Қайран Наз-ағаң, Назекең, дәулескер күйші, дарынды дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов жайлы көлемді мақала жазу көптен бергі жоспарым еді. Алайда, жеме-жемге келгенде жүрексіне беретінмін. «Кейіпкерімнің азаматтық келбетін, дәстүрлі өнерге сіңірген зор еңбегін түгел қамтуға шамам келе ме?» деген жауапкершілік жүгін сезінгенде, қалам ұстаудан қаша бастайсың. Өйткені, Назекеңмен әр сұхбаттасқан сайын оның бұрын беймағлұм жаңа бір қырын танып, еріксіз таңғалатынмын. Иә, ол шынымен сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын.
«Жақсыда жаттық жоқ» дейді ғой, Наз-ағаң жаны жомарт, бәрін бауырына тартып тұратын. Өнерге адал жандарды өте құрметтейтін және тазалықты талап ететін. Бұл қасиетіне бәрі бас иді. Ал, күйшілік қабілетімен тоқсаныншы жылдардың өзінде күллі Қазақстанды тәнті еткен еді. Ол туралы замандастары, әріптес, шәкірттері зор мақтаныш сезіммен айтады. Қостанайлық күйшінің шеберлігіне тамсанудан туған аңызға бергісіз әңгімелерді басқа ортадан да көп естідім. Оның бәрінен дәулескердің дарынына деген шексіз құрметті танитынмын. Бірде Қостанайға гастрольмен келген Құрманғазы оркестрінің домбырашылары Наз-ағаңды қояр да қоймай қолқалап, күрделі күй иірімдерінің қалай шертілетінін көрсетіп беруін өтінгенін көзім көрді. Өнерлі ортадағы беделі сондай зор еді. Орындаған бірнеше күйлерінің алтын қорда сақталуы – шеберлігіне деген құрметтің белгісі. Орталықтағы ағалар арнайы шақырып, Алматыда, елорда төрінде шығармашылық кештерін өткізді. Ол іс-шаралардың сценарийін жазу маған бұйырыпты. Кеш жоспарын құрарда емін-еркін пікірлесуші едік. Мұндайда әдетте айта бермейтін ғажайып естеліктерді айтатын. Сонда естіген мына бір қызық әбсананы келтіре кеткенді жөн көрдім.
Арғы бабасы Қарсақбайдың түсіне Қыдыр ата кіріп, «балам, өнер аласың ба? Әлде көнек аласың ба?» деп сұрайды. Ол кісі өнерді таңдаған екен. Наз-ағаң осындай Қыдырдың батасы дарыған текті әулеттен еді. Молдахметовтер отбасында өнерден құр алақан жан жоқ.
Атаның құты, ананың сүтімен дарыған өнерді дәулескер күйші қадірлеп ұстай білді. Бағына орай Тымат Мерғалиев сынды тәжірибелі тәлімгер жолықты. Наз-ағаң ардақты ұстазы жайлы үнемі құрметпен еске алатын. «Мына балаңның қолының желі бар екен. Хас күйші болғалы тұр. Маған беріңіз!» деп Тымат ұстазына «құда түскен» атақты күйшілер де аз болмапты. Консерваторияда оқыған кезінде Назымбек Молдахметовке қатысты айтылатын «аңыздың» бірі осындай екен. Мұндай әңгімелер көп. «Назекең жарысқа бара алмай қалса, басқа қатысушылар қуанады екен» деген әзіл-шыны аралас «әбсана» да оның өнеріне сүйіспеншіліктен туса керек.
Студент күнінен Алматыны өнерімен мойындатқан дарынның Құрманғазы оркестрінде қалатын мүмкіндігі бар еді. Бірақ, Наз-ағаңның жүрегі туған жеріне еңбек етуді қалады. Өйткені, Тәуелсіздік алған жылдары Қостанайда қазақ өнерінің хәлі мүшкіл-тұғын. Ұлттық мүдде үшін жанын беруге дайын жігерлі жан осы кемшілікті жоюды көздеді. Ол Қостанайға ұлы миссиямен келді және сол маңдай тіреген мақсатының жолында жанкешті жұмыс істеді. Қашан көзі жұмылғанша Тобыл аймағында қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет қылды. Уақытпен де, денсаулығымен де санасқан жоқ. Тынымсыз тер төгіп, үнемі ізденіс үстінде болды.
Туған өлкесіне мықтап табан тіреген соң филармониядағы жұмысынан тыс, қоғамдық өмірге араласып, шәкірт тәрбиелеуге ден қойды. Жоғары оқу орындарымен байланыс орнатты. Бұл ретте ұлтжанды тұлға Зұлқарнай Алдамжардың көп көмек көрсетіп, жанашырлық танытқанын сағынышпен еске алатын. «Ақжелең» этнографиялық ансамблінінің құрамында болды, көп өтпей көркемдік жетекші қызметіне кірісіп, ұжымның тізгінін қолына алды. «Ақжелең» әлемнің бірнеше елінде өнер көрсетіп, астықты аймақтың атын асқақтатты. Республикалық, Халықаралық бәйгелерде топ жарып, еліміздегі ең танымал ансамбльдердің біріне айналды. Әлі де сол тұғырдан түскен емес!
Өз басым Наз-ағаңмен 2007 жылдан бері бірге жұмыс істей бастадым. Мемлекеттік мерекелердегі іс-шаралардың сценарийін маған жаздыратын. Сондағы байқағаным, ол кісі әр концертке аса мұқият дайындалады. Ұсақ-түйекке де асқан жауапкершілікпен қарайтын. Әріптестері арасында беделі зор еді. Достарын аса қадірледі, әрі мақсаттас, ниеттес жолдастары еліміздің қай түпкірінде де көп болатын.
Ол қандай іске де үлкен қажырмен кірісетін табиғаты қайраткер еді. Қостанай облыстық филармония жанынан қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің ашылуына сіңірген еңбегі ересен. Оркестрді жасақтап, оның алғашқы дирижері де өзі болды. Репертуарының мазмұнына, толығуына баса көңіл бөлді. «Думанды Тобыл», «Шақшақ Жәнібек», «Ұстаз арманы», «Арақарағай, арман-ай» сынды сүйекті туындылардың бәрі Наз-ағаңның ұсынысымен жазылғанын біреу білсе, біреу білмес. Ал, бұл дегенің үлкен шаруа ғой. Оған тиісті қаржы-қаражатты да өзі ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Кемеліне келіп, күйшілік өнерде өз қолтаңбасын нық қалыптастырған дарабоз орындаушылықтан гөрі ұстаздыққа, ұйымдастырушылық ісіне көбірек көңіл бөле бастады. Азаматтық ұстанымы айқын өнерпаз, алдынан кездескен кедергілерді бұзып-жара өтетін.
Қайраткердің жастық жалынды шағы Қостанайда қазақ өнерінің қайта жаңғыру, қалыптасу кезеңімен бірге өрілді. Тобыл өңірінде ұлт-аспаптары оркестрі ашылды. Жас буын домбырашылар қалыптасты. Аудан орталықтарында ұлттық өнерге басымдық беріле бастады. Наз-ағаң өзінің филармониядағы негізгі қызметінен тыс өңірлермен де тығыз байланыс орнатып, бәрін бақылауда ұстап отыратын. Жыл сайынғы көркемөнерпаздар байқауының дайындығына жанын салып кірісетін. Оның қолтаңбасы облыс аудандарының бәрінде бар.
Діттеген мақсаттары орындалған дирижер ұйымдастыру жұмыстарына біржола білек сыбана кірісті. Қостанайда тұңғыш рет өткен республикалық домбырашылар байқауы, дирижерлер шеруі, Халықаралық «Түркі әлемі» этно-фестивалі сынды айтулы шараларды қолға алды. Оның сыртында елімізге танымал композитор, әншілердің, филармонияда шығармашылық кештерінің көптеп ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Мұндай ауқымды шараны өткізу үшін зор қажыр-қайрат, қаражат, ең алдымен жанашыр жүрек керек қой. Табиғатынан ізденімпаз, ұлтын шын сүйетін іскер азамат, талапшыл басшы Назымбек Молдабекұлы жауапкершіліктен қашқан емес, қайта жаңа жобаларды жүзеге асырсам деп құлшынып тұратын.
Наз-ағаңның тағдырындағы бір нысаналы ерекшелік – ұлы күйші Нұрғиссамен бір күнде туғаны еді. Композитордың алдын көріп, назарына іліккенін ілтипатпен еске алатын, оны үлгі тұтатын. Н. Тілендиевтің 90 жылдығына арналған дирижерлар форумын өткізуді жоспарлап, тіпті мерзімін де белгілеп қойған болатын. Оған әлемді шарпыған пандемия мүмкіндік бермеді. Әбілахат Еспаев, Ехсан Есетов сынды туған жердің тұлғаларын насихаттау да көкейінде жүретін. Қай отырыста болмасын өзі ұстаз тұтқан күйші Абай Әмірханов ағасын аузынан тастамайтын. Абай Ғазизұлына деген ілпипат-ізеті ерекше-тұғын.
Оның ауқымды армандары көп еді. Алтын орда кезеңінен Абайға дейінгі тарихты қамтып, үлкен бір спектакль-концерт жасасам деген жоспарын айтып, іштей дайындықты бастап кеткен болатын. Әттең, тағдыр оған бұл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. 2020 жылдың 19 шілдесінде үлкен жүректі азамат мезгілсіз қазадан көз жұмды. Суға кетіп бара жатқан адамдарды құтқарам деп жүріп, өзі тілсіз жаудың құрбанына айналды. Бұл Қостанай ғана емес, қазақ өнері үшін ауыр соққы, орны толмас қаза болды. Күллі ел күңіреніп жоқтады. Қалың қазақтың қайғыдан қабырғасы қайысты. Өзі өмір бойы қызмет еткен Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының директоры болып тағайындалып, жаңа белестерді бағындыра бастаған шағында пәни жалғанмен қоштасып кете барды.
1970 жылы 1-ші сәуірде, Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылында өмірге келген Назымбек Молдабекұлы 50-ге толған шағында дүниеден озды. Топырақ туған мекенінен бұйырды. Ол туған ауылын, туған Қазақстанын, туған ұлты мен оның дәстүрлі өнерін шексіз махаббатпен сүйетін. Ал, домбыраны, күйді кие тұтты. Шәкірттеріне де сол тәрбиені сіңірді.
Келер жылы Қазақстан жаңа тарихының 30 жылдығын қарсы алмақ. Назымбек Молдахметов – Тәуелсіздіктің қадірін тереңнен түсінген, оның нығаюының жолында жанаямай еңбек еткен сахна саңлағы болатын. Ұлттық өнердің тамыр жаюы үшін саналы ғұмырын арнаған дәулескер күйшінің есімі дербес елде тұрақты насихатталуы тиіс. Келешекте Қостанайдың бір көшесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметовтің есімімен аталып, өзі жасақтаған қазақ ұлт-аспаптары оркестріне аты берілсе, ол азаматтың қызметіне лайық құрмет болар еді! Рухани саласында ол атқарған істердің шет-шегі жоқ. Өмірінің әр күнін, әр сәтін өнерге арнап өтті. Маңайынан өнерпаздар, үйінен мейман арылмайтын. Қостанайға ат басын тіреген, өнерге қатысы бар тұлғалардың бәрін қарсы алып, құрметін білдіретін. Бұл ретте жұбайы Жаннаның үлкен сүйеніш болғанын айту парыз.
«Абай жолында» Құнанбай баласы Біржан салға қарата: – «Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр» деуші еді ғой. Қазір не көп, ақын, әнші, т. с.с өзін «жұлдыз» санайтындар көп. Ал, Наз-ағаңның оларды он орап алар жері – кеңес кезінде шетпақпай көрген ұлт өнерін, домбыра үнін Тобыл өңірінде қайтадан төрге шығарғаны! Мұндай іс атқаруға кәсіби білім, дарын ғана емес, үлкен жүрек, азаматтық нық позиция керек екені белгілі. Назымбек Молдабекұлының бойында мұндай асыл қасиеттер мол еді.
Күй өнерін төрге шығарған дарынның есімі елдің жадында мәңгілік сақталуы керек! Тәуелсіздік жолында адал еңбек еткен азаматтарды қастерлей білсек, мемлекетіміздің де іргетасы нық, келешегі жарқын болмақ. Наз-ағаңдай қайраткерлерді құрметтеу – елдік жолындағы елеулі істердің бірі деп білемін!
Абылай Мауданов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, суретті түсірген Константин Вишниченко