Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруа-шылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген.
Қостанайда ұлттық дәстүрлі садақ ату клубы ашылды. Республикалық садақ ату федерациясының негізінде құрылып жатқан филиал ел бойынша тоғызыншы облыс – Тобыл топырағына келіп жетті. Аяулым Аппазова жетекшілік ететін мектептің тұсаукесеріне еліміздің садақ ату федерациясы, өңіріміздің «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Олжа-Агро» ЖШС басшылығы, дін қызметкерлері, зиялы қауым, танымал спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық спорт мектебін Тобыл өңірінде ашып отырған – Науырзым ауданының тумасы Аяулым Аппазова. Бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында жаттығуды бастаған қаршадай қыз осы уақыт аралығында еліміз бен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсете алды. Дәстүрлі садақ атудан ел чемпионы енді ұлттық спортымыздың өз өңірімізде де өркен жайса деген мақсатымен Қостанай облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген екен.
«Түрлі жарыстарға қатыса отырып, Қостанайдан осы спорт түрін ұсынатын спортшылар жоқ екенін байқадым. Сондықтан өңірде дәстүрлі садақ ату клубын ашып, осы идеяны насихаттау қажет деп шештім «, — деді Аяулым Аппазова.
Кәсіпкерлер палатасы бастамашының стартапын қолдап, жобаны іске асыруда консультативтік және заңгерлік көмек көрсетті.
«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті бойынша әр мұсылман жүзе білу, жүгіре білу, күресе білу, атқа міну және садақ ату керек. Міне, бүгін Қостанай жерінде сол ардақты пайғамбарымыздың сүннетін орындап әрі мыңдаған жылдар бойы аттан түспеген ата-бабаларымыздың қанымен жалғасқан ұлттық мұрасын дәріптеп отырған Аяулым қарындасымызға алғысымыз шексіз», — деді облысымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет.
Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген.
Өйткені садақ ату – жауынгерлік өнер. Оның пайда болу мерзімін көптеген тарихшы-ғалым б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпелі Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі тәңірқұты Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады. Жазушы һәм зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады.
Сондай-ақ Орта ғасырда жазылған моңғол дереккөздерінде ертеде көшпенділер садақшылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті. Яғни нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің садақ ату шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтаған.
1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындырған соң «Бұғылы-Шашақ» дейтін жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,5 метр деп есептесек, Есей мерген 502,5 метр, яғни жарты шақырым жерден атқан оғын дәл тигізген. Енді мынаған назар аударыңыз, түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз, дала көшпелілерінің басқа жұрттан қаншалықты жоғары деңгейде жауынгер болғанын аңғарасыз. Яғни садақ байырғы көшпелілер мұрасы екені сөзсіз.
Сол сияқты, 1216 жылы Шыңғыс қағанның сенімді қолбасшысы Сүбедей Жем өзені бойында меркіттерді қуып жетіп, қойдай қырады. Жошы қолға түскен меркіт нояны Тоқтабектің үшінші ұлы Құлтуғанның мергендігін сынап көреді. Құлтуған мерген бірінің соңынан
Ал «Олжа-Агро» серіктестігі мұндай ұлттық спорт ойынына әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
«Қанымызда бар қасиетті дамытып, оның халықаралық дәрежеде жоғары деңгейге көтеріп жатса нұр үстіне нұр емес пе. Осындай дүниені қолдаусыз қалмау керек. Қостанай жерінде қазақылықты дамытып жүрген іні-қарындастарымыздың қадамдарына сәттілік тілеймін. Сіздер халықтың патриоттық сезімін ояту жолында зор еңбек жасап жүрсіздер. Ал дәл осындай садақ ату мектептері облыс орталығымен ғана шектеліп қалмау қажет. Мәселен, біздің серіктестіктің Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында мәдениет орталықтары бар. Бәлкім сол аудандарда ұлттық спорт үйірмелерін ашатын болсаңыздар, қуана демеушілік жасаймыз», — деді «Олжа-Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Ходжаназаров.
Садақ оғын этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза бірнеше бөлікке бөліп қарастырыпты. Яғни оқтың ұшындағы қауіпті металл (сүйек) бұйымды жебе дейді. Жебе бекітілген ұзын ағашты сабы десе, кіріске бекітіліп, созыла серпілетін тетікті кезтабан деп атапты. Ал оқтың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді екен.
Оқтың сабы қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қазақта «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Сондай-ақ оқты шын шеберлер ғана жасайтын болған. Аталарымыз «әке көрген оқ жонар» деп бекер айтпаған.
Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымданбас үшін майға бөктіріп пісіретіні жайлы айтылады. Оқтың көптеген түрі болған, яғни жауға ататын оқ, аң аулауға арналған оқ, доғал оқ, отты оқ, күшіген жүнді оқ, сары жүнді оқ, қанаты оқ, т.б.
Сондай-ақ оқтар басындағы жебесіне қарай әрқилы атауларға ие болған. Мысалы, «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе», т.б. қырықтан астам түрі бар.
Жауынгерлер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Батырлық дастандарда «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары бар.
Көшпелілер жебені қозыжауырын, сауытбұзар, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебе деген көптеген түрге бөлген.
Өңірімізге арнайы келген республикалық дәстүрлі Sadaq Aty федерациясының вице-президенті Диас Ахметов ұлттық мектептің Қостанай жерінде ашылуына демеушілік көрсеткен азаматтарға елордадан арнайы сый-сияпат ала келіпті. Аяулым Аппазоваға садақ атудан жаттықтырушы екенін айғақтайтын сертификаты табыс етті.
Ал өзі және шәкірттері жебе тартудан шеберлік сабағын көрсетті. Аяулым Аппазова ендігі жерде жаңадан ашылған спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдерді баба өнерге баулуға ниетті.