Қостанай облысында демалыс және мереке күндері «Ashyq» жобасына қатысы бар-жоғына қарамастан, барлық нысандардың жұмысы тоқтатылады. Мұндай шаралар 14 тамыздан бастап әзірге екі аптаға енгізіліп отыр, деп хабарлады Архимед Мұхамбетовтің Instagram-аккаунтында.
Қостанай облысы әкімінің төрағалығымен КВИ-дің таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда м ониторг топтарының жұмысы талқыланды. 2021 жылдың 1 маусымы мен 25 шілдесі аралығында 4 724 рейд жүргізілген, 190 карантин шараларын бұзу фактісі тіркелді. Облыста 1 627 инфекциялық (51,9%-ы бос емес) және 300 карантин төсек орны (25,6%-ы бос емес) – барлығы 1 927 орын дайындалған. Сонымен қатар бүгінгі күні облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 259 500 дозасы, екінші компонентінің 194 415 дозасы жеткізілген. Бірінші компонентті салдырғандар саны – 234 070 адам, облыс тұрғындарын вакцинамен қамту – 46,3%.
«Өкінішке қарай, облыстағы эпидемиологиялық ахуал нашар. Соңғы аптаның өзінде 1 181 адам коронавирус жұқтырды, өткен аптада бұл көрсеткіш 824 болған, жұқтыру 43%-ға өскен. Одан бөлек, барлық ұсыныстарды қарастыру кезінде Штаб 1-14 тамыз аралығына екі аптаға келесі шектеулерді енгізуге ұйғарды», — деп мәлімдеді Архимед Мұхамбетов.
Осылайша, Ashyq жобасына қатысы бар-жоғына қарамастан, демалыс және мереке күндері барлық нысандардың жұмысы тоқтатылады.
«Бұл – мәдениет нысандары, театрлар, кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану орындары. Жұмыс күндері 20:00-ге дейін жұмыс тәртібі белгіленеді. Ауданы 2000 шаршы метрден жоғары нысандардың жұмысы тоқтатылады, олардың қатарында азық-түлік емес тауарларды сататын сауда-ойын-сауық орталықтары бар. Сонымен қатар азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, жабық базарлардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, жабық спорт нысандарының, термопарктердің жұмыс істеуіне тыйым салынады», — деп қосты өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.
Облыс әкімі аймақ тұрғындарын өздерінің және жақындарының денсаулығы үшін жауапкершілік сезінуге, сонымен қатар эпидемияға қарсы шаралардың барлық ережелерін сақтауға және уақытылы COVID-19-ға қарсы вакцина алуға шақырды.