Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қазақстандық егістік күні» «Zhana Dala» / «Green Day» 2021» мамандандырылған көрмесінің аясында «QAZAQ ORGANIС FOODS» 2-ші Халықаралық конференциясы өтті.
Конференция аясында органикалық өндіріс саласындағы жетістіктер мен саланы дамытудың мүмкіншіліктері талқыланды.
Отандық және халықаралық сарапшылардың баяндамалары мен таныстырылымдары органикалық нарықты дамытудың өзекті мәселелеріне, органикалық өнім өндірудің құқықтық аспектілеріне, сондай-ақ экологиялық сертификаттау жөніндегі халықаралық және еуропалық талаптарға арналды.
Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті үлкен. Еуропалық комиссияның ресми деректері бойынша 2018-2019 жылдар маусымының қорытындысына сәйкес Қазақстан Органикалық агроазық-түлік өнімдерінің экспорты бойынша Еуропалық Одаққа мүше елдерге органикалық өнімді экспорттайтын 123 елдің ішінде 9-шы орында тұр.
Қазақстанның негізгі органикалық агроазық-түлік өнімі бидай мен зығыр болып табылады. Органикалық бидай бойынша Қазақстан Еуро Одақ елдеріне экспорттаушы елдер арасында 4-ші орында, ал майлы зығыр тұқымдары бойынша 6-шы орында тұр.
Сонымен қатар, Қазақстан органикалық мал шаруашылығының жоғары өсу әлеуетімен сипатталады, себебі негізгі мал басы еркін жайылымда, бұл органикалық өндірістің басты құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Жануарлардан алынатын органикалық өнімдердің бірегей түрлері ретінде бие сүтінен «қымыз», түйе сүтінен «шұбат» және басқа да ұлттық қышқыл сүт сусындары қарастырылуы мүмкін.
Органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың белгіленген шараларын іске асыру Қазақстан Республикасының органикалық өнімінің ішкі нарығын қалыптастыруға, оның экспортын ұлғайтуға, халықты сауықтыруға, сонымен қатар экологиялық ортаны жақсартуға және адам денсаулығы үшін қауіпсіз тамақ өнімдерін өндіруге жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Жалпы, конференция АӨК саласындағы озық әзірлемелерді көрсету, тәжірибе алмасу және отандық және шетелдік аграршылар арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту үшін тиімді алаң болды. Органикалық өндіріс өнімдері мен ауыл шаруашылығы саласындағы шешімдерді таныстырудың көрнекі форматы көрсетілді.