Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Түсім аз, сапа жоғары

15 октября 2021 11:16 • 493 просмотров

Былтыр 4,1 млн тонна жер ырыздығын жинаған Қостанай облысының диқандары осы күзде 3 млн тоннаға жетпейтін өнім алды. Өйткені көктемгі дән сіңіру науқанынан кейін басталған аптап ыстық екі айға созылып, кеберсіген топырақ астындағы тұқымның біразы тасқа айналды. Мұндай құрғақшылық 2012 және 2019 жылдары болған. Мамандар биылғы өнім көлемі сол жылдары алған астықтан жоғары деп отыр.

2012 және 2019 жылдары облыс небары 2,2-2,3 млн тонна өнім алған. Сол жылдары әр гектарға 6,1 центнер­ден астық берген еді. Диқан­дардың көбі биылғы алапат құр­ғақ­шылықтан кейін де астық шығымы төмен болады, өнім көлемі әрі кетсе, 2,6 млн тон­надан аспайды деп бол­жа­ған. Алайда күзгі жиын-тері­н жұ­мыс­тарының нәтижесі бұдан әлдеқайда жоғары болып шықты.

– 2,9 млн тонна астық алдық. Соңғы 10 жылдың көлемімен өлшейтін болсақ, бұдан да аз өнім алған кездеріміз бол­ған. Биыл алқаптың әр гектары орта­ша шамамен 7,2 центнерден бер­­ді. Ең жоғарғы көрсеткіш­ке гек­­тарына 12,3 центнер ас­тық алған Ұзынкөл ауданы қол жет­­кізіп отыр. Одан кейін тұр­­ған Сарыкөл, Меңді­қара аудан­­дарында да әр гектар 11,5 – 11,6 центнерден өнім берді, – деді облыстық ауыл ша­руа­­­шы­лығы басқармасы бас­шысы­ның орынбасары Сембай Сағындықов.

Бұл аудандар топырағының құнары мол солтүстік бетте жатыр. Биылғы қуаңшылық оң­түстік аудандарға ауыр тиді. Мәселен, Әулиекөл ауда­ны әр гектар алқаптан 4 цент­­нер­ден ғана өнім алды. Науыр­зым ауданындағы шағын шаруа­шылықтардың көбі көк­темде сепкен тұқымын ақтай ал­мады. Алайда өнім аз бол­ғаны­мен, биыл облыста ас­тық­тың сапасы жоғары. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бидайдың қамырлылығы – 27%. Облыстың оңтүстік өңір­лерін­де бидай алқабының жар­ты­сы күйіп кетіп, мыңдаған гек­тар жерге дым шықпай қал­ған аудандар бар. Соған қарамас­тан, биылғы астық өңірдің ұн өнімдері мен мал азығы сияқты қажеттерін толық өтей алады.

Биыл облыс қамбасына құ­йыл­ған бидайдың дені жоғары­да аталған солтүстік аудан­дарға тиесілі. Оңтүстіктегі аудан­дар­мен салыстырғанда, бұл өңір­­лердегі егін алқабы әлде­қай­да кең, бидайдың түсімі де бір­неше есе жоғары. Мыса­лы, биыл көктемде 8,7 мың гектар ал­қапқа дән сіңірген Ұзын­көл ауда­нын­дағы «Олжа Ряж­ское» ЖШС гектарынан 20 цент­нер өнім алып, күзгі жиын-терін жұ­мыс­тарын табысты аяқтап отыр.

– Биылғы жаз өте ауыр болды. Әдетте жазы жаңбырлы болып келетін біздің ауданның өзіне де көктен бір тамшы тамбай, аптап ыстық созылып кетті. Осыдан кейін біз де кейбір алқаптарымызды жо­ғалтып алатын шығармыз деп ойладық. Өйткені егін көз ал­ды­мызда күйіп бара жатты. Ең соң­ғы сәтте – шілденің 10-ына қа­рай мол жаңбыр жауып, жағ­дай түзелді. Бірнеше күн то­лас­сыз жауған жаңбырдан ке­йін масақ толысып үлгерді. Біз­дің шаруашылық бұған дейін жыл сайын бір гектардан 30 центнерден өнім алған, биыл барға қанағат деп отырмыз. Науқан кезінде күн ашық болып, егінді шашаусыз жинап алдық, – деді серіктестіктің өкілі Қанат Ертісбаев.

Солтүстік аудандардағы шаруа­шы­лықтардың жағ­дайы жақсы. Ал оңтүстік аудандар­дағы диқандар биыл­ғы егін түсімі туралы әңгіме де айтқысы келмей­ді. Өйт­кені көңіл күйлері жоқ. Мәсе­лен, Науырзым аудандық ауыл ша­руа­­шылығы бөлімі­нің бас­тығы Евгений Ярошенко­ның айтуынша, бұл өңірдегі шаруа­шылықтар алған өнімнің көлемі орташа алғанда бір гектарға 3,5 центнерден келеді.

– Көктемде 260 мың гектар алқапқа жазғы егін тұқымы себілді, оның 220 мың гектары – бидай. Биылғы алапат аптап бізді де аяған жоқ. 21 мың гектар алқапты есептен шығардық. Бұл егістіктердің бәрі күйіп кетті, алатын дән қал­мады. Әдетте ауа райы қолайлы жылдары біз әр гектар алқаптан 6-7 центнерден өнім алатынбыз. Биыл жағдай күрделі. Көптеген шаруашылықтың фор­вардты қарызы бар, оны беру керек. Сондықтан қазір­гі бидайдың бағасына да жер­гілікті диқандардың көңілі толмайды. Бәрі әлі де қымбаттап қалар деген үмітте отыр, – деді бөлім басшысы.

Науырзымдық диқандардың айтуынша, мұндағы шаруашы­лықтардың жартысы көктемде сепкен тұқымын ғана қайтарған. Ал жартысы оны да қайтара алмаған.

– Шынтуайтына келгенде, Науырзым өңірінде орташа өнім бір гектардан 2-3 центнерден әрі аспайды. Біз есеп бергенде асыра көрсетуге мәжбүр боламыз. Өйткені аз өнімді өсіріп көрсетпесең, банктер табысың төмен деп несие, лизинг бермей қояды. Сондықтан біз несиелік қабілетімізді лайықты етіп көрсету үшін осылайша асырып көрсетіп, алдауға мәжбүрміз, – деді диқандардың бірі.

Биыл қойманың бір бұры­шын ғана алып жатқан мардымсыз өнімнің бағасы да көңіл көншітпейді.

– Біз ауылшаруашылық техникаларына негізінен металл қосалқы бөлшектер мен майлау материалдарын, дизельді отын пайдаланамыз. Бұлардың бағасы биыл 200-300%-ға қымбаттап кетті. Мәселен, былтыр күзде бидай бағасы 80-85 мың теңге болса, қазір 105-110 мың теңгеге көтерілді. Ал алқапты өңдеп, тұқым сеуіп, оны оруға қажет дүниелер­дің бәрі 2-3 есе қымбатта­ды. Бидайдың құнсыз екенін осыдан-ақ көруге болады. Нарықтағы жағдайды ескерсек, биылғы бидайдың бір тоннасы, кем дегенде, 150-180 мың  теңгенің айналасында болу керек. Есіл еңбек сонда ғана өтеледі, – дейді науырзымдық диқандар.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ қыркүйек айының басында биылғы бидайды қамыр­лылы­ғына қарай 103-107 теңгенің аралығында сатып алатынын мәлімдегені белгілі. Қостанай облысының ауылшаруашылық кәсіпорындары аталған кор­по­рацияға 2 мың тоннадай би­дай қарыз екен. Форвард­тық келісімшарт бойынша бе­рілген бұл қарыздың қай­туы қиын болып тұр. Бүгінге де­йін қарыздың 30%-ы ғана жа­былған. Компания қары­зын қайтарумен қатар, ескі бағамен тікелей бидай сатып алуды бас­тады. Бірақ баға төмен бол­ғандықтан оған диқан­дар­дың ешқайсысы бидай тапсыра қойған жоқ. Алайда компания филиалы басшысының сөзінше, 2021 жылғы астықтың бағасы 25 пайызға өскен.

– Біз биылғы өнімге әділ нарықтық баға тағайындадық. Бұл өнім өндірушілердің құр­ғақ­шылыққа байланысты шық­қан шығынын өтей алады. Биыл сатып алынған бидайдың бар­лығы ішкі нарыққа кетеді. Яғни ұн тартатын мекемелер мен мал өсірумен айналыса­тын шаруашылықтарға бекітіл­ген бағамен сатылады. Бұл әлеу­меттік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүм­кіндік береді, – деді «Азық-түлік келісімшарт корпорация­сы» филиалының директоры Мирас Төрежанов.

Ал диқандар бидайды мем­­лекетке өткізгеннен гөрі жеке­меншіктегі диірмен кешен­деріне немесе көршілес өңірлер мен іргелес мемлекеттерден келіп жатқан алыпсатарларға сатқан тиімді дейді.