Қостанай жұртшылығы футболдан Қазақстанның жаңа чемпионы – «Тобыл» командасын күтіп алды. Чемпиондармен кездесу үшін әуежайға жүздеген адам келді. Олардың ішінде «We Are Tobol», «Ultras Green» сынды арнайы жанкүйерлер тобы бар.
Мұнан соң футболшылар бірден «Тобыл Арена» манежіне келіп, жанкүйерлермен кездесті. Команданы мұнда облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі күтіп алды. Аймақ басшысы «алтын арқалаған» жігіттерге алғысын айтты.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімі болып тағайындалған кезде алдыма бірнеше мақсат-міндет қойдым. Солардың бірі – «Тобылды» чемпион ету. Міне, араға бірнеше жыл салып осы арманымыз да орындалды. Сол үшін де командаға, бапкерлер штабына, әкімшлікке, жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Қиын уақытқа қарамастан сіздер үлкен міндетті орындап шықтыңыздар. Бүгін – Қостанайда мереке, футбол тойы. Алға, «Тобыл»!, — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы құттықтау сөзінде.
Команда құрметіне арнап, облыстың өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Футболшылар атынан команда капитаны Азат Нұрғалиев сөз алып, жанкүйерлерге алғысын білдірді.
— 11 жылдан соң Қостанайға чемпионаттың алтын медалі оралды. Мұның дәрежесі өте жоғары, қазір біз эмоцияға ерік беруіміз мүмкін, біраз уақыттан соң бәрін түсінеміз деп ойлаймын. Шынымен де біздің команда үлкен жұмыс атқарды. Үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Архимед Бегежанұлына алғыс білдіреміз, пандемияға және елдегі үлкен проблемаларға қарамастан ол командаға үлкен көңіл бөлді, әрқашан қасымызда болды. Сондай-ақ, жаттықтырушылар штабына, Александр Васильевич Москаленкоға рақмет айтамын. Маусым басында команданы Григорий Константинович Бабаян баптады, оның да еңбегі көп. Көптеген мәселелер болды, жаттықтырушылар штабы өзгерді, бұл — қалыпты жағдай. Қалай дегенмен де қиын сынақтан бірігіп өттік. Қадірлі жанкүйерлер, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымыз шексіз, өйткені футбол сіздер үшін ойналады, біз сіздер үшін ойнаймыз! Қостанай жұртшылығын алтын медальмен құттықтағым келеді! — деп ағынан жарылды «Тобыл» футбол клубының капитаны Азат Нұрғалиев.
Манежге келген жанкүйерлер футболшылармен естелік суретке түсіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Қазақстанның алты дүркін чемпионы «Астана» болса бұл жолы күміспен күптелді. Елордалық команда соңғы турда өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Ал былтырғы чемпион команда «Қайрат» қоланы қанағат тұтты. Құрбан Бердыев футболшылары сырт алаңда «Жетісумен» ұпай бөлісті. Биылғы біріншілікті сүреңсіз өткізген талдықорғандық клубпен бірге қызылордалық «Қайсар» Бірінші лигаға түсіп қалды.
Турнирлік кестедегі 4-орын үшін талас «Қызыл Жар» мен «Ордабасы» арасында өтті. Тартысқа толы ойында «Қызылжар» қосымша уақытта соғылған голдың арқасында өз жанкүйерлерін жеңісімен қуантты. Енді Солтүстік Қазақстандағы футбол жанкүйерлері Қазақстан кубогының аяқталғанын асыға күтеді. Карповичтің командасы кубокты «Астана», «Қайрат» немесе «Тобылдың» бірі алғанын тілейді. Бастысы, оларға бұл турнирде «Шахтер» жеңіске жетпесе болғаны. Егер аталған үш команданың біреуі Қазақстан кубогының иегері атанса, «Қызыл-Жар» келер жылы тұңғыш рет еурокубоктық ойындардың іріктеу кезеңіне (Конференция лигасы) қатысады.
Араға 10 жыл салып ел чемпионы атанған «Тобыл» келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түседі. Айтпақшы, бұл клуб үшін маусым әлі аяқталмады. Москаленко шәкірттері ендігі кезекте Қазақстан кубогын жеңіп алуға бар күшін салады.
Қостанайда өткен футболшыларды марапаттау рәсімінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов команданың алдында тұрған ендігі маңызды міндет Қазақстан кубогын жеңіп алу екенін айтты. Ал «Тобылдың» капитаны Азат Нұрғалиев газетімізге берген сұхбатында қостанайлық клуб үшін бұл чемпиондықтың маңызы жоғары екенін жеткізді.
– Араға 11 жыл салып Костанайға чемпионаттың алтын жүлдесі келді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Чемпиондық оңайлықпен келген жоқ. Осы ретте командаға ерекше көніл бөліп, қолдау білдірген облыс басшысы Архимед Бегежанұлына рақмет айтамыз. Барлық тренерлік штабқа, бас бапкеріміз Александр Москаленкоға да алғысымыз шексіз. Маусым басында команданы жаттықтырған Григорий Бабаян мырзаның да бұл жеңіске үлесі зор. Көптеген қиындықпен күрестік, жаттықтырушылар штабы өзгерді, командада да өзгерістер болды. Соған қарамастан діттеген мақсатымызға жеттік, чемпион атандық. Келесі жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсетеміз. Ол да үлкен мәртебе. Жақсылап дайындаламыз деп ойлаймын. Өйткені онда бүтін елдің абыройы сынға түседі. Ел чемпионы ретінде сол жауапкершілікті сезініп, сәтті өнер көрсетуге бар күшімізді саламыз, – дейді команда капитаны.
Маусым ортасында команда ауыстырған өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев те еліміздегі спорттық сайттарға берген сұхбатында «Тобылдан» шақырту алғанына, қостанайлық клуб жейдесінде өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізген.
– Мен дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Команда ретінде «Тобыл» өте жақсы, ұйымшыл команда, барлық ойыншы жоғары деңгейдегі кәсіпқой футболшылар. Бізде ел чемпионы атануымыз керек деген мақсат болды және бәрі сол үшін күресті. «Тобылдың» 11 жылдан кейін қайтадан чемпион атануына үлес қосқаныма, маңызды ойында гол соққаныма қуаныштымын, – деп ағынан жарылды Сергеев.