Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақ тілі – мемлекетіміздің ұлттық символы

Биыл егемен еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Тәуелсіздік- киелі, қастерлі ұғым! Бүгінде мемлекет тәуелсіздігін тіл тәуелсіздігінен бөліп қарау мүмкін емес. Қазақ тілі – еліміздегі ұлт пен ұлыстарды біріктіретін факторға айналып келеді.

Ел Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев бір сұхбатында: «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Осыған орай, биылғы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен қазақ тілін насихаттауға бағытталған «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының бірінші кезеңіне еліміздегі оқыту тілі қазақ тілі емес орта мектептердің 5-8 сынып арасында қазақ поэзиясынан үзінділер оқу іс-шарасы өтті. Байқауға Қазақстанның 16 өңірінен құрамы 22 этнос өкілдерінен тұратын 326 адам қатысты. Жеңімпаз оқушылармен қатар олардың қазақ тілі мұғалімдері де марапатқа ие болды. Осындай байқаулар облыс орталығында және біздің қаламызда да өтті.

          Қазақстан Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат » атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз,» деген еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімованың бастамасын қолдай отырып, Рудныйда «Сөйле Time» жобасы жүзеге асырылды. Сәуір айында Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжде Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендикенованың, Рудный қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Елена Скарединаның, зиялы қауым өкілдері мен клубтың жаңа мүшелерінің қатысуымен «Сөйле Time» қазақ тілінде сөйлесу клубының салтанатты ашылуы мен алғашқы отырысы өтті.Құттықтау сөзінде Гүлжан Ермашқызы : « Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерем дегендерге барлық жағдай жасалған: тілдік орта бар, аймақтың аудан-қалаларында тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істеп тұр. Бұған енді «Сөйле Time» ні қосыңыз. Барлығы тегін, ниетің болса кедергі жоқ, қолдау көп. Сол себепті рудныйлықтарды клуб жұмысына белсенді араласуға шақырамын! Қатарларыңыз толыса берсін!» —  деді басқарма басшысы. Жоба туралы ақпараттар өңірлік, қалалық газеттерде жарияланды.

Жақында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына » ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарда қазақ тілін жаңаша үйретудің әдіс-тәсілдері, авторлық әдістемелер талқыланды. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба өз сөзінде: «…Тіл үйретуде, ең бастысы, тиімді тәсіл таңдай білуіміз қажет. … Аудиториямыздың өзі-сан алуан. Цифрлы дәуірдің жедел дамығаны соншалық, интернеттің өзі қалып, гаджетке ауысып жатыр. Бұл даму көші үрдісінен кейін қалуға болмайды. Бүгінгі семинар тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге тіл үйрету әдістемесі бойынша авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы мол мәлімет беруді, үздік әдістемелік идеяларды алқаға салу мен әдістемені жетілдіруді көздейді»,  деді Ә.Қаба.  

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараевтың пайымдауынша, қазіргі кезде білім саласында әртүрлі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ қоғамда оның нәтижесі жеткіліксіз екені жиі айтылады. Cебебі реформалардың ғылыми негізі тереңінен жүргізілмейді. Оқытушылар бүгінгі заман талабына сай өз бетімен ізденіп, білім алуы тиіс. Бұл оңай іс емес. Командалық әдіспен жеке әдісті ұштастыра отырып оқушыны білімге жетелеу-қазақ мектептерінде ақсап тұрған, өзекті мәселе. Ғылыми негізге құрылған, үш өлшемді жүйені қолданысқа енгізсек, оқушыларда сабаққа деген қызығушылық арта түсер еді. Бұл қазақ тілінің дамуына да үлес қосады, дейді Ж.Қараев.

Гүлмира Әбілмәжінқызының айтуынша, тіл үйренушінің тілді үйренудегі қабілеті мен ерекшелігін анықтау арқылы грамматикалық және лексикалық оқу материалдарын  «түсіну-қабылдау-ана тілімен салыстыру» тетігіне негіздеп оқыту нәтиже береді. Әр қазақ тілі мұғалімінің артында бүкіл ұлт тұр. Д.Қонаев атамыз айтқандай, қазақтың рухы мен намысын сақтау-ұстаздардың қолында. Дегенмен оларға да әдістемелік, кәсіби жағынан қолдау керек. Менің авторлық оқулығымда қолданылған қазақ тілін жеңіл үйретуге бағытталған  түрлі әдіс-тәсілдерім бар. Бірінші, дыбыстарды дұрыс айту. Қазақ тілінде бірнеше әріптің әртүрлі дыбысталуы мен жазылуы бар. Осыған баса назар аударылады.Екінші, есептік сан есімдерге тоқталу және мәтінде сан есімдердің қолданылуы. Үшінші, көптік жалғаулары жалғанбайтын сөздерді қарастыру. Орыс тілінде қолданылатын көптік жалғауларының қазақ тілінде өзгерістерге ұшырайтынын ескерту. Төртінші, тәуелдік жалғаулары. Тәуелдік жалғаулар  мен есімдіктер – қазақ тілінің «ата-анасы». Балаларға сөздікпен жұмыс жасату да өте маңызды. Жаттау, жаттығулардың орнына, оқушыларға есте сақтату арқылы қайталатқан жөн. Әр сабақ ашық сабақ ретінде өтуі тиіс. Егер жауапкерлігін сезінсек, қазақ тілі- ең оңай тіл. Тілдің дамуы сіз бен бізге байланысты, дейді әдіскер Г.Әбілмәжінқызы.

Үстіміздегі жылы  Қостанайда қазақ және ағылшын тілдерін үйрететін «Fast&Simple» орталығы ашылды. Аптасына үш рет, бір сағаттан тілдерді ақылы түрде оқытады. Орталықтың мақсаты үш айдың ішінде жеделдетілген курс арқылы қазақ, ағылшын тілінде жақсы сөйлейтін, ұлтымыздың салт-дәстүрін жетік меңгерген білімді, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру.

Қазіргі уақытта республикамыздың барлық аймағындағы корей бірлестіктерінің мүшелері мемлекеттік тілді ақылы түрде онлайн режімде меңгеруде. Біздің өңірден алты қатысушы оқып жатыр. Қостанай облысындағы корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Ульяна Кимнің мәлімдеуінше, курстың мақсаты- корей ұлтының өкілдері арасында қазақ тілінің сауаттылығын арттыру. Курстың бірінші деңгейінде қазақ тілінде ауызша сөйлесуді, екінші кезеңде сөйлем құрауды үйретеді.

Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді оқыту прцесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген тіл үйренуге арналған тегін жобаларды назарларыңызға ұсынамын. Қазақ тілін құрметтеп, меңгеруге талаптанған аймақ тұрғындарын, еліміздің жас буын өкілдерін осы сайттарды, онлайн-порталдарды, мобильді қосымшаларды пайдаланып, тіл үйренуге шақырамын.

  • «TILQURAL.KZ» — мемлекеттік тілді кезең- кезеңімен үйренуге арналған веб-сервис. Сайтта А1, А2, В1,В2, С1 деңгейлерінде қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс бар. Электронды оқулықтарды web-порталдан смартфонға жүктеуге болады.
  • «TILMEDIA.KZ»  — үштілді сайт орыс және ағылшын тілді азаматтарға қазақ тілін оқытуға арналған. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген. Сайтта латын және араб графикалары бар.
  • «BALATILI .KZ» — сайт үш жастан асқан балалардың тілдік, жазбаша және шығармашылық дағдыларын дамытуды көздейді.
  • «ABAI.INSTITUTE» — Қазақстанда және шетелде қазақ тілін оқыту бағдарламасы шеңберінде әзірленген веб –портал. Портал Android және  iOS  платформалары арқылы 6 тілде қолжетімді. 
  • «SOYLE.KZ» — онлайн — портал аудио және бейнематериалдар арқылы қазақ тілін оқытудың дәстүрлі әдістемесі. Сайтқа қазақ – орыс тілдерінің сөздігі, грамматика анықтамалығы және тестілер жүктелген. Платформада радио, балаларға бөлек бөлім қарастырылған. Осы жоба аясында «Soyle»,  «sozdik» мобильді қосымшалары, «Telegram» қосымшасында қазақ тілін үйрену үшін телеграмм – бот, «Soyle Talk» сөйлесу клубы,  «Soyle.kz» порталында «Караоке әндері,» «Сөзжарыс » ойыны, «Soyle радиосы» жұмыс істейді. 
  • «SOYLETUBE»  — YouTube  әлеуметтік желісінде қазақ тілінің үйренуге арналған бейнеканал. Фильмдерді, мултьфильмдер мен клиптерді түпнұсқада көру арқылы тіл үйренудің тиімді тәсілдерінің бірі.
  • «BALA.SOYLE.KZ» — балаларға қазақ тілін үйретуге арналған онлайн-портал.
  • Жамбыл облысының «QAZONLINE», Павлодар облысының «ANA TILI» атты қазақ тілін үйретуге арналған мобильді қосымшалары.
  • «KAZ-TILI.KZ» — Т.Валяеваның авторлық жобасы, «BAS QOSU» (facebook) – тікелей қарым – қатынас орнату мүмкіндігі бар қазақ тілі клубы.

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасында, қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді үйретуге арналған мобильді қосымшалар жұмыс істейді.

Мемлекеттік тілді білу әрбір отандасымыз үшін үлкен міндетке, қастерлі парызға айналуы тиіс. Ұлттық тіл – ұлты үшін ұлы тіл. Өз атамекенінде қазақ тілі асыл құндылық. Алайда тілімізге деген адал ниет, түзу пиғыл жетпей тұр. Тілдің жағдайы қауіпсіздік мәселесі сияқты мемлекеттің пәрменімен қорғалуы қажет. Қазақ тілі ресми ортада қолдануға болатын жай тіл емес, қазақ тілі – мемлекетіміздің ұлттық символы. Ендігі жерде біздегі іскерлік элита өкілдері мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Бірінші басшыға мемлекеттік тілді білетін азаматты қоятын уақыт келді. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басында алып жүре алмайды»,  деген Алаш арысы Әлихан Бөкейханның сөзі ойға оралады. Осыны биліктегі азаматтар, халық қалаулылары санасына берік ұстаса екен. Айталық, туыстас Түркияда түрік тілінде сөйлемесең, сені құрметтей қоймайды. Балтық жағалауы елдеріндегі орыс тілділер бүгінде эстон, латын тілдерінде еркін сөйлейтін жағдайға жетті. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев айтқандай, мәселе ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты. Тіл саясатын жаңғырту барысында жаһандану заманының ерекшеліктеріне Үкімет тереңірек мән беруі тиіс. Шындығында біздің жастарымыз шет тілін бір, бір жарым айдың көлемінде еркін меңгеріп кетеді. Сондай ұмтылыс, тілек пен ниет қазақ тілін үйрену кезеңінде де болуы керек. Таразы басын тартып қарасақ, тіл тағдыры өз қолымызда екен. Ендеше, тілдің иесі, алдымен өзіміз, отбасымыз, ұрпағымыз қазақ тілінде сөйлейік. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысайық, отандастар! Ұлы дала елінің қасиетті Тәуелсіздігі тұғырлы, мемлекеттік тілі ғұмырлы болсын!

Жақсылық Кәкенұлы, Қостанай облысының мемлекеттік

                                                      қызмет ардагері, тіл жанашыры,

                                                      Рудный қаласы