Ыбырай Алтынсаринның «Сәтемір хан» деп аталатын әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала далада ойнап жүріп бір аяғы ақсақ құмырсқаның үйдің төбесіне қарай өрмелеп бара жатқанын көреді. Құмырсқа үйдің төбесіне көтерілгенше, екі рет құлап түседі. Соған қарамай ол тырмысып, бар күшін салып үшінші рет ұмтылғанда барып қисая-мисая үйдің төбесіне шығып кетеді.
Сәтемір «Құдай-тағаланың жаратқан жан-жануарларының ең кішкентайы құмырсқа да тынбай жұмыс жасап жүр; өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, жығылып, сонда да қоймай, ақырында дегеніне жетті. Менің жұмыс істемей ойнап жүргенім бекер екен», деп ойланып, қалаға барады. Онда бір оқымысты адамның үйін сыпыруға жалданып, тапқан ақшасына оқып білім алыпты.
Әңгіме «Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болған» деп түйінделеді. «Қобыланды батыр» жырының Ережеп Тілеумағанбетұлы нұсқасында Сәтемір хан Қобыланды батырдың беліне қару байлап, астына ұшқан құспен тең тұлпар мінгенін, күш-қайратының тасып, Аққұртқадай сұлу да ақылды қызға үйленгенін көре алмай, оны мүлде жоқ етуді ойлайды. Сөйтіп Ноғайлының елінен қырық жігітті таңдап алып, қару-жарақ беріп Қобыландыны өлтіруге жұмсайды. «Өлтірсеңдер бесеуің бек боласыңдар, біреуің қарындасы Хансұлуды аласың, біреуің Аққұртқадай сұлуға үйленесің, қазынаға қарық болып қаласыңдар», дейді. Қобыландыға хабар жібереді. Ол батырға келіп:
…Елден қырық қашқын
қашып тұр,
Патша жаман сасып тұр.
Ханды қайғы басып тұр,
Ақылдарын шашып тұр.
Алсын деп еді батырды-ай,
Қырық қашқынның артынан
Қырық жігіт бір шықты,
Бұлар қалды бата алмай.
Өзің қуып бармасаң,
Патшаң жатыр жата алмай, –
дейді.
Аңқау батыр бұған нанып, бір өзін мыңға балап, қырық қашқынның соңынан қуады. Қуып жетіп бірін найзамен шаншып, бірін садақпен атып, жиырмасын өлтіреді. Өлмей тірі қалғандарын ұстап алып, мұрындарын тесіп, кесіп Сәтемір ханның алдынан тізіп айдап өтеді.
Мұны көрген Сәтемір хан сасып, зәресі ұшып оны енді өзі Қаратаудай, көзі шаңырақтай, мұрты сабаудай, ұрты шұбар қаптай, тістері тастан соққан қаладай Барсакелместегі Қозғалмас деген дәуді өлтіруге жұмсайды. «Қырымның қырық батыры» кітабындағы «Едіге» жырында Сәтемір қалмақтың ханы. Едіге:
Мен кетермін, кетермін,
Сәтемірдей қалмақтың
Еліне іздеп жетермін.
Сәтемірдің елінде
Шұбарды үш ай бағармын.
Осы отырған қолыңды
Ордада басын алармын.
Үш ай, тоқсан күн болғанда,
Осы ордаға жетермін,
Келерде хабар етермін, –
дейді.
Венгрия Ғылым академиясы Этнография институтының ғылыми қызметкері, доктор Дәуіт Қара Шомбай «Дала мен қала» газетінің тілшісі Ақеділ Тойшанұлымен сұхбатында:
«Мен «Едіге» жырында аты аталатын басқа жұрттарды арнайы зерттедім, – дейді. – Мәселен, «Қырымның қырық батырындағы» Едігенің жауы қалмақ деп аталады. Бірақ тексерсеңіз, Алтын Орда дәуірінде қалмақ пен қазақ соғыспаған. Міне, қызықты жайт, айталық Едігенің басты қарсыласы Сәтемір ханды жыршы қалмақ деп таныстырады. Ал шын мәнінде Сәтемір маңғыт руынан шыққан нәсілі түркі, әйгілі қолбасшы Ақсақ Темір емес пе?! Осындай тұсқа келгенде еуропалық көптеген ғалымдар қате пікір айтады. Қазақ эпосындағы қалмақты жоңғарлар деп ұғатындар бар арамызда. Бүкіл қазақ жырларында жаудың барлығы қалмақ деп айтылады, бұл – шын мәнісінде фольклорлық санадағы типтік жау. Тереңірек зер салсаңыз жырларда негізінен кәпірлер мен елдің сыртқы жауының барлығын қалмақ деп атау қазақ эпосындағы формуланың бірі болу керек».
Сәтемір – Ақсақ Темір, Орта Азияның билеушісі. Халық Әмір Темір, Темірлан деген. Орта Азияны билеп тұрған заманда оны және оның ұрпақтарын ұлықтай түсу мақсатында сол кездегі ғылым, білім тілі – парсыша Әмірзада деп те атаған. Әмір – қазақ тілінде бұйрық, жарлық, үкім, билеуші, зада – нәсілі, тұқымы, негізі жақсы адам дегенді білдіреді. Түркі тайпалары өз тілдерінің заңдылықтарына орай, «Әмірзада» сөзінің екі жағындағы дыбыстарды келе-келе «жұтып қойып» мырза дегенді ғана айтатын болған. Дулат тайпасынан шыққан қазақ Геродоты атанған тарихшы ғұлама ғалым, ақын әрі мәмлегер/дипломат/ Мырза Мұхаммед Хайдари /1499-1551/ өзін Мырза Хайдар деп қысқаша атағанды қалаған. Бабыр /1483-1530/ оны Хайдар Мырза деп көрсетеді. Ал Мырза Мұхаммед Хайдарға бабасының есімі беріліпті. Бұдан мырза сөзінің Әмір Темір заманынан бері айтылып келе жатқанына көз жеткізе түсеміз.
1927 жылы Қ.И.Сәтбаевтың алғы сөзімен КСРО халықтарының Орталық баспасынан қазақ тілінде араб әрпімен теріліп басылып шыққан «Едіге» жырында да Сәтемір – өзге елдің ханы.
Едіге Сәтемір ханның қызын іздеп келе жатып бір көк шатырға кездеседі. Астындағы атын қасында бірге келе жатқан 17 досына қалдырып шатырға келсе, өзі іздеп жүрген Сәтемір ханның қызын Дәудің ұлы Қабантын алып келе жатыр екен. Қыз Едігеге Дәудің ұлы зорлықпен алып келе жатқанын айтады. Едіге алыпты өлтіріп, қызын аман-есен Сәтемір ханға алып келеді. Сәтемір үлкен той жасап, қызын Едігеге қосады. Айы жетіп, күні толған соң ол ұл туады. Оның атын Нұралын деп қояды. Нұралын айбатты да қайратты батыр болып өседі. Екеуінің арасында түсініспестік те болып, кейін әкелі-балалы батырлар бір-бірімен табысып, татуласады.
Қ.Сәтбаев осы «Едіге» жырының алғы сөзінде Едіге батырдың әңгімесін Шоқан Уәлиханов бірінші рет 1841 жылы Аманқарағай округіндегі «Күрлеуіт қыпшақ» тобынан шыққан Жұмағұл дейтін ақыннан естіп, Жұмағұлдың айтқандарын тағы да заты қыпшақ Арыстанбай деген ақынның сөзімен салыстырып, әкесі Шыңғыс екеуі 1842 жылы қағазға түсіргендерін айтады.
Ы.Алтынсарин «Едіге» жырының бұл нұсқасын естіген де, тіпті оқыған да шығар? Өйткені екі жыршы да, қыпшақ руынан, Аманқарағайдан, рулас, жерлестері, Ыбырай олармен таныс та болуы мүмкін.
Сондай-ақ Қ.Сәтбаев «Жырда кездесетін кірме сөздердің бәрі де пішіндерін бұзып қазақшаланып кеткен. Мысалы: Шатемір-Сәтемір» сияқтылар», дейді.
Шад – парсы тілі, қазақша – қуаныш, шат деген ұғымды білдіреді. Яғни Сәтемір емес Шат Әмір — қуанышты билеуші болуы мүмкін. Өйткені парсы тілінде темірді «аһән» дейді. Темір деген сөз жоқ.
Ғалым «Едіге батырдың әңгімесі XIV ғасырдың ішінде басталуы керек», деп ол кезде «қазақ» елі өз бетінше жеке отау тікпегенін, бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан-байтақ жерде түрлі түрік қауымдары ерсілі-қарсылы жөңкіліп көшіп жүргенін, бұл қауым Ақ орда, Көк орда, Алтын ордаға бөлінетінін баян етеді. Сөйтіп, Ұлы хан Алтын ордада тұратынын, жырдағы Тоқтамыс – осы Алтын орданың ең соңғы ханы, Сәтемір – атақты Ақсақ Темір екенін айтады.
Әмір Темір (1336-1405) – Темуридтер империясының негізін қалаған айтулы, ерен тұлға. Жоғарыда Мажарстан ғалымы «Маңғыт руынан шыққан» депті. Шындығында ол Барлас руынан шыққан. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Барлас руы түркі тілдес тайпаларға жатады. Олардың ұрпақтары өзбек халқының құрамында. Барластар Шыңғысхан жорығы тұсында Моңғолиядан Орта Азияға қоныс аударған. Әмір Темірдің арғы атасы – Қаражар, одан Ижил, одан Әйлеңгір, одан Берекел, одан Мұхаммед Тарағай, одан Әмір Темір.
Темір барластардың бір бөлігінің бегі еді. Кейін өзіне басқа бектерін қаратты, Шағатай ұлысының хандары – Моғолстанның билеушілеріне қарсы көтеріліс бастаған. Темір басқарған жігіттер керуендеріне шабуыл жасаған, сондықтан оны жасында баспашы болды дейді. Бектердің бегі болып, Шағатай ұрпақтарынан тәуелсіз мемлекет құрған. Бірақ Шыңғысханның тікелей ұрпағы болмағандықтан, өзінің лауазымы «хан» емес, «әмір» еді.
Ыбырай әңгімесінде «хан» делінеді. Балаларға түсінікті болуы үшін әрі көне эпостарға сүйеніп солай атаған болуы керек.
Әңгімесінде суреттелген құмырсқа ақсақ. Соған қарағанда, ұлы ұстаз Ақсақ Темір өмірі мен іс-әрекетінен жақсы хабардар болған. Яғни Ақсақ Темірдің бала кезінен ақсайтынын білгенге ұқсайды.
Темір жайында аңыз-әңгімелер де, деректер де көп. Солардың бірі Ибн Арабшахтың дерегінде әкесі кедей ұста екен, Темір қой ұрлап жатқан сәтте оған садақтың жебесі тиіп жараланғандығы туралы айтылады.
М.М.Герасимовтың Темір мәйітін зерттеу қорытындысы бойынша оның бойы шамамен 172 см құрағанын және физикалық жетілген өте мықты тұлға болғанын, аяғы бала кезінде құрт ауруымен (туберкулез) ауырғандықтан бүгілмей қалғанын көрсетті.
Ыбырай шығармасында Сәтемірдің жасында бір ауқатты адамның үйін сыпыруға жалданғаны әңгіме болады. Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі: «Атақты «Зафарнаманың» (жеңіснама) авторы Шараф ад-Дин Иазуи (?-1454) Ақсақ Темірдің құрамында Қожа Ахмет Ясауидің де ғимараты бар арнайы қорға (вакуф-Ә.Д.) арнап қолхат қалдырғанын айтады, – деп жазады. – Онда ол қорды «ешқандай» жағдайда сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруға, қандай болмасын сылтаумен базбіреуге сый ретінде уақытша немесе түбегейлі беруге болмайтынын қатты ескерткен.
Қолхатта қорға тиесілі жерлер ауқымы белгіленіп, одан түскен табысты бөлу жайлы да дәл айтылған. Кіріс, табыстың бір бөлігін Ақсақ Темір Әзірет Сұлтанға, яғни Қожа Ахмет Ясауиге бейсенбі, дүйсенбі күндері Құран оқитын екі қарыға беруге бұйырса, ал кесененің іс жүргізушісі (Мутауалли-Ә.Д) етіп ұлы ақын ұрпақтарының бірі Мір Әлі Қожа шайқыны тағайындаған. Даңқты қолбасшы кесененің су тасушысы мен сыпырушысы, бағбан, шырақшыларының міндеттері туралы айтуды да естен шығармаған».
Әмір Темір осы аманатында «Бұл қасиетті зират жанында жергілікті жамағат ішінен су тасушы және сыпырушының міндетін атқаратын екі адам болуға тиіс. Олар бұл міндетті қолынан келгенше мүлтіксіз, мінсіз атқарып, орындарында дайымы болып, өз істеріне қамқорлықпен қарауы қажет», – десе, тағы бірде: «Осында айтылған шарт бойынша қорды айтылмыш шайқы Мір Әлі қожа мұқият және мүлтіксіз басқарып, екі қарының күнкөрісі үшін жыл сайын астық өнімінен 150 батман бидайлық азық-түлік сушы, бағбан, сыпырушының әрқайсысының күнкөрісі үшін бөлінсін», – деп аманаттауы да Ыбырайдың «Сәтемір жасында сыпырушы болды» дегенін растай түсетін сияқты.
Әмір Темірдің бұйрығымен 1396-1399 жылдары Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған Түркістандағы кесене – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштерінің тамаша туындысы.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, ақын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры