Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

1 октября 2021 14:25 • 16 937 просмотров

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Амангелді мен Жангелдин ауданына және Арқалық қаласына іссапармен барды. Ол жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жұмыс сапары барысында бұл іс-шараға аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов арнайы қатысты. Бұл жаңа кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысына 541 млн теңге жұмсалды. Жалпы ауданы – 1601,4 шаршы метр. Нысанда 100 көрермен сыятын трибуна, жаттығу бөлімі, күрес, волейбол, бадминтон, үстел теннисі залдары бар.

— Біз өңірлерді дамыту үшін қолдан келгенше ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға ден қойдық. Жақында ғана Ұзынкөл ауданында дәл осындай спорт кешені пайдалануға берілді. Қостанай қаласында Стоматологиялық клининка ашылды. Лисаковка қаласында Мәдениет үйі бой көтерді. Осының барлығы мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты деп білемін. Сіздерді бүгінгі спорт кешенінің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жас ұрпақты спортқа баулыңыздар. Кеше ғана әлем чемпионы атанған Сағындық Әшім – еліміздің мақтанышы. Келешекте де Торғай жерінің атын шығаратын спортшыларыңыз көп болсын, – деді ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Кешеннің лентасын Қостанай облысының, Арқалық қаласының, Жангелдин ауданының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов, спорт ардагері Ербатыр Рахатов және әлем кубогының жеңімпазы Сағындық Әшім салтанатты түрде қиды.

Өңір басшысы облыстық, республикалық волейбол ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған командаға доптар сыйлады. Сонымен қатар, жаңа ғимаратқа түрлі-түсті телевизор тарту етті.

Бұдан соң облыс әкімі Жангелдин аудандық ауруханасына барды. Биыл мұнда 440,2 млн теңгеге модульдік қазандық құрылғысы бар хирургиялық корпусқа күрделі жөндеу жүргізілген.

Аймақ басшысы жергіліктік медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.Күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ш. Уәлиханов атындағы мектепке арнайы соғып, жұмыстарды 30 қарашаға дейін аяқтауды міндеттеді.

Сапар соңында өңір басшысы Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Бұдан соң облыстың оңтүстік өңіріне іссапармен барған аймақ басшысы А. Мұхамбетов Арқалық қаласына ат басын бұрып, бірнеше нысанды аралады.

Облыс әкімі бірінші кезекте «Үміт» тері зауытына барды. Бұл кәсіпорын тері илеумен, оны өңдеумен және былғары өнімдерін шығарумен айналысады. Қазіргі уақытта кәсіпорында шикізаттан дайын теріге дейін толық өндірістік цикл қалыптасқан. Мұнда жылына 48 мың шаршы метр былғары өнімі өндіріледі. Зауытта 42 жаңа жұмыс орны ашылған.

Архимед Мұхамбетов пластикалық терезелер шығаратын «Керейт» цехына да барды. Бұл цехы осы жылдың маусым айында ашылған.

Одан әрі облыс әкімі Родина ауылындағы су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары барысымен танысты. Жоба құны – 490,9 млн теңге. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы – 23,2 км, оған 503 абонент қосылған.

Сонымен қатар, өңір басшысы Торғай боксит кен басқармасынан жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бұдан соң облыс әкімі Арқалық қаласын жылумен қаму жүйесін жаңғырту жұмысымен танысты. Айта кету керек, бұл жоба Өңірлерді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында іске асуда. Жалпы құны – 7,4 млрд теңге.Бұған дейін де жазғанымыздай, жылу-энергетика орталығында биылдан бастап мазут емес, көмір пайдаланылады. Бұл отын сатып алуға жұмсалатын шығындарды 800 млн теңгеге дейін төмендетеді. Жыл сайын жылыту маусымына 48 000 тонна көмір сатып алынбақ. Биылғы маусымға қатты отын толық көлемде сатып алынған. Бүгінде объектідегі барлық маңызды құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір жоспарлы іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды.

Сапар соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановқа қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.