Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлы ұстаз өнегесі

29 декабря 2021 16:30 • 1 090 просмотров

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Бүкіл адам баласы бас иетін құдыретті жан иесі. Мен Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің 1991 жылғы түлегімін. Киелі білім ордасында Қоңыртай Тәукенов, Данаш Шметова, Алтынай Баймаханова, Зейнеш Кеделбаева, Әлия Жантұрсынова, Нұржамал Бакенова, Зылиха Әбішева, Қымбат Жайлыбаева сынды ұстаздардан тәлім алғанымды мақтанышпен айтамын. Бүгін өзім де мұғаліммін, сол жолды таңдауыма әсер еткен, әдебиет әлеміне жетелеген ұстазым туралы сыр шертпекпін.

Алтынай Смайылқызы – көптің бірі емес, ұстаз атын небір сын сәттерден аласартпай алып шыққан, осынау мамандығын жан-тәнімен сүйіп, көңіл тұшынтып, көз қуантатын әрекетке бара алған ұстаздардың ұстазы. Білімді, ізденімпаз, еңбексүйгіштігімен оқушыларын баурап алған өз ісінің шынайы майталманы. Сондықтан болар біздің үлкен құрметімізге бөленген ерекше ұстазымыз еді. Алтынай Смайылқызының әр шәкіртіне деген ықыласы, мейірімі, жанашырлық қасиеті өзгелерден ерекшелендіріп түратын. Сондықтан болар Алтынай апайымыздың қасынан қашанда шәкірттері жүретін, сырласатын, тіпті анасына, сынып жетекшісіне айта алмаған «алғашқы махаббаттарын» да айтып тауыса алмаған қыздарды көрдік.

Алтынай Смайылқызының өмір жолын тұнған тәрбие, ізгілік жолы деп танимын. «Қырық жыл мұғалім болып істесең де, қырық бес минут сабағыңа әзірленуді ұмытпа!» қағидасын қатты ұстанған ұстаздығынан болар, әр сабағы шығармашылыққа толы, барлық оқушыны қамти алатын, әр оқушыға мүмкіндік берілетін. Сабақтың тез өте шыққанын байқамай да қалатынбыз. «Келесі сабақ қалай, қандай ерекшелікке толы екен?» деп асыға күтетінбіз.

Мені мектеп кезіне жиі оралтатын – менің оқушы кезімдегі дәптерлерім. Биыл мектеп бітіргенімізге 30 жыл болды, осы жылдар ішінде тамаша сақталған дәптерлер – қазақ әдебиетінен жұмыс және шығарма дәптерлерім. Әр күнгі тақырып, үй жұмысы, сыныпта орындалған жұмыстар сайрап тұр.

«Аңыз бен ақиқатта» Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде жоғалтқан 3 дәптерін 1962 жылы архивтен тапқанда, «жылап көріскендей болдым» дегендей, жоғарғы сыныпқа сабаққа кіргенде, осы дәптерлерім балалық шаққа оралтып, көңіліме сенімділік орнатады. Бұл – сол кезеңдегі берілген сапалы білім мен шынайы тәрбиенің белгісі болар.

Ұстазым нұр шашқан жана­рымен әр сабақты ерекше бастайтын еді. «Ақ киімді денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау танымас тірі жанды» деп өлеңді нақышына келтіріп оқып, кіріп келгенде, сыныпта ұйып тыңдай қалған оқушыларды ғана байқауға болатын. Ыбырайдың шағын әңгімелерін басқа сынып оқушыларын әкеліп, қойылыммен бастайтыны да мәңгі есімізде. Ұстазымыз өз сөзінде «Қай жылы туып, қай жылы өлгені маңызды емес, сол ақын, жазушының шығармасын оқып, түйін жасай алуың қажет» дейтін.

Жоғары сыныптарда үзіліс арасында сыныптастарым тарихи романдар оқып, махаббат тақырыбындағы романдармен бөлісіп жататыны ұстаз шеберлігінің анық көрінісі еді. Ақын, жазушылардың қайсысын өтсек те, сабақ эпиграфы жазылып, соның мәніне назар аударылатын, қазіргі өзін-өзі тану пәніне қатысқан кезде сол кезеңде-ақ қалай әдістемесі жоғары болған деп, таңырқаған үстіне таңдана түсемін. Ыбырай шығармашылығын өткенде, туған жерін білу қажет, ортасы, достары, Торғайда ашқан мектебі, жылы, «Қазақ хрестоматиясы», бала оқытудағы жаңалықтарына назар аударамыз деп, миыңды ашып, құйып беретіні керемет, кәсіптік бағдар беру, интернат, қыздар мектебі, сыныптан тыс жұмыс, үйірмелер десе, әлі күнге дейін Ыбырай жаңалығы деп көкірегімде сайрап тұр. Кітаптағы бар дүниені айтсаң, «Сырттан не оқыдың, кітапханаға бардың ба, қандай газет-журналдан мысал келтіре аласың?»- дегенде, бүгінгі өмірмен байланыс бізде сол кезде еркін сұралған екен ғой» деп ойланып кететін кездерім де көп. Ұлы Абайдың сатиралық өлеңдерін оқығанда, Чернышевскийдің айтуынша сатира, юморға қандай адамдар жақын болады, жазып ала отырып, Абай осындай жан еді, сондықтан ол өз дәуірінің өткір сыншысы болды деп, әрі қарай өлеңдерін тармақтар бойынша талдай бастаймыз: «Болыс болдым мінеки» ақын бірден болыстың өзін сөйлетеді,

«Сөйтсе-дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап» бұл жолдарда болыстың ел билеу қолынан келмейтіндігін, болыстың өзіне мойындатып отыр,

«Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап». Бұл жолдарда болыстың 2 түрлі қасиет мінезі көрінді. Бас иетіні – күштілер.. қорқытатыны- еңбекші халық. Қалай нақты, дәл жазғызып, игерте алған десеңізші?!

«XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» тақырыбын өткенде тарихи әлеуметтік жағдайдан бастап, әдеби бағыттар, әдеби жанрлар, ерекшеліктерін жұтаң айтпай, тарихшыдай сыр шертеді, қазақ тілінде жарық көрген «Түркістан уәләяты», «Дала уәләяты» газеті, «Айқап» журналына тоқталып, редакторы М. Сералин, оның «Гүлһашимасын» айтып қызықтыра салатын. Қазіргі газет-журналдардың аттары мен олардың редакторларын біліп, жазып келіңдер деп, келесі сабақтарда кім көп тауып келді, таласа айтып, қызықтырғаны сонша – бір-бірімізді қай сұрақтан сүріндірсек деп тұратынбыз. «Арқалық таңы» редакторы Қ. Әбілов кім, «Жалын» редакторы М. Шаханов туралы айт, «Ақ желкен» редакторы Ф. Оңғарсынова, «Жұлдыз» М. Мағауин, «Балдырған» Т. Молдағалиев туралы біле жүрсін деген тереңдік жатқаны белгілі. Сонымен қатар кез келген шығарманы өтіп жатқанда, мазмұнын игерген соң, бейнелерді өзіндік ашуға мүмкіндік беріп, «С.Мұқановтың «Ботагөз» романындағы Ботагөз образы» дейді де, 45 минуттан кейін жинап, алып, әр оқушыға пікір жазып отырады: «Меңсұлу, уақытты ұтымды пайдаланып, білгеніңді қысқа, мазмұнды, өз тіліңмен жеткізе жаза алатын мүмкіндігің бар. 45 минуттың жартысын бос ойға жібергенің қалай?» дегенде, келесі жазба жұмысын сыныпта жазғанда тез, нақты жазуға тырысатынбыз. Бір-біріміздің дәптерімізді сұрап: «Саған не жазды, қандай ұсыныс жасалды?»- деп міндетті түрде оқып шығатынбыз. Бұл да мұғалім талап қойғыштығының, әр жұмысты мұқият қарап, жауапкершілік танытуының тамаша көрінісі. Шығарма жаздырудағы, тексерудегі еңбегі ерекше еді. Біз шығарманың соңындағы рецензияны оқуға құштар болдық. Бар оқушыға ерінбей, жалықпай жазып отыру – мұғалімнің өзіндік бәріміз керемет бағалайтын қасиеті болатын. Әр оқушымен тікелей жасалған жұмыс, сауаттылықты көз майын тауысып отырып, тексергенінің пайдасы – сынып оқушыларының барлығы дерлік сауатты боп шыққандығы. Бұл – талай күн мен түндердің жұмысының жемісі, талай жанашырлықпен жасалған кері байланыстың нәтижесі.

Оқушының сауатты болуы негізінен, алғашқы қалам ұстатқан ұстазы мен тіл маманынан екенін мойындағанымыз жөн. Бұл жағынан, біздің сыныптың оқушыларының 5 елі бағы бар деп есептеймін.

Абай Крыловтан 14 мысал аударды, себебін толық жазып қоямыз да, жақшаның ішіне өзім жазып аламын деп кете береміз. Сабақ сұрағанда: «Ұмытып кеттім» дегендерде: «Кітаптан өзім оқып, ұмытып кетпей, келесі сабақта басымды жоғары ұстап отырып, сабақ оқимын. Оған менің ерік- жігерім жетеді. Жазған – мен. Жазғызған – Алтынай апай» осындай жазу дәптерде тұрады.

10-сынып оқып жүргенде біздің мектебімізде облыстық семинар өтіп, С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы бойынша Алтынай апай біздің сыныппен ашық сабақ өткізді. Күніне дейін жазулы: 27 ақпан 1990 жыл. Таласа- тармаса романдағы қанатты сөздерді айтып шықтық. Мұғалім шеберлігі сондай сабақ қызу пікірталасқа ұласып, Қамар бейнесі туралы оқушылар керемет ойларын ортаға салып, біріміздің пікірімізді біріміз тереңдетіп, Нұрымның «сыбағасын» бергені, Қамардың қайсарлығы, табандылығы, намысшылдығы, өжет мінезі ашылып, сол кезең үшін бұл әрекеттер ерлікпен пара-пар деп, оның қолында өткір де ашына айтатын жалынды сөздерден басқа не бар еді және оған қандай тілек қоюға болар еді деп пікірлерін ашық айтып жатқанда, Қостанайдың Әулиекөл ауданынан келген Ахметов Талғат деген сабаққа қатысып отырған ақынжанды ұстаз мына өлең шумақтарын арнап кеткені бәріміздің есімізде. Бәріміз сол шумақтарды жазып алған едік:

Тұла бойым шымырлап,

Сезімге батып барамын

Бұлақтай аққан сылдырап

Жауабы тәтті баланың.

Қиялды мініп кемедей,

Қамардың кеттім соңынан

Бос сөзбен достым бөгемей

Қалдырма мені жолымнан.

Тумады айы оңынан

Надандық құртты-ау барлығын

Сұлудың ұстап қолынан

Бөліскім келді тағдырын.

Білім-тәрбие өнері дегеніміз ең алдымен, сөйлей білу, адам жүрегіне жол таба білу өнері. Ұстаз сөзі – шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал. Бұл орайда, Алтынай апайды қара сөздің қас шебері десе болады.

Алтынай апайдың көрегендігі ме әлде Алла аузына салды ма, менің әдебиеттен шығарма жұмысыма 2-тоқсанның соңғы шығармасында: «Жарайсың, Меңсұлу!!! Тегінде сен әдебиетші болатын шығарсың» деп жазып, 5/5 қойып, қолын қойған екен. Сол күннен кейін мүмкін, менің тағдырым осы арнаға бұрылғандай…

Мен осындай керемет ұстаздан білім алғанымды, шәкірті болғанымды мақтан етем!

Меңсұлу Бадаева, Қостанай қаласы №27 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім