Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дағдарыс орталығы ашылды

7 октября 2021 15:04 • 733 просмотров

Рудныйда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы ашылды. Мұнда әртүрлі себептермен жылы ошағынан айрылған адамдар уақытша паналай алады. Өкінішке қарай, ашыла салысымен алғашқы тұрғындарын қабылдады. Бұл туралы iagorod.kz тілшісі жазады.

Бұл орталық ресми түрде Рудный қаласының «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы» КММ жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған бөлімше болып саналады. Жаңа бөлімшені Рашит Азбаров басқарады, одан басқа штатта психолог, медицина қызметкері, шаруашылық бикесі және бес күзетші бар. Соңғысы тәулік бойы жұмыс істейді, бұл бөлімнің мекен-жайы құпия болған жағдайда да қажет. Рудныйлық журналистер бөлімшеге барып, оның меңгерушісімен және полиция қызметкерлерімен сұқбаттасып, болашақ тұрғындар үшін жасалған жағдайлармен танысты. Мұндай дағдарыс орталығы бұрын тек Қостанайда бар-тын. Рудный полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Динара Танықпаеваның айтуынша, полицияға көмек сұраған адамдардың барлығы облыс орталығына, тіпті балалармен де баруға келісе бермейді.

— Айына бізге жақын адамдарынан физикалық, психологиялық немесе экономикалық зорлық-зомбылықты бастан кешіретін 30-35 әйел көмекке жүгінеді. Көбінесе  олар күйеуі немесе бірге тұратын адамдарынан доқ көреді. Қостанай орталығына жыл басынан бері тек 9 әйел ғана баруға келісті. Әрине, Рудныйға мұндай мекеме қажет болды. Бүгін түстен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жаңа бөлімшеге үш баласы бар рудныйлық әйел орналасады. Оның күйеуі күнде ішіп, жанжал жасайды екен, оған күйеуімен бір шаңырақ астында өмір сүру өте қауіпті. Бізге жүгінген әйелдің қиын жағдайға душар болғаны ескеріліп, полиция басқармасы оны осында жіберіп отыр. Ал 3 қазаннан бастап мұнда мектеп жасындағы екі баласы бар тағы бір әйел тұрады. Осы аптаның соңына дейін мұнда ұзын саны жеті адам орналастырылды. Бөлімше балаларды қоса есептегенде 20 адамға есептелген. Балалар осы жерден мектепке барады, сондай-ақ мұнда ортақ ойын бөлмесі бар, барлығы қарастырылған, – деді Динара Танықпаева.

Бұл бөлімше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес ашылды. Оған жергілікті бюджеттен биыл 9 миллион теңге бөлінді. Рашит Азбаров атап өткендей, келесі жылы жаңа бөлімшені ұстап тұру үшін, оның қызметі тұрақты болуы үшін тағы да қаржы бөлінбек. Облыс орталығында мұндай жобаны ҮЕҰ жүзеге асырады. Енді «мемлекеттік тапсырыс аяқталғаннан кейін дағдарыс орталығы жабылып қалса, оның қонақтарына қайда баруы мүмкін?» деген қауіп туындайды. Тұрмыстық қамсыздандырылуға келетін болсақ, Рудный бөлімшесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін жеке бөлмелер қарастырылған, олардың әрқайсысында өз санитарлық торабы мен жуыну бөлмесі бар. Тегін тамақтанады: таңғы ас, түскі ас және кешкі ас тікелей бөлімшеге жеткізіледі. Қажет болса, қонақтар өздері тамақ дайындай алады, ол үшін пеш, микротолқынды пеш, тоңазытқыш және барлық ас үй ыдыстары бар бөлме даярланған. Сондай-ақ кір жуғыш машина, кір жууға арналған құралдар мен гигиеналық күтім құралдарының қажетті қоры бар.

— Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны үйден асығыс кетуге мәжбүр болуы мүмкін ғой, өзімен ештеңе алып кете алмауы мүмкін. Мінекей, бұл жағдайда оларды қажетті заттармен: төсек-көрпе, киім және т.б. қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылған. Бәрі жаңа, пайдаланылмаған.  Мұның бәрі, әрине, тағдыры қиын адамның аяғынан тұрып кетуіне көмектесу үшін мамандардың жасап жатқан жан-жақты қолдауы, — деп атап өтті Рашит Азбаров.

Бөлімшені алты айға дейін паналауға болуға болады. Егер адам ауырса, онда мұнда болу уақыты тағы үш айға ұзартылуы мүмкін. Бірақ жалпы жарты жыл ішінде адам өз-өзіне келіп, өзіне жұмыс, баспана таба алады. Бөлімшеде 8 қызмет түрі көрсетіледі, оның ішінде психологиялық және заңгерлік қолдау да бар. 

— Адам бізге келген бойда бірден онымен психолог жұмыс істей бастайды. Егер, мысалы, әйелдің жұмысы болмаса, біз жұмыспен қамту орталығына жүгінеміз, егер жәбірленушінің денсаулығында проблемалар болса, ауруханамен және емханамен ынтымақтасамыз, егер құжаттары жағынан мәселелер туындап тұрған болса, бізге қайта әлеуметтендіру орталығы көмектеседі. Біздің қызметіміз осындай жолдармен іске асады, — деп түсіндірді Рашит Азбаров.

Статистикаға сүйенсек, көбінесе әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады, бірақ отбасында қарттар да зәбір көруі мүмкін. Қарт адам әлеуметтік мекемеге тұрақты негізде орналасуға, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ондай қариялардың басқа туыстарымен байланысуына уақыт беріледі. Рудный бөлімшесі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын тіркеу орынан қарамастан қабылдайды. Әлбетте, тегін жатқызылады. Егер шұғыл қажеттілік туындаса, онда қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы болашақта бөлімшені кеңейтуге дайын, бірақ әзірге ол 20 адамға есептелген.