Қарабалық кентінде қазақ журналистикасының негізін қалаушы, 1923-1926 жылдары «Ауыл», қазіргі «Қостанай таңы», газетінің тұңғыш редакторы болған ақын Мұхамеджан Сералинге ескерткіш белгі орнатылды. Оның ашылу салтанатына Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов, облыстық «Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков және зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты.
Биыл қыркүйек айында аудан басшысының бастамасымен Өрнек ауылындағы ақын бейіті жаңартылған еді. Көп ұзамай аудан орталығындағы М.Сералин көшесіне асфальт төселіп, көше бойына қазақ халқының мақтанышына айналған тұлғаға арналған стела бой көтерді.
— Мына көше бұрын жүруге жарамсыз еді. Жауын жауса езіліп, қатынас қиындап кететін. Бір жолы аудан әкімімен жолығып, даңқты жерлесіміздің есімін иеленген көшені жөндеп беруін өтіндім. Руслан Болатұлы көп сөзге келген жоқ. Уәдесін берді. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, көшеміз теп-тегіс, айнадай жалтырап жатыр. Адамның лайықты өмір сүруіне өзі аса көп дүние керек емес қой. Бүкіл көше тұрғындары риза болды. Сосын енді, көшенің бойына ақын атамызға арнап бір белгі қояйық деп келістік. Ол да шешімін тапты. Аудан басшысына мың да бір рахмет! Келгеніне алты ай болған жоқ, осы қысқа мерзім ішінде жиырма көшені жөндетіп, асфальт төсеттіріп берді. Қорымға баратын жол салғызды. Өзі де әке өнегесін көріп өскен жігіт емес пе, мен сияқты аудан ақсақалдарының сөзін екі етпеуі үлкен азаматтығы деп білемін, — дейді еңбек ардагері Ердәулет Ыбыраев.
Мұхамеджан Сералиннің бүкіл өмірі, шығармашылығы мен қызметі нағыз патриотизмнің, өз халқы мен мұраттарына деген адалдықтың жарқын үлгісі болып қала береді. Келесі жылы даңқты жерлесіміздің 150 жылдығы атап өтілмек. Мерейтойға дайындық шеңберінде қыркүйек айында Өрнек ауылындағы ақын бейітінің маңайы абаттандырылды. Аудан орталығындағы М.Сералин көшесіне жөндеу. Осы стеланы орнатуға бастамашы болған Сәния Сұлтанбекқызы Қабыловаға, қадірменді қарияларымыз — Владимир Иванович Максименко мен Ердәулет Ілиясұлы Ыбыраевқа, сондай-ақ ескерткіштің құрылысына қатысқандардың бәріне үлкен алғыс айтылды.
–Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, Мұхамеджан Сералиннің жерлестері ретінде мерейтойды атап өтуді ескерткіш белгінің ашылуынан бастаймыз. Келесі жылы М.Сералиннің қызметіне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу, «Топжарған» және «Гүлқашима» поэмаларын орыс тіліне аудару, сондай-ақ, жерлесіміздің озық қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі өмір жолы туралы кітап жазу және басып шығаруды жоспарлап отырмыз, — деді ескерткіш белгінің ашылу салтанатында аудан әкімі Руслан Халықов.
Тарихқа үңілсек, Мұхамеджанның әкесі Сералы да жастау шағында өлең шығарып, ән айтуға әуес болған кісі көрінеді. Уақыт өте келе ол қазақ жастары арасында ағартушылықты таратуға күш жұмылдырған. Он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман Қостанай даласына қоныс аударған Сералы бала оқытумен айналысады. Мұхамеджан да әке ісін жалғастырды. Троицкідегі медресесіні бітіргеннен соң ол Қостанайдағы екі кластық орыс — қазақ училищесін үздік оқып тауысты. М. Сералин – табиғатынан дарынды, аналитикалық ойлау қабілеті, қоғамдағы барлық оқиғаларға өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға ретінде ерте танылған.
— Өмірде өзім ерекше қастер тұтатын екі кісі бар. Соның бірі Ыбырай Алтынсарин болса, екіншісі осы – Мұхамеджан Сералин. Бұл екі кісінің де ерекшелігі — ойы мен ісі, парасаты мен қарекеті бір жерден шыққан. Бұлардың бойындағы жанкештілік екінің бірінде кездесе бермейтін қабілет. М.Сералин – қазақ тарихында, оның ішінде біздің Қостанай өңірінде жарық көрген «Ауыл» газетінің алғашқы ұйымдастырушысы. Бұл басылымның шыға бастағанына келесі жылы тура 100 жыл болады. Міне, осы тұңғыш қазақ газетін Мұхамеджан елу жасында қолға алды. Бұл айтуға оңай. Ол кезде газет арабша қаріппен басылды және оны Челябідегі татар бауырларымыздың баспаханасында жасатқан. Әріп ауыр қорғасыннан құйылатын. Сол жылдары губерниялық комитет төрағасының орынбасары болып қызмет істеген Мұхамеджан майға малшына жүріп, қаріп теруші баспахана қызметкерлерінің жанында күн-түн қатып тер төккен кісі. Әр мақаланың қатесін де өзі түзеткен. Сондай ауыр жұмысқа жегілсе де ол өз ісіне ешқашан арланбаған. Намыстанбаған. Өйткені, оның көзі ашық еді. Мұхамеджанның әкесі – Серәлі деген кісі де заманында атақты айтыс ақыны болған. Ол кісінің атақ-даңқы да жеткілікті еді. Әке көрген Мұхамеджанның өзі татарға жиен болғанмен, ұлтжандылығын бірден аңғарамыз.
Міне, осылайша М.Сералин қазақ журналистикасының негізін салды. Ол — философ, ол-ақын, ол- жазушы, ол-керемет аудармашы болды. Бір адамның бойында осыншама таланттың ұштасуы – оның аса еңбекқорлығы, ұлтқа деген айрықша махаббаты демеске хақымыз жоқ…