Көтерілісшілер жазалаушы патша әскеріне қарсы жүргізген шайқастарда Мыңбасы Қосжан батырдың ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен шайқасы – осы өз мекені түбінде өткен Доғал соғысы. Зеңбірек, пулемет, винтовкамен қаруланған подполковник Тургенев бастаған халықтың айтуынша ұзын саны мың адамдық құрама қосын Құмкешуде сарбаздарды ығыстырып, көтеріліс орталығы Батпаққара мен Үрпекке бет алады. Осы шайқаста майдан төңірегіндегі жағдайдың ұшынуын аңдаған сардар Амангелді екі жүз елудей мергенді өзен жиегіндегі қалың тоғайдың тасасына тосқауылға қалдырып, суық қарулы сарбаздарға шегінуге бұйырған.
Сарбаздардың бір тобы өзен табанымен жар қабақты, қалың жынысты қалқалай шегініп, үлкен бір тобы өзеннің жел жақ бетіндегі қалың қасаба қарды жарып өтіп, ашық далаға қарай көріне қашқан. Зеңбірек, пулеметтен, винтовкадан оқты қарша боратқан солдаттар оларды өршелене қуып, алғашқы легі тасада жатқан мергендер оғына душар болған. Патша әскері алғашқы қарқынынан қайтып, шегініп, оқ жетпестей жерге барып, тағы да зеңбірекпен атқылай бастаған. Осыны пайдаланып, сарбаздың негізгі топтары қоршау қаупінен шығып үлгереді. Енді зеңбірек оғы астында қалған мергендер тобының шегінуіне тура келеді. Олардың да негізгі тобы өзен бойымен шегініп үлгеріп, сардардың арнаулы тапсырмасымен бір топ мерген тағы да тосқауылға қалады. Осы арада сардардың бұйрығымен өз мыңдығын қырға қарай шегіндірген Қосжан соңғы сарбаздарын өзен жағасынан шығарып, өзі солардың соңын ала кетпек болды. Бірақ, зеңбірек оғы жағаға шыққан сарбаздарды қуалай атқылайды. Өзен табанында жасырынған мергендерінің тобы да шегінеді. Атыстан үріккен аттарға ие бола алмай атшылар да кетеді. Әуелде олармен отызға тарта адам болған. Мергендер өздері 15 шақты адам қалған. Мергендер тобы қауіпсіз жерге жеткенше өзен жағасындағы иелері көшіп кеткен қыстаулардың біріне келіп, қорғаныс жасап, тосқауыл құрады.
Ішінара винтовка, құс мылтықпен немесе қолдан жасалған бір атар жасанды мылтықтармен қаруланған мергендер әуелі жауды жақын келтіріп, оқ жетер жерден атқылап, дұшпанның бетін қайтарады. Мергендердің қалын жаумен арпалысы ұзаққа созылады. Алыстан атысып, сарбаздардың оғының таусылғанын білген солдаттар бірте — бірте қыстауға жақындап, берілуді ұсынады. Ақыры солдаттар қыстауға өрт қояды. Тірідей беріспеске бел буған мергендер өлімге әбден бас тігіп, бір — бірімен қоштасып, түтінге тұншығып, отқа күйіп өлгенше, жастығымызды ала жатайық деп, суық қарумен сыртқа шығып айқасады. Ерлік пен намысшылдықтың үлгісін көрсеткен есіл сарбаздар күші басым жау қолынан жайрап түседі. Азаттық жолында асыл жанын құрбан етеді. Осы ерлерден екі адамның есімі елге әйгілі. Бірі – Жүзбасы Жанбосынның Жағыпары. Екіншісі – әр деректе түрлі лауазымда аталып жүрген Мұсабайдың Өмені. Жазалаушы отрядтың солдаттары қаза тапқан екеуінің мүрдесін қатты қорлаған.
Жағыпар екі метрдей бойы бар, еңгезердей алып кісі екен. Айқаста оқ пен қылыштан қатты жараланған Жағыпардың бетін жау қылышпен төрт бөліп шауып «Х» (икс) белгісін салыпты. Өмен батырға да осындай аяусыздық жасаған.
Өмен батыр шайқас алдында көрген түсін жақындарына жария етіп, осы шайқаста өзінің опат болатынын біле тұра, олардың барма дегеніне көнбей, шайқасқа белшеше кіріскен. Өз жолдастарынан бөлініп, тосқауылдағы мергендер тобына қосылған. Берген сөзінен, алған бетінен қайтпаған. Соғыс өнеріне машықтанбаған, арнаулы әскери әзірліктен өтпеген осы есіл ерлердің қаһармандығы мен қайсарлығы, беріктігіне қайран қаласың. Бір ғажабы Тосқауылда қалған ерлердің қай — қайсысы да жан сауғалап, өз басын сақтауды мақсат етпеген. Ар — намыс үшін жанын пида еткен. «Жаным – арым садақасы» деген қасиетті ұғымды ту етіп көтерген. Бұл ерлердің қай — қайсысына да алтыннан ескерткіш қойса артық емес. Өкінішке орай, бұлардың есімі әлі күнге ресми түрде толық жарыққа шықпай келеді. Оның басты себебі – кезінде дерек берушілердің өздерін ғана көрсетуге тырысқан қараңғы қасақылығы. Екіншіден – олардың дәулетті шаңырақтан шығып, ел басқару ісіне араласқандығы. Кезінде осындай кемшіліктер болғандығы қазір ешкімге құпия емес.
Доғал шайқасының қым — қуыт қызу шағында әркімнің басынан әртүрлі оқиғалар өткен ғой. Соның бірі жас сарбаз Әміржан Қожахметұлының басынан кешкендері. Әміржан 1895 жылы туған. Осы ғасырдың жетпісінші жылдарының бер жағында дүние салды. Кішкентай ғана, ақсары, жұқа өңді кісі болатын. Шайқас жүріп жатқанда Әміржан әкей жағалаудағы қалың жынысты тасалап, жауды жақын келтіріп, оқ жаудырған мергендердің атшысы болыпты. Зеңбірек, пулемет, винтовка дүрсілінен қорыққан аттарға атшылар ие бола алмай қалады. Аттар мен атшылар бет — бетімен кетеді. Әміржан әкей аттардан айырылып, жағадағы қыстауға бекінген тосқауылға, мергендер тобына келіп қосылады. Мергендер оған өзен бойын жағалап, қолға қосыл, – дейді. – Менің жаным сіздерден артық емес, – деп Әміржан көнбейді. Сонда Жағыпар, Өмен және басқалары Әміржанды үюлі тұрған қидың арасына отырғызып, көрінбейтін етіп жауып тастайды.
– Біз азаттық жолында шәйт боламыз. Сен біздің хабарымызды елге жеткіз. Дұғай, дұғай сәлем айт! – деп тапсырма береді.
Патша солдаттары берілмеген мергендерді оқ пен жеңіп ала алмаған соң, оларды қорғанған жерінен шығару үшін қыстауға өрт қояды. Оқтары таусылып, түтінге шашалған сарбаздар өртке күйіп өлгенше, жаумен айқасып өлейік деп, суық қарумен сыртқа шығады. Қатты қарсыласқанына қарамастан солдаттар сарбаздарды жайратып салып, өздері үйдің іргесіне отырып, темекі тартады. Сонда Торғай қаласынан тілмаштыққа алып шыққан татар жігітінің көзі Әміржанның көзіне – қи астындағы саңлауға түседі де, татар жігіті солдаттарды асықтырып, алып кетеді. Ертеңіне жазалаушы қосын кеткеннен кейін Амангелді батыр Әміржанды өлді деп есептеп, мінген атын әкесіне беріп жібереді.
– Қожахмет ағаға сәлем айт. Кейін өзім барып бата қыламын, – депті батыр.
Әміржан бір жетіден кейін үйіне келсе, жетісін беріп жатыр екен.
Кейін Амангелді Торғай уездік әскери комиссары болып қызметке барып, әлгі тілмаш жігітті жауапқа шақырады. Сонда ол былай деп ақталыпты:
– Мен сарбаздарға қарсы еріксіз бардым. Бір кішкентай шегір көз сары жігітті тезек арасына тығылған жерінен өлімнен құтқарғаным соған дәлел.
Әміржанның бастан кешкендерінен толық хабардар сардар әлгі жігітті құтқарып жіберіпті.
– Татар жігіті мені өлімнен құтқарды. Мен оны құтқардым, – деп әңгімелейді Әміржан әкей. Тосқауылдағы мергендердің тағдырын елге жеткізген, нақты дерек берген кісі осы.
Тосқауылда қалып, қаһармандық мен азаттық жолында құрбан болған ерлер туралы ертеден ел аузында аңыз болып айтылып келе жатқан мұндай әңгімелер көп. Бұл туралы «1916» деген мақаласында Міржақып Дулатов та жазған. Көтеріліс туралы өлеңдер, аңыз әңгімелер шыққанын айта келіп, ашық көрсетпегенімен бізге таныс Сәт Есенбаевтың белгілі жырын мысалға келтіреді:
Өзгесін айтып қайтейін,
Әмірбек пен Мырзабек,
Тірілмейді қайтадан…
Жағыпардай асылды — ай,
Шынжыр қатар нәсілді — ай
Көрсеткен күші мысалы
Кенесары — Қасымдай
Осы тосқауылшылар туралы екінші бір әдеби жазба дерек 1973 жылы туған еді. Ақын — ұстаз Ғазез Әмірхамзин ақсақалмен бір әңгімеде осы туралы сөз қозғалды да, тосқауылда қалып, қаһармандықпен қаза тапқан ерлер туралы дастан жазу ұсынылды. Ол кезде соғыс ардагері Ғазез ақсақал тың, денсаулығы мықты болатын. Кейін мүлде естімейтін болып қалды. Соғыстың зардабы. Қазір мұны ашып айтудың айыбы жоқ. Ол менің дастан (Ол кезде поэма дейміз ғой) жазу жөніндегі ұсынысымды мақұл көрді. Әңгіме желісін сөз етістік. Көп ұзамай «Тыныбай тоспасындағы айқас» деген дастан 1973 жылғы 29 наурызда аудандық «Тың шұғыласы» газетінде жарық көрді. Бұл Амангелді Имановтың туғанына 100 жыл толуын атап өтуге соңғы әзірлік жүріп жатқан кез. Дастанға берілген айдар да соны көрсетеді. Бұл дастан «Жеті батыр» деген атпен Торғай облыстық газетінде де жарияланды.
1986 жылғы 3 — 4 қазандағы «Торғай таңы» газетінде журналист ғалым Сапабек Әсіповтың «Тосқауыл» атты деректі әңгімесі жарияланды. Онда әлгі оқиғаның куәгері Әміржан әкейдің көзбен көргендері баяндалды. Осы ауданның белгілі азаматы Молдағали Ермағамбетовтың «Жеті батыр» дастанын жібергені айтылды.
Дастан жарияланғаннан кейін редакцияға бір келгенінде Ғазез ақын ақсақалдардан естіген жаңа бір дерегін айтты. – Тосқауылда қалған батырлар жетеу емес, 25 — 30 адам екен, – деді. Бұнысы Әміржан әкей айтқан: Санасақ келтірген атшылармен отыз шақты адам еді, – дегенге тура келеді.
Мен осы мақаланы жазып болуға тақағанда ойға — ой қосып, тілге тиек боларлықтай бір дерекке кездестім. Ол «Торғай таңы» газетінде жарияланған, көтеріліс басшысының немересі Қабден Әбдіғапаровтың «Доғал соғысының батырлары» (18 тамыз 1994 жыл) деген мақаласы еді. Мұнда автор осы соғыста құрбан болған 33 сарбаздың аты — жөнін, руын көрсетіпті. Әңгімеде «Маңыбаев Рахмет» (Уәлінің қарамағында 100 басы) «руы Бердіқаз» делінген. Осы бір сөйлемнің қателігін мынадан — ақ аңғаруға болады. Соғыста өлген Маңыбаев Қосжан. Ал Рахмет оның інісі. 1932 жылдың аштығында орыс арасына кетіп, өзі бертінде 1965 жылы 74 жасында қайтыс болды. Ол сал, сері болып қызық қуған, шаруаға араласпаған адам. Қосжанның мыңбасы болғандығын бұрынғы қарт сарбаздар сан рет қайталаған. Оның сыртында бұл туралы мына бір деректі келтірейін. Бұл Ә.И. Ламашевтің жазбасынан алынған еді.
Әсет Исламғалиұлы (1928 — 1993) Арқалық педагогикалық институтының деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы, республикадағы тұңғыш педагогикалық мұражайды ұйымдастырушы ғалым еді. Ол Торғай тарихына, әсіресе оның халық ағарту, мәдени саласын зерттеуге өмірінің соңғы жиырма жылдай уақытын арнады. Әсіресе, ол ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді тануда көп еңбек етті. Сол Әсет марқұм Алтынсаринді зерттей жүріп, көтеріліс тарихына да үңілген ғой. Ол Көртоғай болысының мыңбасы болып Қосжан Маңыбаевтың сайланғанын дәлелдейді. Ал, Мұхамбет — Уәлінің мың басы емес, Көртоғайдың сол кездегі болысы екені белгілі. Жоғарыда келтірілген деректі мен Әсеттен 1975 жылы 13 ақпанда жазып алған едім.
«Жұлдыз» журналының 1992 жылғы №6 санында жарияланған «Доғал соғысы» деген мақаласында Әбдіхалық Жанбосынов та осында өлген 33 сарбаздың тізімін келтіреді. «34 — іншісі — тірі қалған, адам аты белгісіз», – дейді. Ол бізге белгілі, жоғарыда айтылған Әміржан Қожахметұлы. Осы тізімде тағы да «Маңыбаев Рахмет — 100 басы» деп жазылыпты.
Осы қате деректерден тысқары да Қосжанды мыңбасы болды деуге қимайтындар әлі күнге бой көрсетіп, қалып жүр. Өткен жылы, қазан айында Амангелді, Кейкі батырлардың туғанына 120 жыл толу салтанатында батырдың бел баласы Шәріп ағамыз Қараторғайға жалған мыңбасы атанып жүрген адамды оны мыңбасы болды дегенді қою керек, – деп кесіп айтты. Осы арада ертеректе Қосжан туралы болған ресми бір әңгімені келтіре кетейік. Бұдан бұрын да Қосжан батырдың есімін ардақтап, оның 1916 жылғы оқиға ортасынан өз орнын алуын көздеушілер де болған. Елуінші жылдардың басында Қайдауыл болысының мыңбасы болған Қарабайдың Әлжанының айтуымен етікші, кейін Қазақ ССР — іне еңбегі сіңген қызметкер Төлен Досов орыс тілін білетін біреуге арыз жаздырып, Қосжан есімін ардақтауға әрекет жасаған. Жоғарыдан екі рет жауап алыпты. Мұның аяғы сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М. Досаевқа шақырылып, әңгімелесумен тыңған екен. Бұл әңгімеге Қосжанның атшысы Тайпыл Досжанов, туған інісі Маңыбаев Рахмет шақырылған екен. Екеуі де Төленнің жақын әкелері. Жоғарыдан келген нұсқау солай ма, әңгіменің төркіні архив бұзылады дегенмен тынған. Екі шал «Ыбырайдың жалғыз түйесін аласың ба», – деп тоқтатыпты.
Журналист Бөгетбай Әлмағамбетовтің «Торғайдағы азаттық көтерілісі» кітабынан үзінді.