Қазақстан республикасы Коснтитуциясы күніне орай Арқалық қаласында бірқатар әлеуметтік нысан қолданысқа берілді. Мәселенқарасты Дорожник шағын ауданында шағын футбол алаңы мен көше тренажерлары кешені ашылды.
«АБС Жарколь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Лузин Борис Степановичтің 8 млн. теңге қаражатына мұнда жасанды футбол алаңы төселіп, қоршалып, жарықтандырылып, көше тренажерлары кешеніне келушілердің шынығуына қажетті көптеген құрылғылар орнатылды. Бұл кешеннің де керме жібі салтанатты түрде қиылып, шашу шашылып, ауыл азаматы алғысын айтып, алаңның ашылу салтанаты футбол ойынымен жалғасты.
«Салауатты өмір салты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен үш бірдей спорт алаңы пайдалануға берілді. Яғни, орталық саябақта шағын футбол, волейбол мен баскетбол алаңдарының керме жібі қиылды. Салтанатты шара қаламызбен қатар Амангелді, Жангелдин және Жарқайың аудандарының құрама командалары арасындағы футбол, волейбол және үстел теннисі жарыстарымен жалғасты.
Қаламыздағы рухани – мәдени нысандардың қатары «Тәуелсіздік аллеясымен» толықты. Мұнда биіктігі 18 метр болатын тутұғыр орнатылып, оған мемлекеттік рәміздеріміздің бірі көк туымыз ілінді. Биіктен желбіреген 3 метрлік мемлекеттік туымызды көрген кім – кімнің болмасын, рухы көтеріліп, кеудесінде мақтаныш сезімі оянатыны анық. Сонымен қатар аллея ішіне тәуелсіздігімізге қатысты басты, маңызды ақпараттар ілініп, келушілер үшін орындықтар орнатылған. «Тәуелсіздік аллеясы» «Арқалық көмір» ЖШС басшысы Аяп Сағидолла Жанпейісұлының 3 млн. теңге қаражатына және «Сұлтан» ШҚ басшысы Екатерина Деменинаның демеушілігімен салынған. Осылайша, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына үлкен сый жасаған кәсіпкерлерге қала әкімі алғысын айтып, басқа да шараларға демеуші болып жүрген азаматтарға салтанатты түрде алғыс хатын табыс етті.
Шарада Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, қаламыздың құрметті азаматы Кәки Ақан, мемлекеттік қызметшілер арасындағы байқаулардың жеңімпазы Азатхан Шоқпатов әнұранымыздың әуенімен көк туымызды 18 метр биікттікке салтанатты түрде көтерді.
Конституция күні қарсаңында қала бойынша бірқатар нысандар салтанатты түрде ашылып, тұрғындардың мерекелік көңіл күйін еселеді.
Алғашқы нысан қалаға Амангелді, Жангелдин ауданы жақ беттен кіреберісте орналасқан қақпа. Биіктігі 7, ені 12 метрге жететін қос күмбезді, ұлттық нақыштағы еңселі нысанды «Сейтжанов» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сейтжанов Ерден Социалұлы өз қаражатына салып берді. Нысанның ашылу салтанатында қала әкімі Әмірхан Асанов бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Арқалық қаласының 65 жылдығы және Конституция күні қарсаңында қалаға кәсіпкер тарапынан үлкен сый болғанын айтып, Ерден Социалұлына алғысын білдірді.
Сонымен бірге «Қазақстан 2050» стратегиясында көрсетілген «Салауатты өмір салты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, «Nur Otan» партиясы Арқалық қалалық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Молодежный шағын ауданында шағын футбол алаңы мен көше тренажерлары кешені пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражатқа мұнда жасанды футбол алаңы төселіп, қоршалып, жарықтандырылып, көше тренажерлары кешеніне келушілердің шынығуына қажетті көптеген құрылғылар орнатылды. Кешеннің керме жібі салтанатты түрде қиылып, ауыл тұрғыны ризашылығын білдіріп, кешеннің ашылу рәсімі футбол, волейбол ойындарымен жалғасып, қала әкімі жас спортшыларға доптарды сыйға тартты.