Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кемел келешек кепілі

5 декабря 2021 14:08 • 687 просмотров

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен «Олжа Агро» ЖШС арасында кезекті рет әріптестік байланыс нығайып жатыр. Оқу ордасы мен еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік кешен бұл жолы білім гранты, мамандарды кешенді даярлау, дуалды оқыту, практика базасы, жұмысқа орналастыру, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, «практик-тәлімгер-кеңесші-басшы» тұжырымдамасын енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, тағылымдама және біліктілікті арттыру, бірлескен кәсіби бағдар беру жұмысы жөніндегі меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық бірнеше бағытта жүргізілетін болады: А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-не мамандарды даярлауға мақсатты гранттар бөлінеді. Бір айта кетерлігі, гранттар тек ауыл шаруашылығы мамандықтарына ғана емес, сонымен қатар IT-мамандары, педагогикалық, инженерлік-техникалық және экономика мамандықтары үшін де беріледі.

Тағы бір бағыт – бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. Яғни «Олжа Агро» аталған меморандум аясында университет ұсынған ғылыми жобаларды қаржыландыруға дайын. Ол үшін бірлескен агротехнологиялық парк құру жоспарда бар. Сонымен қатар «Олжа АГРО» ЖШС мамандары университет базасында біліктіліктерін арттыра алады. Ал ЖОО студенттері үшін бұл – дуалды және тәжірибеге бағытталған оқытудың негізі болып табылатын тәжірибенің барлық түрінен өту мүмкіндігі. Бұл мақсатқа «Олжа Агро» ЖШС тәжірибе базасы болатын оқу шаруашылығын бөледі. Мұнда бірінші кезекте ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана алатын болады.

«Біз ынтымақтастығымызды бұрынғы сарынға қоюға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Тәжірибелерге қажетті қаржы, химия, тыңайтқыштарды бөлуге дайынбыз. Өйткені бұл болашаққа ауадай қажет», – деп «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Ходжаназаров өз ойын білдірді.

Агроөнеркәсіп холдингі басшысының айтуынша Қостанай өңірлік университетінің түлектері тәжірибе өткеннен кейін ЖШС-де жұмысқа қалуға ынталы болса, жас маман ретінде көптеген мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, маусымдық жұмыстар кезінде мамандардың жалақысы 350 мыңға дейін жетеді және серіктестік қызметкерлеріне толық әлеуметтік пакет ұсынылады.

Бизнес пен университеттің ынтымақтастығы ірі кәсіпорындарға білікті мамандарды жұмысқа тартуға, ЖОО түлектерін қайта даярлау, біліктіліктерін арттыруға арналған шығындарды азайтуға және жас мамандарды аймақта ұстап қалуға мүмкіндік береді.

Меморандумның басты мақсаты – цифрландыру, Индустрия 4.0 (Төртінші өнеркәсіптік революция) заманауи сын-қатерлеріне жауап беретін бизнес пен білім берудің жаһандық интеграциясы болып табылады. – Біз меморандумға қол қойғанға дейін бизнесте, өнеркәсіпте қандай қажеттіліктер бары жайында мәселені талқыладық. Сол кездесуде Айдарбек Асанұлы біздің әріптестігіміздің бағдарламасын қайта қарау туралы ұсынысын айтты.

–«Олжа Агро» – біздің ұзақ жылдан бері келе жатқан серіктесіміз екенін білесіздер. Ал «өнеркәсіп – бизнес – білім» коллабарациясы мемлекетіміздің дамуының негізгі мәні болып табылады. Біздің университетіміз бен «Олжа Агро» арасында бұдан былайғы әріптестігімізге ребрендинг жасау қажеттілігі туындап тұрғанын ақылдастық. Серіктестіктің бас директоры тарапынан өте маңызды, өзекті, келешегі зор ұсыныстар айтылды. Осы ортада түлектеріміз бен студенттер бар. Олар практика, ғылыми-зерттеу жұмыстары, ең бастысы, жұмысқа орналасудың қаншалықты қолжетімді болатынын өз көздерімен көріп отыр, — деді А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Басқарма төрайымы – Ректоры Алма Дощанова.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті сексен жылдан астам уақыт бойы еліміздің инновациялық экономикасы үшін үш деңгейлі жүйе – бакалавриат, магистратура және докторантура, 167 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап келеді. Студенттер контингенті 7,2 мыңнан артық, қызметкерлері мыңнан асады. 600 оқытушы-профессорлық құрамның 200-ден астамы ғылыми дәрежеге ие. Университет түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 10–15% артық. Шетелдік университтермен жобалар алмасу жағынан көш бастап тұр. Ғылыми зерттеу жұмыстарына зор басымдық берілген. Қолданбалы биотехнология ҒЗИ жұмыс істейді. Биыл білім шаңырағына қабылданған абитуриенттер саны айтарлықтай көбейген. Өткен жылы оқу ордасы өңірлік университет аталып, коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесін алды. Осыған орай қаржы мәселелері, академиялық саясат пен басқару жағынан еркіндік беріліп отыр.

Ал университет аймағымыздағы ең ірі кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның ішінде «Олжа Агро» компаниясымен байланыс ұдайы қарқын алып келеді. «Олжа Агро» – еліміздің ең ірі қарқынды дамып келе жатқан агрохолдинг. 2020 жылы серіктестіктің еншілес кәсіпорындарға салған инвестициялар көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрады, холдинг жерлерінің сапасын жақсартуға салынған инвестициялар шамамен 5 млрд теңге, техниканы күрделі жөндеуге және қосалқы бөлшектерді өндіруге салынған инвестициялар 8 млрд теңгеден асты.

— Біздің агрохолдингте 7 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Көбі бізге агроном, зооветеринар мамандар қажет деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Серіктестігіміздің құрамында қаншама ауылдар бар. Оларда тек ауыл шаруашылық саласының адамдары еңбек етпейді ғой. Мұғалім, дәрігер, балабақша тәрбиешісі, учаскелік инспекторлар да жұмыс істеп жүр. Елді мекенде мектеп, балабақша, медициналық пункт болмаса, оның болашағы жоқ. Өзім осы елге келгеннен бері үш-төрт ауылдың жабылғанын көзім көрді. Сол себепті, педагогикалық, басқа да салалардың мамандары ауадай қажет. Ал біз өзіміздің компанияға қарасты ауылдардан келіп оқитын студенттерге білім грантын беру жағына әзірміз. Сондай-ақ, агро-технологиялық парк құру болашағы зор өте ауқымды бағыт. Бұдан бөлек, Алма Іргебайқызы біздің холдингтің балансындағы жерлердің бір бөлігі университет құзырында болып, ол жер білікті мамандар даярлайтын алаңға айналса деген ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты қуана қабылдаймыз әрі ол жерлердегі ғылыми-зерттеу орталықтарын қаржыландырып, тұқымдармен, химиялық тыңайтқыштармен қамтуға әзірміз. Біздің холдинг пен өңірлік университет арасындағы мұндай өзара ықпалдастық, жаңашылдықты Қазақстан бойынша еш жерде көрген жоқпын, – деді «Олжа Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Ходжаназаров.

Кездесу барысында А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеттің Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының директоры Тілеген Ахметов «Олжа Агро» басшылығына ауылды жерлерден келіп оқитын студенттерге берілетін гранттар санын арттыруды сұрады. Ал Айдарбек Асанұлы бұл мәселені күн тәртібіне қойып, демеушілік жағын қолға алатынын жеткізді.

ҚӨУ баспасөз қызметі