Тобыл өңірінде жергілікті өзен-көлдерден ауланған балықтарды консервілейтін жаңа кәсіпорын жұмыс істей бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары іске қосылған Қостанай консерві зауытының жанынан ашылған шағын кәсіпорын алдағы уақытта балық паштеттерін шығаруды да көздеп отыр.
Ет консервілеу зауытының директоры Никита Ренькастың айтуынша, кәсіпорын биыл мемлекеттік бағдарламаның көмегімен балық консервілейтін автоматтандырылған заманауи құрылғы орнатқан. Бұл өндіріс көлемін жылына 23 млн консервіге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір мұнда сырттан әкелінетін теңіз балықтары мен жергілікті өзен-көл өнімдерінен 15 түрлі қаңылтыр құтылы консерві жабылады.
– Басты мақсат – тұрғындарды жергілікті түлік пен балық етінен жасалған сапалы консервілермен қамтамасыз ету. Біз балықпен қатар, бұрыннан мал, құс еттерін бұқтырып консервілеумен айналысамыз. Зауыт шығарып жатқан ет консервілерінің бәріне Қостанай облысында өсірілген түлік өнімдері шикізат ретінде пайдаланылады, – деді кәсіпорын басшысы Никита Ренькас.
Биыл консерві зауыты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы «First Heartland Jýsan Bank» АҚ-дан 104 млн теңге несие алып, оған жеке ғимарат сатып алып, күрделі жөндеу жасап, балық консервілейтін заманауи құрылғы орнатқан. Несие өсімінің жартысын «Даму» қоры арқылы мемлекет өтеп береді.
Бүгінде бірнеше адам жұмыс істейтін жаңа кәсіпорын бір ауысымда 20 мыңға жуық балық консервісін шығарады. Дайын өнімдер күнделікті көлікке тиеліп, жергілікті супермаркеттерге жөнелтіліп отырады.
– Жаңа өндірістік желі тамыз айында ашылды. Мұны өте сәтті жоба деуге болады, өйткені қазірдің өзінде табыс әкеле бастады. Өнім көлемі ай санап ұлғайып келеді. Бүгінде томат пен майға бұқтырылған шабақ, сырттан келетін сельд және Тобыл өңіріндегі балық шаруашылықтарынан әкелінетін мөңке, сазан, шортан балықтарын консервілеп жатырмыз. Жергілікті өнімнің өтімі жаман емес, негізі өзен-су балықтары теңіздікіне қарағанда пайдалы болады. Теңіз жағалауындағы елдерде өзен-көл балығына сұраныс жоғары екені тегін емес, – деді Никита Ренькас.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылған Қостанай консерві зауыты ұзақ жылдардан бері еліміздің күш құрылымдары мен кеншілерді сапалы ет консервілерімен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерін негізінен Қостанай, Ақмола облыстары мен ел астанасына жіберіп жатыр.