Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қостанай облысына келді. Министр жұмыс сапары барысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының өңірдегі жүзеге асу барысымен танысты.
Қостанайдың №1 Халыққа қызмет көрсету бөліміне бас сұққан Бағдат Мусин ХҚО-ларда эпидемияға қарсы шаралардың қатаң сақталу керектігін ескертті.
«Тұрғындар тек алдын ала брондау бойынша қабылдануы тиіс. Әрбір келушінің мәртебесі «Ashyq» жүйесі арқылы міндетті түрде расталуы қажет. Әлеуметтік қашықтықты сақтау аса маңызды және міндетті түрде антисептик құралдары болуытиіс. ХҚО-ға келетіндердің көпшілігі өз-өзіне қызмет көрсету секторына барады. Бұл сектордағы әрбір үстелге антисептик құтыларын қоюды ұсынамын. Бұл бүкіл секторға қойылатын үлкен дезинфекциялық құралға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Мәселен, адам компьютерде жұмыс істеді делік, ол кеткен соң, келесі адам келеді. Ол қолы мен пернетақтаны антисептикпен өңдеп, жұмысын істей береді. Бұл да қорғаныш шарасы», деді министр.
Сондай-ақ, Бағдат Мусин қазір Қостанайдағы №1 Халыққа қызмет көрсету бөліміне келушілердің көп екенін, сондықтан қызмет көрсету сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзын-сонар кезектің туындауына жол бермеу үшін ХҚО-ға жаңа ғимарат табу керек деген ұсыныс айтты.
Министр азаматтардың электрондық өтініштерін қабылдау және мемлекеттік органдарға жіберу алгоритмімен танысып, өтінішті жіберу мүмкіндігін жеке тексерді.
«Жаңа Әкімшілік кодекске сәйкес, азамат 15 күн ішінде өтінішке жауап алатынын білеміз. Мен Қостанай әкімдігіне өтініш жіберіп көріп, жүйені жетілдіруді қажет ететін кейбір тұстарды анықтадым. Егер азамат портал арқылы хабарлама жіберген болса, онда жауап жеке кабинетке түседі. Ал әкімдік немесе ХҚО арқылы жолданған өтінішке жауап алу үшін сол жерге қайта бару керек. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз. Сондықтан ұялы телефон арқылы жауапқа қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл өте ыңғайлы. Мәселен, тұрғындардың бірі ХҚО-да өтініш жасап, 15 күннен кейін басқа қалаға кетіп қалды делік. Ал ХҚО оған жауапты SMS-хабарлама арқылы жібере қояды. Жаңа функцияны енгізу кезінде біз қандай да бір мемлекеттік органда өтініштің қаралу кезеңін қысқартып қана қоймаймыз, сонымен қатар сол жауапқа қай түпкірде жүрсек те қол жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз», деді Бағдат Мусин.
Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеде Қазақстанда өтініштердің қаралуын бақылайтын e-Otinishэлектрондық жүйесі енгізілді.
E-Otinish электрондық өтініштер жүйесінің бас операторы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, жүйені әзірлеуші – BTS Didgital. Өтініштерді бірнеше тәсілмен беруге болады: egov.kz электрондық үкімет порталы, мемлекеттік органдар, әкімдіктер және ХҚО арқылы. ХҚО-ларда бұл үшін өтініштерді қабылдайтын арнайы пункттер жұмыс істейді.
Мұндағы мамандардың айтуынша, 1 шілдеден бері Қостанай облысының ХҚО-лары арқылы 5 өтініш келіп түскен.