шегендедік. Нағыз мемлекет қалыптасты.

– Шынымен 30 жылда жаңа мемлекет қалыптастырдыңыз. Жаңа қоғам құрылды. Сіз үшін Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі неде?

– Ең басты жетістік – Тәуелсіздікті орнатуымыз. Ол үшін елдің бірлігі, қолдауы керек еді. Сол бірліктен ажырамасақ, талай биіктерді бағындыратын боламыз. Елорда – Тәуелсіздіктің тұғыры. Келер ұрпақ егемендікті бағалап, көзінің қарашығындай сақтап қалатын болса, үлкен арманның орындалғаны сол. Ең бастысы, мемлекет құрдық. Маған осындай жүк артылды, халық сенді, қолымнан келді.

– Астананы сіз кезінде ұлттық идея деп жарияладыңыз. Бұл ойы­ңыз толығымен іске асты. Ендігі арма­ны­ңыз қандай?

– Егер арман болмаса, өмір сүру қиын. Астананың келешегі қандай болатынын болашақ ұрпақ көрер. Қала әрі қарай өсіп-өркендейтін болады, халқы 2-3 миллионға жетеді. Сөйтіп, үлкен қалалар қатарына қосылады. Қазіргі күні әлем экономикасының 50 пайызы дүниежүзінің ең үлкен 300 қаласына тиесілі. Сарапшылар пікірі бойынша, ондай қалалардың қатары келешекте 600-ге жетеді. Яғни онда әлемнің бүкіл экономикасы болады.

Себебі ғылым, мәдениет, өнер, мамандар сол үлкен қалаларға шоғырланады. Бұл қатарға Еуропа мен Азияның ортасындағы елорда да кіруі тиіс. Арман – сол. Оны келешек жастар көреді. Әр нәрсенің, адамның да, істің де нағыз бағасын беретін – уақыт, тарих.

– Жарты жыл бұрын Ұлттық арнаға берген сұхбатыңызда елімізде басты назар ғылым мен технологияның дамуына бөлінуі керек деп айттыңыз. Соған жауап ретінде QazVaс вакцинасы шықты.

– Қазір бізде медициналық-фармацевтикалық хаб құру мүмкіндігі бар. Тек қана өзімізде шығармай, көршілерді де сол дәрімен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде жасанды интеллект бірінші орынға шығып отыр. Алматыда осы бағыттағы университет ашуды қолға алып жатырмын. Оның деңгейі Назарбаев Университет сияқты болады. Екінші мәселе, ауыл шаруашылығын дамыту. Саланың үлкен болашағы бар. Ауыл шаруашылығы бағытында өндірісті қолға алып, сыртқа экспорттау арқылы мемлекетке қаржы келтіруге болады. Сондықтан жастарға ең алдымен айтарым – білімді болу. Қазір ғылым-білімнің заманы. Ұрпақ соған қарай ұмтылуы керек, сапалы білім алуы керек. Бәріне бірдей университет бітіру мақсат емес. Дүниежүзінде университет бітіргендердің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Ең бастысы, қандай мамандық алса да, соның білгірі болу. Екіншіден, денсаулықты сақтап, спортпен шұғылдану қажет. Денсаулық болмаса, бақытты бола алмайсың.

– Әңгімеңізге рахмет.