Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақ тілінен қылыш соққан

12 ноября 2021 11:30 • 510 просмотров

Тобыл-Торғай өңіріне ғана емес, есімі елімізге белгілі сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин де көзі тірісінде өзі өскен, оқыған Әулиекөл ауданындағы Жангелді, Қояндыағаш ауылдары туралы жиі айтатын. «Ағаштың арасында, қарағайлардың басына өрмелеп, ойнап өстім. Ауыл балалары қарнымыз ашқанда үйге ентігіп жүгіріп келеміз, сонда әниім күйдіріп, шелекке құйып қойған шекілдеуік сарымайдан шай кесеге құйып береді. Соны сіміріп салып, қайтадан шапқылап кетеміз», деп еске алар еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ғұмар ағаның әкесі Ғарифолла Қостанайға іргелес Челябі облысының Златоуст қаласындағы әскери зауытта жұмыс істейді. Қостанайдан да көп қазақ барып, сол зауыттан нәпақа тапқан екен. Соғыс аяқталған соң үйелмелі-сүйелмелі үш қызы қылтиып өсіп қалған Ғарифолланың қалың орыстың арасында қалғысы келмейді. Қазанға қайтайын десе, онда күнкөрістің жырғап тұрмағанын естиді. Сонда Қостанайдан барған бір қазақ: «Ғареке, біздің Әулиекөл – қалың қазақтың, мұсылманның ортасы. Сенің діни білімің бар адамсың, біздің елде кісі қайтса жаназасын шығаратын молда қалмады, жүр бізбен бірге», – дейді. Татар отбасы қазақ ауылына келген соң, 4–5 жастағы ұлы Ғұмар қазақшаны алдымен сөйлеп кетеді.

Ғұмар мектепте оқып жүргенде Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталып, кітаптары жарық көреді. Жүрегінде шоғы бар бала қатты әсерленіп, бар құлқы әдебиетке ауады. Кенже әрі жалғыз ұл қартаң әке-шешені тастап, оқуға бара алмайды да, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай түседі. Бұл кезде Ғұмар Ахметчиннің садақтың оғындай тілі нысанаға дөп тиетін сатиралық әңгімелерімен оқырмандар таныс болып та қалып еді. Оның әр жылдары «Қолды болған қораз», «Көзілдіріктің кесірі», «Көзі сынық тебен», «Ұмытшақтық зобалаңы» кітаптары жарық көрді.

Ғұмар ағаның замандас қаламгерлері айтқандай, ол көпіртіп көп жазған жоқ. Аз жазса да, саз жазды. Әңгімелері ауылдың айтқыштарын тыңдағандай әсерге бөлейді. Өйткені автор әңгімелерін шынайы өмірдегі көріністерге құратын. Кейіпкерлерінің әрекетін жібектей төгілген тілмен баяндай отырып, надандық, мақтаншақтық, жағымпаздық, сараңдық, қулық-сұмдық, өтірік және басқа да қоғамның кір-қоңы сынды қасиеттерді мысқылмен ысқылап жуғандай болады. Автордың тілін тұщынып оқисың, кейіпкерінің тірлігі кейде күлдіреді, кейде күйдіреді. Ғұмар ағаның өзі ұстаз тұтқан ғалым, сатира сыншысы Темірбек Қожакеев жанр жайындағы бір еңбегінде Ахметчиннің шығармасын мысалға алады. «Ғ.Ахметчиннің Әбігер есімді мақтаншақ, даңғаза кейіпкері бар. … Кейде оған «Әбігер аға, сіздің қолыңыз отқа күйе ме, күймей ме?» десе, «Е… неге күйеді, күймейді. Нанбасаңдар, міне, көріңдер» деп жанып жатқан отқа қолын жүгіртіп-жүгіртіп алады екен. Жалаңдаған от Әбекеңнің қолын күлдіретіп күйдіріп кетеді. Сонда ол «күйген деген мұндай болмайды» деп бой бермейтін көрінеді.

Осыны оқығанда қаттырақ күлеміз. Денсаулыққа зиянды ақымақтыққа, өтірікшілікке ызаланып, ашуланыңқырап күлеміз. Әрі оның «етігімнен су өтеді», «қолым күйеді» деп айтқаннан гөрі, тоңып қалуға, күйіп өлуге бар намысқойлығына ішіміз жылып, аяушылықпен күлеміз», деп жазады ұстазы.

Ғұмар Ахметчин Қостанай өңірінде қазақ тілі қанатының кең жайылуына, өнерінің өрістеуіне еткен еңбегі де өз алдына бір төбе. «Орыстанып кеткен» деген «әңгімесі» бар Қостанайда айтыстың қайта жаңғыруына үлес қосып еді. Облыста өткен айтыстарда ылғи қазылар қатарында болып, ақындар өнерін әділеттілікпен таразылады, жөн сілтеді. 1992 жылдан бастап, өзінің көзі кеткенге дейін үзілмей өткен мектеп оқушыларының «Жас тұлпар» айтысының ұйымдастырылуына атсалысты әрі отыз жылдай қазылар алқасының төрағасы болды. Жетінші сыныпта оқып жүргенде алғашқы айтысқа қатысып, бас жүлдені жеңіп алған Салтанат Өтелбаева қазір облыстық, республикалық айтыстарға қатысып жүрген айтыс ақыны, мәдениет саласындағы білдей маман.

«Жас тұлпар» айтыстарының бірінде Ғұмар ағасы жүлде тапсырған қара балалардың бірі Қыдырбек Қиысхан қазір белгілі әнші-жыршы, журналист. «Жас тұлпардың» тағы бір жүлдегері Ерлан Қалмақов қазір облыстық мәдениет саласының божысын ұстап отыр. Бірде Ғұмар ағадан «мектеп оқушылары айтысының шынайылығы қандай? Олардан жыл сайын айтыс ақыны шыға ма?» деп сұраған болатынбыз.

«Мен «Жас тұлпар» ақындар фабрикасы болады деп жүргенім жоқ. Бұл шара тамаша тәрбиенің бірі деп білемін. Балалар айтысқа талпынады, поэзияны оқиды, ең болмаса өлең жаттайды. Қазақ тілінің нәрін сезінетін болады. Осындай шаралар қазақ тілі қадамының ашылуына септігі тиер ме деймін ғой» деген еді.

Сонымен қатар көптеген жыл бойы Жазушылар одағының жергілікті ұйымына жетекшілік етті. Осыдан аз ғана жыл бұрын Ғұмар ағай Ұлы Отан соғысына дейінгі Кеңес дәуірінің бейнесін көркемсөзбен жеткізген талантты жазушы-журналист Аманғали Сегізбаев туралы мақала жазып, оның туған жері Денисов ауданы орталығынан бір көшеге есімін бергізуге талпыныс жасады. Мақаласы жергілікті, республикалық басылымдарда жарық көрді. Бірақ Денисов ауданы мәслихатының депутаттары «мұндай есімді естіген емеспіз» деп, оның ұсынысын қолдамай тастады. Сонда Ғұмар ағай: «Әттең, қазақ тілінде сөйлесе бұлай болмас еді. Айтқаның жұрттың жүрегіне жетпек түгіл, құлағына да кірмейді. Аманғали деген талантты журналист, Би-ағаның қасында жүрген ең жақын досы болған адам. Соғыста ерлікпен қаза тапты. Туған жерінде ескерусіз қалды, ауылдан бір көше бұйырмады-ау!» деп күйінген еді.

Ол қазақ тілінің тазалығы дегенде кірпияз қаламгер еді. Соңғы жылдары бата жазып жүрді. «Батада қазақтың тек тілегі ғана емес, пәлсапасы, тарихы, тілінің тұнығы жатыр. Талай жастарға бата бердім» дейтін мақтанышпен. Бір батасында отау құрған жастарға: «Күлшашарларың көп болсын!» депті. «Біз осындай көп сөздерді ұмытып барамыз. Батада балаларың дегеннен гөрі, күлшашарларың дегенім бейнелі емес пе? Сәби еңбектеп келіп, киіз үйдің ортасындағы ошақтың күлін шашып ойнаған. Бұрынғы қариялардан құлақта қалған сөз ғой» дейтін еді.

Ғұмар аға көзі тірісіндегі соңғы кітабын «Күндіз жұлдыз көрінсе» деп атады. Соның алғашқы бетіне: «Тіл қылыш, тиімсіз жерде тый, тиімді жерде қи» деп жазды. Оның өмірлік ұстанымы да осы болатын. Пенде болып, орынсыз сөзімен біреудің көңілін қалдырған кісі емес еді. Зиялы, зият адам, ішкі мәдениеттің ұстынындай болды. Ал шығармаларында қазақтың тілінен қылыш соқты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, журналист