Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бірлік – береке бастауы

17 ноября 2021 16:30 • 528 просмотров

Қостанайда «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» атты республикалық лекторидің пленарлық отырысы өтті. Жиын басында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова этносаралық саясатты жүзеге асыру жолында осындай іс-шаралардың өңірлерде жиірек өткізіліп тұруы ерекше маңызды екенін тіле тиек етті.  Республикалық деңгейдегі іс-шара асында өңірде атқарылып жатқан ілкімді істер туралы айтылды.

Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясын қайта форматталып жатқанын айтты. Оның пікірінше, осы арқылы Ассамблея Қазақстан халқының ортақ құндылықтары мен мүдделерін қалыптастыру жұмыстарын жаңа серпінмен жалғастырмақ.   Ұлт ұйытқысы – тарихи сана Ел, мемлекет болғасын мемлекетте бір ұлт болуы керек. Ұлтты ұлт қылатын – ұлттық сана. Ал оның негізі тарихи жад, тарихи санадан бастау алады. Осылай деп ой сабақтады тарихшы,  ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры  Еркін Әбіл.

«Негізгі мақсатымыз – Қазақстанда біртұтас саяси-азаматтық ұлт қалыптастыру. Ол үшін тарихи санамыз кемеліне жетуі керек. Оны жаңғырту мәселесі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көтеріліп келеді.  30 жыл ішінде осы бағытта көп жұмыс атқарылды. Құнды материалдар жинақталды. Архив толықты. Шетелдерге археографиялық экспедициялар жасалды. Бұған дейін қолжетімсіз, тіпті беймәлім болып келген тарихи деректерді таптық. Енді Президент Қазақстан тарихының жаңа копцепциясын жасауды тапсырып отыр. Оған қаржы бөлінді. Бұл да үлкен жауапкершілік», — дейді Еркін Әбіл.

Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама жасау – тарихты қайта көшіру не өзгерту деген сөз емес. Бұл – ортақ тарихымызға деген көзқарас өзгереді деген сөз. Өткенімізге қандай да бір елдердің ықпалының объектісі ретінде емес, әлем тарихындағы өзіндік жеке-бөлек орны бар тарих ретінде қарайтын уақыт келді дегенді айтады ғалым.

«30 жыл бойы тарихшыларымыз «Қазақстан тарихының зерттеу нысаны не болуы керек? Нені зерделеу керек: аумақ тарихын ба, халық тарихын ба?» деген сұрақты дау қылып келді. Екі тарап та белгілі шектен аса алмайтын. Ендігі байлам – «Ұлы даланың бірегей өркениетінің тарихы» таным нысанына айналуы тиіс. Алғаш қолға жылқы үйретілген энеолит дәуірінен бастап, заманауи тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықты қамтитын біртұтас ұлт тарих жасалуы керек. Осы арқылы ақырында өзіміздің ортақ тарихи санамыз қалыптасуы қажет», — деп түйіндеді Еркін Аманжолұлы.

Қазір бұл бағытта үлкен еңбектер атқарылып жатыр. Нәтижесі келер жылдың соңында жария етілмек. Жаңа тұжырымдама мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихты қалай оқытуды нақтылап беретін құжат болады.   Біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт жетті», — деген болатын.

Бұл, бір жағынан, Қазақстан халқы Ассамблеясына жауапкершілік артқандай. Мұны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев өз баяндамасына арқау етті. «Қазір мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, әсіресе, жастар жағының көбейгенін байқаймыз. Бұл олардың өз мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейте түсері даусыз. Бастысы, тіл үйренуге үгіттеу достастық аясында ерік-қалаумен іске асып жатыр. Елдегі «Достық үйлерінде» 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оның 124-і қазақ тілін оқытуда. Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға арналған жобаларының саны да көп.

Айталық, «Мың бала», Ұлы даланың ұлық тілі», «Мәміле» атты жобалар жемісті жұмыс істеп жатыр», — дейді ол. Еркін Құлымбайұлының пікірінше, мемлекеттік тіл біреу болғанымен, орыс тілінің қолданылуына тыйым салу да Қазақстан заңнамасына қайшы. Өйткені ресми тіл 30 жыл бойы этносаралық түсіністік пен үйлесімнің сақталуын қамтамасыз етіп келді.  Ал мінберге шақырылған Қостанайдағы М.Горький атындағы мектеп-гмназияның қазақ тілі мұғалімі Дмитрий Ромащенко қазақ тілі қазақтардың тілі ғана емес екенін алға тартты.  «Кез келген өркениетті елдің өзінің шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Ата заңымызда: «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қаза тілі», — деп жазылды.

Демек, әр қазақстандық Ата заң талаптарын орындауы тиіс. Мемлекеттік тіл – ортақ тіл. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты есептейтін азаматтардың тілі. Елбасы: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», — деді.

Ендеше, оны ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлеуіміз керек», — деп түйді жас мұғалім. «Ахыска» түрік мәдени орталығының жетекшісі Аскер Пириев те сөз кезегі келгенде тек мемлекеттік тіл төңірегінде ой қорытты.

«Қазастанды жақсы көреміз деп бәріміз айтамыз. Ұлттарды біріктіруші көптеген фактор бар. Бірақ, меніңше, ең басты фактор – мемлекеттік тіл. Бұл туымыз бен әнұранымыз, елтаңбамыз бен валютамыздың деңгейінде тұрады. Елдің дамығанын қаласақ, дамудың дәл қазіргі сатысында мемлекеттік тілдің өркендеуін үлес қосуымыз керек. Басқа аспектілерде, шүкір, еліміз ілгерілеп барады. Бір мысал айтайын, егер сіз немісше білмесеңіз, Германияда жұрт қатарлы тұрмыс кешу мүмкін емес. Онда өмір сүруге барғандар өздері үшін немісше үйренудің ауыр сынынан өтеді. Үйренген соң ғана тең құқылы азаматына айналады. Болашақта бізде де осындай тәртіп қолданылуы ғажап емес қой», — дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі.

Ол мемлекеттік тілдің маркаға айналып, экономика мен ғылымның, саясат пен дипломатияның тілі ретінде мойындалатынына кәміл сенетінін айтты. Өзге баяндамашылар да мемлекеттік тілдің келешегі, қолданыс аясы мен үстемдігі туралы пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ, ҚХА әлемдегі теңдесі жоқ институт, басқа елдердегі ассамблеялар ҮЕҰ деңгейінде десті спикерлер.    Қандастарға құшақ аш, Қазақстан Егемендіктің ең ерен игіліктерінің бірі – шартарапқа тарыдай шашыраған қарға тамырлы қандастардың атамекенге көштің басын бұруы. 30 жылдың ішінде шетелден 1 млн 100 мың қааракөз Қазақстанға оралған. Қостанай облысынан 33 мың ағайын қоныс тауыпты. Бүгінде байырғы жұртпен біте-қайнасып, тарихи Отанда тамыр жайып, ел қатарлы еңбек етіп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатыр. Ендігі бір ғажап жаңалық – атақонысқа тағы 1 млн адамның көшіп келгісі бар екен. Мұндай деректерді «Отандастар» Қоры» АҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлім етті. «Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», — деген еді.

Осыған орай, ҚР Үкіметі 2025 жылға дейін шетелдегі 80 мың ағайынды елге көшіріп әкелеміз және жәрдемдесеміз деген байлам жасады. Ал мұның сыртында, «Отандастар» қоры арнайы зерттеу жүргізген еді. Нәтижесінде, шекаралас мемлекеттерде тұратын қандастардың 1 млн-ы атамекенге ат басын бұруға дайын отырғаны белгілі болды. Карантин алынып, шекаралар ашылса, ұлы көш заңды жалғасын тапқалы тұр», — деп мәлімдеді М.Сарбасов.

Пленарлық жиыннан соң лекторий делегаттары Ахаң атындағы университетте, «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығында, «Қоғамдық келісім» мекемесінде практикалық жиындар өткізді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттауға арналған республикалық іс-шара басқа өңірлерде де жалғасын табады.