Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғай әуендері әуеледі

3 октября 2021 12:30 • 767 просмотров

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков негізін қалаған «Торғай әуендері» фестивалі – осы өңірден түлеп ұшқан талай таланттың жолын ашып, үлкен өнерге жолдама берді. Өткен аптаның аяғында Арқалық айтулы фестивальдің елу жылдық белесін атап өтті. Торғай төрін екі күн бойы ән-күйге бөлеген мерекелік шара биыл бокситі бітіп, енді өңдеу өнеркәсібіне иек артқан қаланың 65 жылдығы мен ұлт аяулысы, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына арналды.

Облыстық қазақ жасөспірімдер театры­ның алдында өткен мерекелік шараның ашылу рәсімінде Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қала тұрғындарын құттықтап, аталған іс-шараның өңір мәдениетіндегі орны туралы ой өрбітті.

Өнер фестиваліне Арқалық, Алтын­сарин, Науырзым, Амангелді, Жангелдин және Ақмола облысының Жарқайың аудандарының көркемөнерпаз ұжымдары, Арқалық қаласының өнерпаздары мен «Торғай әуендері» фестивалінің лауреаттары қатысты.

Байқауда жыр, терме, халық әндерін орындаушылармен қатар, хорео­графия­ның түрлі жанры бойынша мың бұралған бишілер де сынға түсті. Өнерпаздарға тө­релік ететін қазылар алқасын Мә­де­ниет қайраткері, «Шертер» фоль­клор­лық этнографиялық ансамблінің күй­шісі, Арқалық қазақ ұлт-аспаптар ор­кес­трінің дирижері Бораш Әбенов бас­­қарып отырды. Фестиваль аясында «Қа­зағымның қазынасы – домбыра» атты аймақтық байқау, ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Мүшәйраның шарты бойынша жас ақындар бірінші кезеңде «Арқалығым – аңыз, тарихым – Торғай» аталымы бо­йын­ша Арқалыққа арнаған мадақ жырын оқыса, «Ұлт ұстазы – Ыбырай» атты екінші кезеңде ұлы ағартушыға жыр арнады. Үшінші кезеңде ақындардың Жамбыл Жабаевқа арналған өлеңдері оқылды.

Екі күнге созылған өнер думаны барысында қаладағы музей, кітапхана, театр сияқты мәдениет ошақтарында Торғай тарихы мен осы жерде туып-өскен өнер қайраткерлерінің өнегелі өміріне арналған көрмелер жұмыс істеп тұрды.

Күй-шертіліп, ән әуелеген мереке барысында Торғайдың көне көз қариялары осы өңірде біраз жыл басшылық қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібеков туралы сағынышқа толы естеліктерімен бөлісіп, ұлт­тық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың жа­ңарып, жандануына өлшеусіз үлес қос­қан қайраткердің жастарға үлгі-өнеге бо­ларлық игі істері туралы шешіле әңгі­меледі.

– Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңі­ріне, жалпы, исі қазаққа сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Ұмытылып кеткен ұлттық көне аспаптарымызды қайта тірілтті. Торғайдың талантты жастарының басын қосып, тұңғыш рет 1972 жылы қазақ драма театрын, 1974 жылы «Шертер» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблін жасақтады, облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейін ашты. Бұл музейге қойылған жәдігерлердің біразын өзі ел ішін аралап, іздеп жүріп тапты, – дейді Амантоғай ауылының тұрғыны, кеудесі көмбеге толы Мұқтар Ходенов ақсақал.

«Торғай әуендері» фестивалі ең алғаш Арқалықта 1971 жылы маусым айында өткен. Кейін «Торғай әуендері» жұрт құмартып тамашалайтын үлкен өнер ме­рекесі болып қалыптасты. Қариялардың ай­туынша, фестиваль өтетін күндері Ар­қа­лықтағы халық саны 4-5 есе өсіп ке­теді екен. Бүгінде есімдері елге таныс Сай­­лау Ордабаев, Қалибек Деріпсалдин, Ға­лымжан Құрманов сынды өнер қай­рат­керлері кезінде осы фестивальдан қа­нат­танған талантты жастар еді. Осылайша, фестиваль дәстүрлі сипатқа ие болып, кейін Торғай жәрмеңкесі, ақындар айтысы сияқ­ты тамаша іс-шаралармен мазмұнын толық­тыра түсті.

Ән әуелеп, күй қалықтаған, мың бұ­ралған бишілер көзді арбаған екі­күн­дік мерекенің соңы спорттық жа­рыс­­тарға ұласып, «Жігер» стадионында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ар­қа­лық қаласының 65 жылдық мере­кесіне арналған «Түйе палуан» жарысы өтті. Боз кілемде өткен тартысты бел­десуде Арқалық қаласының және об­лыстың өзге өңірлері мен Ақмола облысынан келген палуандар бақ сынасты. Спорт сайыстарының ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Спортты жанына серік еткен, зиян­ды әдеттерден бойын аулақ ұстайтын, сер­гек те, шымыр өздеріңіздей жастары бар елдің болашағы жарқын деп білемін. Мемлекетіміз бүгінде халықтың басым бөлігінің бұқаралық спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстануы үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Осы ретте бүгінгідей жарыстарды өткізу арқылы ұлттық спортымыз қазақ күресін насихаттап қана қоймай, кейінгі жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, саламатты ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтып отырмыз. Бүгінгі бәсекеде шын жүйріктің бағы жансын. Кешегі өткен Қажымұқан мен Балуан Шолақ бабаларымыздай жауырындарың жерге тимей, талай додада топ жарып, елдің рухын көтеріп, шыңдала берулеріңе тілектеспін, – деді Әмірхан Асанов.

Боз кілем үстіндегі белдесуде елуге жақын спортшы 70, 80 килоға дейін және 80 килодан жоғары салмақта күш сынасты. Нәтижесінде, 70 килоға дейінгі салмақта Сәкен Қабжекен, 80 килоға дейінгі палуан­дар арасында Жасұлан Бекболат үздік деп танылса, 80 килодан жоғары салмақта Айбат Сейтен «Түйе палуан» атағын жеңіп алды. Жеңімпаз спортшылар қаржылай сыйлыққа және қала әкімінің дипломы мен медаліне ие болды.

Шара барысында Қазақстанның ебек сіңірген жаттықтырушылары Абай Сарыбаев, Александр Шпилевой, қазақ күресінен республикалық жарыстардың жеңімпазы Азамат Ерәділов, кір тасын көтеруден әлем чемпионы Геннадий Баковский және волейболдан Қостанай облысы спар­та­киадасының бірнеше дүркін же­ңімпа­зы Қанат Қонысбаевтарға «Ар­қалық қаласына – 65 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

Өнер мерекесінің соңында қала орта­лығындағы «Наурыз» алаңында «Торғай әуен­дері-2021» фестивалінің гала концерті өтті.