Сарыкөлдіктер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын ерекше атап өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дастан Әбжамалов қатысып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Сарыкөл халқы мереке аясында Тәуелсіздік көшесіндегі жазық алаңға жиналды. Көздің көркін алған киіз үй, безендірілген сахна, алтыбақан және далада жайылған дастархан мерекенің мәнін аша түсті. Қайнаған самауырлар мен қазандар, қып-қызыл шоқта буы бұрқыраған палау мен сорпа халқымыздың қонақжайлылық дәстүрін көз алдымызға алып келді. Көпшілікке ұсынылған 40 келі күрішке түрлі дәмдеуіштерді есептемегенде төрт қошқардың еті қосылды.
Іс-шара барысында мерекелік концерт, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының туын іліп алған шабандоздар алаңды айналып жүріп өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік шараның ұйымдастырушылары мен демеушілері – Сарыкөл ауданының белсенді әрі отансүйгіш жастары. Оларды Севастополь ауылының жас кәсіпкері Данияр Дандыбаев біріктіріп, халыққа осындай мерекелік, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Айта кеткен жөн, бұл шараға ауданымыздан ғана емес, басқа да өңірлерден қонақтар келіп, мерекенің куәсі болды. Мәселен, олардың қатарында белгілі қостанайлық әнші Арыстан Құрманов пен «Қостанай қасқыры» қауымының өкілі, кезінде трициклмен Берлинге дейін барған қарасулық Владимир Журжа да бар.