Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова «Білім беру үдерісінде короновирустық инфекцияның таралуын алдын алу шаралары» тақырыбындағы брифинг өткізді.
Қазан айының соңында қазақстандық мектептерде бірінші тоқсан аяқталды. Күзгі каникул қараша айының 1 мен 7-сі аралығына созылады. Алғашқы тоқсанда 494 облыстық білім беру ұйымы ішінен (112684 оқушы) 456 мектепте немесе 92%-нда оқу дәстүрлі форматта (76928 оқушы немесе 68%), ал 38 мектепте (27 – Қостанай қаласы, 5 – Арқалық қаласы, 2 – Қарабалық ауданы, 1 – Ұзынкөл ауданы, Б.Майлин ауданы, Лисаковск қ-сы) немесе 8%-нда аралас форматта (29085 оқушы – 25,8%) ұйымдастырылды.
«Бүгінгі күні біз ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысын (2021 жылғы 25 тамыздағы №36) және ҚР Білім және ғылым министрлігінің (2021 жылғы 31 тамыздағы № 444) бұйрығын басшылыққа аламыз, онда мектептердің дәстүрлі режимдегі жұмысы туралы жазылған. Осы бұйрыққа сәйкес асинхронды немесе өз бетінше оқуға медициналық қорытынды болған жағдайда жол беріледі және бұл мектеп директорының бұйрығымен ресімделеді. Алайда, тоқсандық жиынтық бағалау міндетті түрде мектепте дәстүрлі режимде орындалады. Қанағаттанарлықсыз баға алған жағдайда бала оқуын дәстүрлі режимде жалғастырады. Бүгінгі күні облыстың білім беру ұйымдары осы нормативтерді қатаң ұстанып отыр», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Сонымен қатар, З.Байменова әлеуметтік желілерде балаларды вакцинациялауға қатысты көптеген жалған жаңалықтарды көріп отырмыз деді.
Айрықша айта кететін жайт, ата-аналардың жазбаша рұқсатынсыз жасөспірімдер мен балаларды вакцинациялау жүргізілмейді. 16-17 жастағы жасөспірімдер, содан кейін 12 жастан асқан балалар профилактикалық вакцинаны тек ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен ғана ала алады.
«Сондай-ақ, азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуге, арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған ақпаратты таратпауға шақырамын, және бұл үшін ҚР Қылмыстық кодексіне (274-бап) сәйкес айыппұл, түзеу жұмыстары, немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгендігін еске саламын», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.