2021 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтіп, онда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы қаралды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде АӨК-ті дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұған дейін жүзеге асырырылған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың қорытындылары ескерілді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жобаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн. ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізу қажет.
Ведомство басшысы Үкімет мүшелеріне межеленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, ұлттық жоба болжайтын факторлар мен тетіктер туралы толық баяндап берді.
Мәселен, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін импортты алмастыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сияқты көп импортталатын позицияларды анықтады.
Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асырылуда. Нәтижесінде 2024 жылға қарай аталған өнім түрлері бойынша қанттан басқа қамтамасыз етілу 100%-ды, ал қант 80% — ды құрайтын болады.
Ұлттық жобаның басымдығы ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйені қалыптастыру болады. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді.
«Жалпы Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн. ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Еске сала кетейік, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жобаны әзірлеуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, аграрлық ғылымның, облыс әкімдіктерінің және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша, Үкімет тиісті қаулы жобаларына дауыс берді. Өз кезегінде Премьер-Министр Ұлттық жобаларды қажетті үйлестіру мен сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.