Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қамба толы қамырлы бидай

7 октября 2021 11:30 • 575 просмотров

Биыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі жыл болды. Бірақ қуаңшылық жағдай біздің елде ғана емес, Канада, АҚШ, Ресей сияқты әлемдік астық державаларында да байқалады. Бұған қарамастан, егін жинау уақтылы басталды. Бүгінгі таңда егін жинау қарқыны былтырға қарағанда жоғары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған шаруалар бірқатар бағыт бойынша негізгі ресурстармен толық көлемде қамтамасыз етілуі септігін тигізді: жанар-жағармай, техника, тұқым, тыңайтқыш уақтылы дайындалды. Бұл туралы egemen.kz хабарлайды.

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін астық жинау комбайндарының паркі жеткілікті. Жаңару қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 6 айда «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша аграршылар 83 млрд теңге сомасына 4,5 мың бірлік техника сатып алды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінде сатып алу көлемінен 2 есе көп. Отандық техниканы субсидиялаудың жаңа бағдарламалары есебінен жаңа техника сатып алу көрсеткішінің өсуіне қол жеткізілді. Бұрын инвестициялық субсидия 25% болатын, себебі машина құралдары мен металл қымбаттап, инвестициялық субсидия 30%-ға дейін көтерілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна кепілдендірілген және арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Шілде айынан бастап АШТӨ кестеге сәйкес ди­зель отынын алды, қыркүйек айында жеткізілімдер бойынша іркілістер болғанын мойындау керек. Бүгінгі таң­да мәселе шешілді. Жөнелту кестеге сәйкес жүргізілуде. Егінге келетін бол­сақ, биыл егіс алқабы 23 млн гектар­ды құрады, бұл былтырғы алаңнан 322 мың гектарға артық. Жедел деректер­ге сәйкес бүгінде республика бойын­ша 15,5 млн гектардың дәнді және дән­ді-бұршақты дақылдары жиналды (97,9%). Орташа өнімділік гектарына 9,7 цент­нер­ді құрайды. 15 млн тонна астық бас­­тырылды, оның ішінде бидай – 11,7 млн тонна. Сондай-ақ қазіргі уақытта кө­кө­ніс, картоп, бақша, майлы дақылдар мен мақта жинау жүргізілуде», деді ведомство өкілі.

Жалпы, климаттық жағдайлар мүм­кін­дік берсе, Қазақстан бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары келесі аптада аяқталуы тиіс.

Астықтың сапасы жоғары

Күш-жігерін қолайсыз күн райын­да астық өсіруге және жинауға ба­ғыт­­тайтын ауыл шаруашылығы кә­сіп­орындары жылдан-жылға лайықты нә­тиже көрсетуде. Барлық агротехно­ло­гия­ларды сақтайтын, соның ішінде мине­рал­ды тыңайтқыштарды қолданатын шар­уа­шылықтар гектарына 20 центнерден және одан да жоғары өнім алады. Елімізде алдыңғы қатарлы шар­уа­шылықтар саны 70-тен асады. «Мысалы, «Максимовское» ЖШС-те астық өнімділігі гектарына 21 центнерден, «Агроном Тайынша» ЖШС – 20,4, «Тұқым» ЖШС 25 центнерден астық алуды жоспарлап отыр. Осы мүмкіндікті пай­даланып, аграршыларымызға үйле­сім­ді жұмысы, адалдығы мен кәсі­би­лігі үшін алғыс айтқым келеді. Облыс әкім­діктерінің деректері бойынша дәнді және майлы дақылдардың жалпы түсімінің болжамды көлемі шамамен 18 млн тоннаны құрайды, орташа өнімділік гектарына 9,5 центнерден ай­налуда. Дәнді және дәнді-бұршақты да­қылдардың болжамына тоқталсақ, жалпы түсімнің жоспарланған көлемі шамамен 16 млн тоннаны құрайды, орташа өнімділік гектарына 10,1 центнерден. Сонымен қатар республикада ауыспалы қалдық бар – шамамен 3,5 млн тонна, оның ішінде бидай – 2,8 млн тонна. Ауыспалы қалдықтарды ескерсек, жалпы астық жинаудың күтілетін кө­лемі республиканың ішкі қажет­ті­лі­гін қамтамасыз ету үшін толығымен жет­кі­лікті», деді спикер.

А.Сапаров элеваторлардың астық қа­былдауға жақсы дайындалғанын, жұ­мыс үзіліссіз жүріп жатқанын жет­кізді. Қолда бар қуаттылық егінді сақтау үшін жет­кілікті. Республикада астық сақ­тау­дың жалпы сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды. Жаңа егіннің сапасы да жоғары деңгейде.

«Соңғы бес жылда мұндай астық сапасы болмаған. Бүгінгі таңда лицен­зия­ланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті, оның 91%-ы – жоғары са­палы, яғни бірінші, екінші, үшінші сы­ныпты астық, ал 2020 жылы бұл көр­сеткіш 83% деңгейінде болды. 2018, 2019 жылдары – одан да төмен, 60% деңгейде болды. Құрамында глютені жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады. Мәселен, 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде 28% глютені бар жоғары сапалы бидайдың үлесі өткен жылғы 50%-бен салыстырғанда 71%-ды құрады. Сапалы тазалаудан басқа, жем дайындауды жандандыру міндеті тұр. Бүгінгі таңда бұл міндет іс жүзінде орындалды. 23,4 млн тоннаға жуық шөп (98%), 1,5 млн тоннадан астам пішендеме (99%), 1,2 млн тонна сүрлем (60%), 3,5 млн тоннаға дейін сабан (73%) дайындалды. Шөп дайындау жұмыстары қазан айының ортасында аяқталады», деп түйіндеді бірінші вице-министр.

Айта кетейік, биыл жемшөп да­йын­дау мәселесі аса өзекті. Барлық про­б­­ле­малық мәселелер апта сайынғы ап­па­раттық отырыстарда талқыланады.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Әсет Бектеміровтің айтуынша, 2021 жылы сатып алынатын дақылдар тізімі 4-тен 9-ға дейін кеңейтілді. Қаржыландыру жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық дақылдары бойынша жүзеге асырылады. Биыл шамамен 770 мың тонна астық, оның ішінде 683 мың тонна бидай, 45 мың тонна арпа бойынша келісімшарт жасалды. 2020 жылы 516 мың тоннаға келісімшарт жасалған еді, өсім 49% болды. Оның айтуынша, форвардтық сатып алуға Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қа­тысты.

«Биыл қыркүйек айының басында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидай, арпа, сұлы, зығыр және рапстың сатып алу бағаларын жариялады. Жарияланған бағалар нарықтық болып табылады. Форвардтық сатып алу шарттарының негізгі шарты – астықты міндетті түрде жеткізу. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша 193,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл келісімшарт жасалған көлемнің 25,5%-ын құрайды. Оның ішінде, Ақмола облысы бойынша – 25,1%, Қостанай облысы бойынша – 29,7%, Павлодар облысы бойынша – 30,5% және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 21%. Азық-түлік корпорациясы астығының толық көлемін қалыптастыру мынадай іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажет. Біріншіден, барлық сатып алынған астық белгіленген бағалар бойынша ішкі нарықты тұрақтандыру үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал өсіретін шаруашылықтарға өткізу үшін пайдаланылады, екіншіден, биыл сатып алынған астықты сатудан түскен қаражат 2022 жылғы егінді форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылады» деп түйіндеді Азық-түлік корпорациясының өкілі.

Әлеуметтік нан бағасы көтерілмейді

Әлемдік нарықтағы бағалар өсу­де. Әлеуметтік нан бағасын ұстап тұ­ру бойынша шаралар қабылданды ма? Бұл туралы журналистер ведом­с­тв­­о өкілдерінен сұрады. Ауыл шар­уа­­­шылығы ми­нис­тр­лігі Өсімдік шаруа­шы­лығы өнім­дерін өндіру және қайта өңдеу депар­таментінің директоры Азат Сұлтанов бидай бағасының әлемдік нарықта ғана емес, Қазақстан ішінде де өскенін атап өтті. 1-сұрыпты ұннан жасалған азықтық нан әлеуметтік нанға жатады. Яғни бұл бағаны реттейтін тауарлар тізіміне енгізілген.

«Талдап қарасақ, нан бағасының күрт өсуі тіркелген жоқ. Өңірлерде нан ба­ғасы тұрақты. Бидай мен ұнға деген айтарлықтай сұраныс жоқ. Бидай мен ұн нарықта жеткілікті мөлшерде бар. Жиын-терім науқаны аяқталып қал­ды, яғни нан бар. Ол ұнға өңделеді және наубайханаларға жеткілікті мөл­шер­де жеткізіледі. Кейіннен, егер бидай бағасы көтерілсе, бұл ұн баға­сы­ның өсуіне әкеледі. Сәйкесінше, нан бағасына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Сондай-ақ заңда көзделген шаралар шеңберінде бағаны реттеу, тұрақтандыру тетіктері, оның ішінде ке­йіннен наубайханаларға беру үшін ас­тық көлемінің бір бөлігі Азық-түлік корпорациясының резервінен ұн тарту кәс­іпорындарына жөнелтіледі. Яғни нан­ға қажетті шикізат бағасы көтерілген жағдайда Үкімет тарапынан шаралар қа­был­данады және әлеуметтік нан баға­сы­ның күрт өсуі болмайды», деп сендірді спикер.

Жемшөп жеткілікті болады

Жемшөп жеткілікті ме? Министрлік жемшөптің жетіспеушілігіне байланысты жағдай қайталанбауы үшін не істеп жатыр? Журналистер брифингке қатысушылардан осы жайлы сұрады. А.Сапаровтың айтуынша, жемшөп дайындауға қатысты өткір мәселе жоқ. Алдағы уақытта да болмайды.

«Жоспарға сәйкес 23,4 млн тонна жемшөп дайындалды, бұл – 98%. Қазан айының ортасына дейін жем-шөп дайындауды аяқтаймыз. Жалпы, биылға қамтамасыз еттік. Маңғыстау облысы бойынша проблемалар бар, бүгінде оларда 65%-ы дайындалды, қалған бөлігі басқа облыстарда дайындалуда, келісімшарттар жасалды, қазір қаржыландыру жүріп жатыр және ақша аударылғаннан кейін жем-шөпті толық көлемде алады. Бұл ретте мәселе жоқ. Сонымен қатар солтүстік өңірлер қыста қандай да бір проблемалар туындап қалмас үшін қорлар дайындауда. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін министрлік бағдарламалар қа­был­дады, субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді. Яғни суару, ылғал үнемдеу технологияларымен көбірек айналысу керек. Бүгінде тамшылатып суаруды жаңбырлату қондырғысы 50%-ға дейін, инфрақұрылым 50%-ға дейін субсидияланады. Мұның бәрі фермерлерге жеткізілді, олар бұл туралы біледі, былтыр бірқатар өзгеріс енгізілді. Салыстыру үшін, орта есеппен 30-ға жуық бүріккіш сатылды, бүгінгі таңда 130-ы сатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», деді ведомство өкілі.