Биыл — ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Егеменді еліміздің бастауында тұрған сол кездегі ел ағалары, бүгінгі ардагер-ақсақалдарымыз мемлекетіміздің, оның ішінде Тобыл-Торғай өлкесінің аяқтан нық тұрып, нығаюына, өркендеп дамуына, рухани жағынан кемшін қалмауына зор үлес қосты, әлі де қосып келеді. Солардың бірі – Рудный қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Кәкенов Жақсылық Кәкенұлы.
Өз өмірін өлеңмен жазып кеткен ақын Тоқтарбек Әбдірахманұлының тұтас бір ұрпақтың ғұмыр баянына айналған: «Біз қырқыншы жылдарданбыз, Тар кезде туғандармыз. Кештетіп бүр жарғанбыз, Көп тойдан құр қалғанбыз, Шыңырауда шыңдалғанбыз, Жығылып тұрғандармыз, Мұңды ән-жырларданбыз, Ертеңгі думандармыз — Біз қырқыншы жылдарданбыз» деген өлең жолдарының біздің негізгі кейіпкеріміз –Жақсылық Кәкенұлына да тікелей қатысы бар. Әкесі Кәкен Шоланов сұрапыл соғыс басталған 1941 жылдың мамыр айында әскерге алынып, содан хабар ошарсыз кеткен екен. Сол жылдың қазан айының 24 жұлдызында Жақсылық ағамыз Қостанай облысы, Торғай ауданының «Ақшал» ауылында дүниеге келеді. Ағамыздың ақын жерлесі Серікбай Оспанов: «Күндер өтті,Жүректе арман ғана,
Талай,талай таң атты алдан жаңа!
Әрбір күннен күтетін жан әкесін,
Құрсағында ананың қалған бала.
Бір көру боп әкесін бар тілегі,
Ақ таңдарға үмітін артып еді.
Соғыс өрті сөнер деп бұл баланың,
Жақсылық деп қойыпты атын елі» деп тебірене жазған екен. Аумалы төкпелі уақытта баланың құжаты уақытылы толтырылмағандықтан болар,онда 1943 жылдың 15 қыркүйегі деп жаңсақ жазылып кетіпті. Оны кейін ағамыз көп жыл ізденіп жүріп қалпына келтіріпті. Өлеңмен бастаған соң, өлең жолдарымен жалғасам, атақты ақын Мәуленов Сырбай ағамыз «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін ұлынан айырылған ана мен жесір қалған жар, ондағы өрімдей жас сәби де, әке көрмей өскен, Жәкең сияқты пешенесіне жазылған тағдыр тауқыметін қайыспай көтерген жандарға арнағаны белгілі.
«…Кетерде солдат жарының, Ішінде қалған ана жыл. Көкемді айтпай танырмын, Деп бір сәби бала жүр. Қайрылмай қалай кетесің, Хабарсыз қалай ол тоқтар, Көрдің бе оның көкесін, Соғыстан қайтқан солдаттар?..».
Ең болмаса естелікке суреті де қалмаған, әке мейіріміне қанбаған Жәкең анасы Рузияның тылдағы «Бәрі де Отан үшін,бәрі де Жеңіс үшін!» деп қайнаған еңбектің ортасында жүріп, аналық парызын адал атқарып, үш қызы мен өзін тістелеп жүріп өсіргенін жыр ғып айтқанда, тағы да Мұқағали ақынның: «Қайран біздің шешелер, Арды ойлаған,Шілік шауып, ши орып,бау байлаған. Жігіттерден айрылып,қалмай қараң, Қырман басып,егін сап, арба айдаған» деген өлең жолдары нақты суретке айналып, көз алдыңа келеді. Қай заманда да қазақ жесірі мен жетімін жылатпаған қасиетті халық қой, сондай сәтте туысқандары Жұмағалиев Мұқан тәтесі мен Шоланов Қадырғали көкесінің жасаған жақсылықтарын әсте ұмыта алмас. Әсіресе, олар Кәкеннің отбасы айдалада қараусыз қалмасын деп, сол жылдары өздері тұратын Шилі ауылына көшіріп алуы да ерлікке пара — пар елдіктің үлгісі болатын.
Осы орайда Жәкеңнің сыныптасы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Күлсайран Батырғалиқызының 2012 жылы 16 қазанда «Біздің Торғай» газетінде ағамыздың 70 жылдық мерейтойына арнап жазылған «Өмірдің мәні — алға ұмтылу» атты естелігінен үзінді келтіре кеткен де артық болмас. Ол кісі: «Иә, біздер сол соғыс жылдарының балалары едік.
«Жетім көрсең-жебей жүр» демекші, әр сәбидің ортасы, өзіндік тағдыры болды. Әркім дәм бұйырған жерден білім нәрімен сусындады. Көне Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин салдырған мектеп білім беру үрдісінде шоқтығы биік бірден — бір ағарту орны болды. Сол мектепті 1959 жылы 90-нан аса түлектің бірден бітіріп шығуының өзі неге тұрады десеңізші?! Әлі есімде, 9 сыныпта оқимыз. Физика пәнінің хас шебері, Қайырбек Алматовтың (марқұм ол кезде мектеп директоры болатын) сабақ үстінде: — Балалар, араларыңда күні кеше ғана жеңіспен аяқталған Ұлы Отан соғысында, отан үшін, ел үшін, сендердің болашақтарың үшін қасық қаны қалғанша жаумен соғысып, майданнан оралмаған әкелердің баласы қанша екен -деп, тосын сұрақ қойғанда орындарынан дүрліге тұрып, олар біздерміз дегенде, отырып қалғандардың саны 5-6 ғана болатын. Осыны көрген ағайдың жабырқаған жүзі лезде мейірімге толып:
— Жарайды. Оқасы жоқ. Сенде әлі-ақ ержетесіңдер. Әке орнын басасыңдар. Жақсы азамат болу үшін жақсы білім керек. Жақсы оқыңдар,-деген еді. Сол жылғы мектеп бітіргендер қатарынан жаман болғандар жоқтың қасы» деп апамыз терең толғанған екен. Мектепті ойдағыдай аяқтаған Жақсылық ағамыз да арманшыл жастардың ақ ордасына айналған Алматы қаласына оқуға барғысы келді. Бірақ анасы мен бауырларын ойлап, жалпы елдегі жағдайды бағамдай келе өзіне өзі жігер беріп: -Қой, Жақан «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп, облыс орталығы Қостанайдағы мемлекеттік педагогикалық институтқа жол тартты.
Талапты ерге нұр жауар дегендей, ондағы «Тарих және орыс тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай тәмамдап шықты. Елге ерекше шабытпен оралған жас жігіт алдымен Ақсуат, кейін Шилі ауылдарындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, алғашқы еңбек жолын бастады. Ұстаздықтың ұлағатын енді ұғына бастағанда 1965 жылы Совет әскері қатарына шақырылып, отан алдындағы борышын Өзбекстан мен Түркіменстан жерінде өтеп қайтты. Ол екі ортада аяулы анасы Рузия 1966 жылы көрген көп бейнеттің әсерінен болар, ауырып өмірден озды.
Өмірге деген құлшынысы, жалындаған жастық жігері бойында алаулап тұрған Жақсылық Кәкенұлы Шилі орта мектебінде мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Аудандық байқауларға қатынасып, мәдени ісшаралардың ұйымдастырушысы ғана емес, көптеген әндердің орындаушысы да болады. Сол кезде алдынан құшағын жайып тағы да ұстазы Қайырбек Алматов шығады. Ол кісі сол кезде Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс атқарып жүр екен.
– Оу,Жақан, сен сауатты, іскер азамат болыпсың.Соғыстың ауыртпалығын көтерген, қиындықта шыңдалған жігітсің, енді жастармен жұмыс істеуің керек,-деп 1970 жылы Жангелдин аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайлануына себеп болады.
Сол жылы Торғай облысының ашылуына байланысты желтоқсан айында қызмет бабымен киелі Торғай өлкесінің орталығы боксит кенін өндіруші Арқалық қаласына қоныс аударып, облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Облыс орталығы — Арқалық қаласының әлеуметтік өміріне белсенді араласып, Бүкілодақтық комсомол құрылысына келген жастарды ауыл шаруашылыққа, әсіресе егін егу, қой өсіру жұмысына жұмылдырып, жастар бригадаларының қолайлы еңбек етуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар жас жігіттер мен қыздардың оқуы, жұмысқа орналасуы, тұрмыс жағдайы сияқты мәселелерді шешумен айналысты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ 1971 жылы Қазақстан Ленин комсомолының 50 жылдығына байланысты Орталық комитеттің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Жақсылық Кәкенұлы 1973-1978 жылдары Арқалық қаласындағы партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп жүрген кездері қаншама мерекелік іс-шараларды, конференциялар мен пленумдарды ұйымдастырып, баяндама, лекция дайындауға да білек түре араласады.
Торғай облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясында нұсқаушы болып еңбек етті. Жақсылық ағамыз сол кездері облысты басқарған Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков және Оразбек Қуанышев сияқты абыз тұлғалармен араласып, үлгі-өнеге алған. Партиялық бақылаушы қызметінде жүрген кезде мемлекеттік тәртіпті сақтауды қадағалап, арыз-шағымдарды тексеріп, комиссия жұысына көмек көрсетті, бастауыш партия бюросының мүшесі, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. Сонау 1988 жылы КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, Қостанай облысындағы Денисов аудандық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы болып жұмыс істегенін де көпшілік қауым жақсы біледі. Қоғам отырыстарында әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ тілінің қазіргі жай-күйі туралы мағыналы мақалалары аудандық,облыстық газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары «Тіл туралы» Заң мен құжаттардың орындалу барысына сараптама жасап, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белсенді араласты. Жәкең 1998-2004 жылдары Қостанай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында абыройлы еңбек жасап, Қазақстан-2030 стратегиялық бағдарламалары мен бағыттарына үн қосты.
Ел Президентінің халыққа Жолдауларына өзіндік зерттеу жасап, пікір жазумен шұғылданады. Осындай белсенділігі мен маңызды жұмыстары үшін 2001 жылы Жақсылық Кәкенұлын Мәдениет,ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Өмірге деген іңкәрлік пен өнерге деген құштарлық Жақсылық ағамызды «Ақ дариға» ардагерлер хорының әншісі ретінде танытты, ол түрлі деңгейдегі концерттерге қатынасып халық әндерін насихаттауға белсене кірісті. Жәкең 2005 жылы отбасылық жағдайымен кеншілер қаласына қоныс аударды. 2006-2021 жылдары мемлекеттік рәміздер, тіл мәртебесі, латын әліпбиіне көшу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес,ономастика мәселесі, Наурыз мейрамы, Жастар, «Еріктілер» жылына, Ұлттық домбыра күніне, коронавирус инфекциясына, тағы да басқа тақырыптарға арналған мақалалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, қалалық басылымдарда үздіксіз жарияланып келеді.
Бүгінде Рудный қаласының ардақты ақсақалы ретінде кеңінен танылып, өнерге де жақын араласып, «Жадыра» вокалдық тобының белді мүшесі ретінде оның «халықтық вокалдық ансамблі» атағын алуына мұрындық болды. Сахна төрінде жас кезінен өзі сүйіп орындайтын Абайдың «Айттым сәлем,Қаламқас», «Татьянаның әні», Ахмет Байтұрсынұлының «Қарғаш», Рамазан Елебаевтің «Жас қазақ», Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее» сияқты әндерін шырқап, домбыраға әуестігі бар азамат, қалалық ән байқауларына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Еліміздің ертеңі саналатын оқушы жастарға да тәлім-тәрбие беруден де қалыс қалмай, түрлі деңгейдегі оқу орындарында, кітапханалар мен мұражайларда,мекемелер мен мәдени орталықтарда ұйымдастырылып тұратын жиындар мен конференцияларға, әртүрлі іс-шараларға жиі араласады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы Жақсылық Кәкенұлының өмірбаяны мен портреті Рудныйдағы «Достық» саябағындағы ардагерлер аллеясынан құрметті орын алды. Маусым айында ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды. «Нұр Отан» партиясының, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Қазақ тілі мен мәдениеті және өнерінің шын жанашыры Жақсылық ағамыздың сан қырын ашып суреттей беруге бір мақаланың көлемі көтермейтін болғандықтан да, «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырып, жергілікті ақын Әбдіғази Алматов ағамыздың:
«Әлі күнге басылған жоқ қызулығы қаныңның, Биігіне қонақтадың біліктілік танымның. Арда мінез қалыбында, алқалы топты тыңдатқан, Сыналғанда көрмедік біз, сынған жерін сағыңның… …Жақсылыққа жайлаттырдың жайлау етіп жаныңды, Қажырыңмен қайнаттырдың өзі де ыстық қаныңды. Адамдықты биік ұстап, келдің мына жасыңа, Ұран етіп ұятыңды, байрақ етіп арыңды» деген жыр жолдарымен қорытындылап, 56 жыл бірге түтін түтетіп келе жатқан Райхан жеңгеміздің асыл жарын, бес қыздың әкесін, жеті жиен мен екі жиеншардың асыл атасын сеңгір көктей сексен жасымен шын жүректен құттықтап,сергелдеңсіз өмір сүріп, ел игілігіне жүз жасқа жеткенше талмай қызмет жасай беріңіз деп тілек тілейміз!
Арман Сәбитбекұлы, журналист. ҚР «Ақпарат саласының үздігі», Рудный қаласының құрметті азаматы.
Суретті түсірген Марат Қалжан.