Қостанайлықтардың смартфон арқылы 5 минуттық кино түсіріп, режиссерлік, операторлық және актерлік шеберліктерімен танылуына мүмкіндік бар. Қазір облыста Мобильді кино фестиваліне өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Фестивальге жасы 16-дан асқан, бойында қабілеті, қалтасында смартфоны бар облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады.
Алайда шағын фильмде әуесқой автордың шығармашылық ізденісі айқын көрінуі тиіс. Нақтылай айтқанда, ол сценарист, режиссер, оператор, монтажшы, тіпті актерлік шеберлігін бір фильмде біріктіруі керек.
Фестиваль бастамашысы, танымал режиссер Фархат Серкебаев қабілетін сынап көруге ниеттенген қатысушылардың қатары күннен-күнге көбейіп жатқанын айтады. Үміткерлер «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік сценарий», «Үздік актер», «Үздік әлеуметтік ролик», «Үздік мотивациялық ролик», «Үздік комедия», «Көрермендер көзайымы» атты 7 аталым бойынша бақ сынасады.
«Жобаның басты ерекшелігі сол – кез келген адам өз фильмін мобильді құрылғысына түсіре алады. Ол үшін үлкен түсірілім тобы да, аппаратура да, арнайы алаң да қажет емес. 5 минуттан аспайтын фильммен байқау жеңімпазы атануға әркімнің мүмкіндігі бар. Жанрлық шектеу де жоқ. Ол әлеуметтік драма бола ма, әлде комедия ма, ең бастысы, идеяға мән беріледі. Ауқымды жобамызды «Қазақфильм» киностудиясы қолдап отыр», — дейді Ф.Серкебаев.
Байқауға материал қабылдау 15 қазанда басталған. 10 қарашаға дейін жалғасады. Фестивальдің сайты ашылды. Қатысуға ниет білдірген әрбір үміткер сол сайт арқылы өтінім толтырып, видеосын жүктей алады. Ереже-шарттарын естеріңізге салсақ, фильм смартфонмен ғана түсірілуі тиіс. Киноның тек 20%-не дрон немесе экшн-камера қолдануға рұқсат беріледі. Жарық, кран, түсірілім арбалары және басқа қосымша құрылғыларды пайдалануға болады. 2-5 минуттық фильм киноматографиялық сипатқа ие болуы керек. Картинада бірнеше кейіпкердің болуы да талап етіледі. Түсірілімнің жоғары сапалылығына баса назар аударылады. MP4 (H264), MOV, WMV, AVI тәрізді форматтағы фильмдер ғана қабылданып жатыр.
«Бір автор жаңа тіркеу формасын толтыра отырып, бірнеше видео жолдай алады. Әр материал жеке түсірілім ретінде қаралады. Авторлардың пост-продакшн кезеңінде визуалды немесе дыбыстық әсерлермен безендіру үшін әртүрлі арнайы бағдарламаларды пайдалануға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, фильм тек осы фестиваль үшін түсірілуі керек. Бұрын түсірілген, фестиваль тематикасына сай келмейтін материалдар қабылданбайды. Басты ескерерлігі, әр фильмнің атауы, слоганы және 20 секундтық трейлері болуы шарт», — дейді Ф.Серкебаев.
Ұйымдастырушының айтуынша, фестивальдің бастапқы мақсаты Тобыл өңірінің тұрғындары арасынан үздіктерді іріктеу-тін. Бірақ, соған қарамастан, сайтқа Алматы, Шымкент, Тараз, Орал қалаларының тұрғындары да материалдарын жүктеген.
Сондықтан, екпінді Қостанай облысына салып, әлі де көп қатысушының өтінім беруін күту жоспарда бар.
«Осы күнге дейін 80 шақты материал қабылданды. Соның 40-тан астамы – қостанайлықтардың жұмысы. Ішінде өте жақсы туындылар бар. Енді қазіргі уақытта кейбір азаматтардан «қабылдау мерзімін 15 қарашаға дейін созсаңыздар, үлгермей жатырмыз» деген өтініштер айтылып жатыр. Бұл ұсыныс та қаралатын болады. Өйткені, біз осы байқау аясында қостаналықтарды көбірек қамтығымыз келеді», — дейді режиссер.
Ал, негізі, ереже бойынша, 10-20 қараша аралығында іріктеу айналымы өтіп, 26 қарашада жеңімпаздар марапатталуы тиіс. Бұл іс-шараға республикадан қазылар шақырылады.
«Қазылық жасауға «Қазақфильмнің» вице-министрі Айдархан Әділбаев, танылам актерлер – Мұрат Бисембин, Айнұр Нұрсейіт және белгілі журналист Майя Бекбаева және басқалары келеді деп жоспарларып отыр, — дейді Ф.Серкебаев. — Жеңімпаздарға монтаж жасауға арналған компьютер, 13 Айфон, дрон секілді бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Ең бастысы, бұл фестивальдегі жеңіс олардың болашақта кино әлеміне бой ұруларына үлкен серпін береді деп сенеміз».
Фестиваль басталар алдында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қазақтың алғашқы киносы Тобыл-Торғай өңірімен тікелей байланысты екенін сөз етіп, жерлестеріне сәттілік тілеген еді.
«Ұлттың тұңғыш фильмі «Амангелді» әйгілі батыр Амангелді Имановқа арналып түсіріліп, басты рөлде Елубай Өмірзақов ойнады. Екеуі де біздің жерлестеріміз. Сценарийін көрнекті қаламгер Бейімбет Майлин жазды. Ол да қостанайлық. Сондықтан қазақ киносы бастауын Қостанай облысынан алады. Осы керемет тарихи дәстүр қайта жалғасын тапса дейміз. Өңірімізде осы фестивальде ерекше қабілетін көрсете алатын дарынды жастар өсіп келе жатқанынан сенімдімін», — деген болатын Ерлан Болатұлы.