Қостанайда «Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Екі күн бойы елді елеңдетіп, Тобыл өңірі тұрғындарын тұмса өнердің тұнығына сусындатқан айтулы жыр сайысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.
Аламан айтыстың Nur Otan партиясының қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың тікелей ұйымдастыруымен өткенін айта кету керек. Nur Otan партиясы облыстық филиалының араласуымен қомақты жүлде қоры жиналып, бас бәйгеге Қостанай автозауытынан шыққан су жаңа жеңіл көлік тігілді. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.
– Бүгін қазылар алқасының мүшелері, жан-жақтан келген ақындар аяулы бабамыз Ыбекеңнің зиратына барып зиярат етіп, ескерткішіне басымызды иіп, гүл шоғын қойдық. Өйткені қазақта Ыбырайдың орны қашанда бөлек. Бұл – бүкіл оқу-ағарту жүйесінің басында тұрған адам. Біздің бәріміз Ыбекеңнің мектебінен шыққан шәкірттерміз. Қостанай облысы – Қазақстанның экономикасын тіреп тұрған қара шаңырақтардың бірі. Биыл біраз қиыншылықтар болып жатыр, астық аз болып қалды. Десек те облыстың экономикалық өрлеуі көз қуантады. Осы өңірде Қостанайдың өзінде ашылған ірі өндіріс ошақтары еліміздегі жаңа талпыныстардың, ізденістердің, заманауи экономика жүргізуге бағытталған жұмыстардың көрінісі. Біздің ақындарымыз бүгін сол әріден тартып, Ыбекеңнен бастап, Қостанайдың бүгінгі келбеті мен осы жерде туған ұлт мақтаныштарының бейнесін сөзбен сомдап, тәуелсіздік жемістерін жырға қосады ғой деп үміттенеміз. Енді сөзді созбақтамай алдарыңызға келіп тұрған ақындарды көрсетейік, – деген Жүрсін ағамыз жұртты көп күттірмей алғашқы айналымда өнер көрсететін жеті жұппен таныстырып өтті.
Аузымен құс тістеген небір дүлдүлдер қатысқан дүбірлі бәйгеде қостанайлық Салтанат Өтелбаева, Тоба Өтепбаев, Айбар Рағатовтар, Арқалықтан келген Батырлан Сағынтаев, қызылжарлық Жарқын Жұпархан, керекулік Аспанбек Шұғатаев, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан, Түркістаннан Қалижан Білдәшев, Оралдан Жансая Мусина, Алматыдан «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлы мен Шұғайып Сезімхан, қарағандылық Тілеген Әділов сынды ақындар бақ сынасты.
Сахнаға бірінші болып Түркістаннан келген Қалижан Білдәшев пен Жайықтың Жансаясы шықты. Қос ақын қыз бен жігіт айтысының жақсы үлгісін көрсетіп, тартысты өнер көрсетті.
Шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық Салтанат Өтелбаеваның тартысы да тартымды шықты. Айтысты синкретті өнер десек, Нұрланның ақындық, әншілік, ділмәр-шешендік қыры толысқан нағыз айтыскер екені айқын көрініс тапты. Ұлттық ғылым мен өнердің бастауында тұрған Тобыл топырағының ұлы перзенттерін дәріптеп жырына арқау етті.
Қазылар алқасының құрамында атақты жыршы Алмас Алматов та отырды.
– Тобыл өңіріндегі бүгінгі мерекеге елімізге белгілі ақындар келді. Ыбырай елінің мерейін асырып, тәуелсіздігімізді жырға қосты. Бұған дейінгі тарихта белгілі немесе назардан тыс қалып келе жатқан үлкен мәселелерді қозғап, айтыстың көрігін қыздырды. Қостанай – ұлттың алтын тұғырындай болған қасиетті мекен ғой. Батырды да, ақынды да, жырауды да, ғалымды да ұшырған ұлттың алтын ұясы. Сондықтан келешекте Тобыл-Торғай өңіріндегі ақындық, жыраулық мектеп те өрістей түседі деп ойлаймын, – деді әйгілі жырау.
«Қызыл аймақтың» қыспағынан құтыла қоймаған жергілікті жұрттың айтысты сағынып қалғаны көрініп тұрды. Мұны қазылар алқасының төрайымы Әсия Беркенова да тілге тиек етіп өтті.
– Пандемия кезінде өнерге сусап қалған көпшіліктің бүгін бір үлкен рухани қазынаға кенелгендей әсерде болғаны анық. Ақындар да жақсы өнер көрсетті. Қоғамдағы, білім саласындағы, ұлттық тәрбиеге қатысты өзекті мәселелер айтылды. Қостанайдан екі ақынымыз шықты. Екеуі де жақсы өнер көрсетіп, сүбелі сөз айта білді, – деді халық ақыны.
Қазылар алқасының шешімімен 3-орынды Салтанат Өтелбаева мен Нұрмат Мансұров иеленіп, жүлдегерлердің әрқайсы 500 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. 2-орын арқалықтық ақпа жырдың шебері Батырлан Сағынтаев пен Сыр сүлейлерінің ізін басып келе жатқан Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Екеуі де 1 млн теңгеден ақшалай сыйлық алды.
Ал бірінші орынды жеңіп алған алтын домбыра иегері Рүстем Қайыртайұлы 2 млн теңге сыйлыққа ие болды. Айтыстың бас жүлдесі – Қостанайда құрастырылған темір тұлпарды алматылық ақын Шұғайып Сезімхан еншіледі. Су жаңа Chevrolet Nexia көлігінің кілтін жеңімпазға Қостанай облысы әкімнің орынбасары Арман Әбенов табыс етті.
Аламан айтысқа қатысқан ақындардың ешқайсы құр қол қайтқан жоқ. Жүлдеге ілінбеген жүйріктерге облыс әкімдігі Тәтіқара жырау, Ы.Алтынсарин, М.Дулатов, М.Сералин, Е.Өмірзақов атындағы арнаулы сыйлықтар табыс етті.
Ал Нұр-Сұлтандағы Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының атынан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес айшықты айтыс көрсеткен түркістандық ақын Қалижан Білдәшевке 300 мың теңге көлемінде арнайы сыйлық табыстады.