Тобыл қаласында Тәуелсіздік аллеясының ашылу рәсімі өтті. Мәдени демалыс орнын салуға аудан кәсіпкерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаражат жинап берді. Жоба «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Мұндағы жұмыс мамыр айында басталған. Бұрын бұл жерде шағын сахна тұратын. Енді орталыққа сән беретін орынға айналды. Қарағай, шырша көшеттері отырғызылды. Жарықшамдар орнатылып, кеспетастар төселіп, орындықтар қойылды. Елдіктің символы – көк байрағымыз желбіреп тұр.
Аллеяны ашу құрметі жергілікті меценат Иван Вечтейнге және тәуелсіздік құрдастары – Рүстем Бейішов пен Еркегүл Тоққожинаға берілді. «Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында, «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламалары аясында ауданымызда осындай нысандар көптеп ашылып жатыр. Әлеуметтік орындар жаңғыртылып, ауыз су, жол мәселелерінің шешілуі – мемлекетіміздің қарқынды, тұрақты дамуының дәлелі. Әр қазақстандық еліміздің 30 жылдық мерекесін болашаққа деген сеніммен, жетістіктермен қарсы алуға тиіс. Баршаңызға толағай табыс, мықты денсаулық тілеймін», — деді Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов нысанның ашылу салтанатында.
Игі іске үлес қосқан азаматтарға аудан әкімі алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.