Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тәуелсіздік тойындағы қуаныш

29 декабря 2021 14:36 • 874 просмотров

Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Қарқын ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Кәмшат Дөненбаева мен Сайран Бұқанов сынды екі бірдей Еңбек Ері шыққан шағын ауылдағы мереке барысында биылғы еңбек маусымында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген еңбеккерлерге құрмет көрсетіліп, «Жылдың озат механизаторы», «Өндірістің ең үздік маманы», «Озат малшы» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Мұндағы «Қарқын» агрофирмасы ауыл тұрғындарының 80 пайызын тұрақты жұмыспен қамтып, еңбекке жұмылдырып, әр үйдің ырыс-несібесінің еселене түсуіне ұйытқы болып отыр. Серіктестік өсіретін жоғары сапалы бидай бүгінде Қазақстаннан тыс жиырма шақты елге элиталы тұқым ретінде экспортталады. Шаруашылық жаздың аптап құрғақшылығына қарамастан, күзгі жиын-терін жұмыстарын биыл да табысты аяқтады. Бидай шығымы жылдағыдай емес, есесіне майлы дақылдардың түсімі жоғары. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын тиімді пайдаланып, алқабын әртараптандырып алған алпауыт шаруашылық биыл жақсы өнім берген рапс, күнбағыс, зығыр сияқты майлы дақылдардың нәтижесінде құрғақшылыққа қыңқ ете қойған жоқ. Бұршақ, қарақұмық, жасымық пен малға азық арпа, сұлыны қосқанда серіктестік 12 түрлі дақыл себеді.

Мерекелік шараға арнайы келген аудан әкімі Ғабит Бекбаев ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, қамбалы ауылдың аудан қазынасына қосып отырған үлесі қомақты екенін айтты. Агрофирма басшысы Еркін Бұқанов еңбек жылын қорытындылап, озат мамандар мен еңбек ардагерлеріне қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыс етті. Еркін Сайранұлының айтуынша, қарқындықтар биыл 40 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, әр гектардан 8 центнерден бидай алып отыр. Арпа бұдан көбірек түсім берді. Ал майлы-бұршақты дақылдың 1 гектарынан 8,5 центерден өнім жиналды. Астықтың шығымы жылдағыдан төмен болғанымен, шаруашылық әртараптандыруды дұрыс жүргізудің нәтижесінде басқа дақылдардан көп пайда көріп отыр. Бидайдан ала алмаған пайданың орнын майлы және бұршақты дақылдар толтырды. Бүгінде алқаптың 50 пайызын дәнді, 20–25 пайызын майлы, 15–20 пайызын бұршақты дақыл алып жатыр. Қалған жерде мал азығы өседі.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге облыс орталығынан арнайы келген «Мирас» мәдениет үйінің ұжымы еңбек озаттарының құрметіне ән-күйден шашу шашып, мереке шырайын аша түсті. Сән-салтанатқа толы жиын барысында екі бірдей жұмысшыға автокөлік кілттері тапсырылды. Су жаңа автокөліктердің бірін комбайншы Юрий Беляев, екіншісін әмбебап механизатор Марат Кенжеғалиев мінді.

Техника паркін жаңартып алған серіктестік соңғы бір-екі жылдың өзінде 700 млн теңгеге жаңа техника сатып алып отыр. Басты мақсат – еңбек өнімін арттыру. Бұрын көктемгі егіс науқанында қырық агрегат жабылып жүріп әрең еңсеретін алқап жұмысын қазір 6-ақ агрегат аптықпай тындырады. Көп шаруаны ені 18 метрлік қуатты дән сепкіш кешен жалғыз атқарады. «Борго» деп аталатын бұл әмбебап тракторға науқан қызған шақта екі механизатор ауысып мінеді. Серіктестікте бұрын жүз шақты комбайн бар еді, қазір оның саны 19-ға дейін қысқарған. Бұған биыл тағы бір су жаңа «ақылды» комбайн келіп қосылды. Техника саны кемігенмен, өнім көлемі кеміген жоқ. 20 жаңа комбайн 100 ескіден екі есе қуатты.

— Бұл комбайндар өте ғажап. Бидайдың, дәннің ылғалдылығын көрсетіп тұрады. Жанармай шығынына дейін көрсетіп тұрады. Орындығы жұмсақ, кабинасы жылы. Цифрлы технология арқылы оны орталық кеңседен бақылап отыруға болады. Қай комбайн қай жерде жұмыс істеп жатыр, қайсысы қай жерде тұрып қалды, бәрі бақылауда, – дейді Марат Кенжеғалиев.

Бір байқағанымыз, бұл ауылда жастар көп те, қарттар аз. Тұрғындардың сөзінше, ауыл үйлері көмірмен жылытылады. Сондықтан қаладан бір-бір пәтер сатып алып, қарияларын қыста сол жаққа жібереді. Әйтпесе ауылда қиналып қалады. Жалпы, бұл ауылға сырттан көшіп келгісі келетіндер көп, өйткені тұрақты жұмыс, жоғары жалақы бар. Қолдағы малдың жем-шөбі тегін.

Ауыл мерейін өсірген мерекеден ардагерлер де тыс қалған жоқ. Еңбек қаһарманы Сайран Бұқановпен тізе қосып, кезінде осы шаруашылықтың іргесін қалап, еңсесін тіктеуге үлес қосқан, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ауылдың қадірлі ақсақалдарына да сый-құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді.

– «Қарқында» 24 жыл бойы шаруашылық бөлімін басқардым. Қазір зейнеттемін, Қостанайда тұрамын. Ауылдың тойына арнайы келдім. Сайран Балкенұлымен бірге жұмыс істедік. Талай ауыртпалықты бірге көрдік. Толайым табыстарға да бірге жеттік. Мен бүгін Еркінге өте ризамын. Әкесі аманат етіп қалдырған Қарқынды көтеріп әрі қарай дамытып жатыр. Бүгінгі таңда ол қол жеткізіп отырған көрсеткіш біздікінен де артық. Сол себептен балаларға рахмет. Шаруашылық басында жүрген жастардың барлығы қарымды, білікті маман. Бәрі көз алдымызда өскен осы ауылдың балалары. Бұрын кеңес уақытында мұнда 115 адам басшы болушы еді. Қазір, міне, тепсе темір үзетін 20 шақты жігіт бірлік пен біліктің, еңбекқорлықтың арқасында шаруашылықты ілгерілетіп отыр. Жұмысты ұйымдастыру, жұмысшыны ынталандыру жағы өте мықты. Көбі осы мектепті бітірген. Еркін Сайранұлы да осы мектепті бітірді. Экономист те, басқарма да осы ауылдың балалары. Ауылдың бүгінгі берекелі тұрмыс-тіршілігі көңіл қуантады, – дейді еңбек ардагері Қыдыркеш Жолмағамбетов.

Серіктестік ұсақ малды қоспа­ғанда, 2,5 мыңдай асыл тұқымды ірі қара ұстайды. Мұның сыртында, жеке қаз фермасы, инкубатор жұмыс істейді. Қазір шамамен 8–10 мың қаз бар.

Биылғы қуаңшылық Қарқынды да қуырып өтті. Бірақ бұл жақта шөп мол, мал азығы жеткілікті. Серіктестік биыл құрғақшылыққа ұрынып, шабындығы тақырға айналған Жітіқара ауданына 150 тонна шөп жеткізіп берді.

— Серіктестік жұмыскерлерінің жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойған. Қарқында жұмыс істейтін еңбеккер жыл он екі ай лайықты жалақысын алып отырады. Әр жұмысшыға күзде 4 тонна көмір, 4 тонна жем, 4 тонна шөп тегін беріледі. Мұның сыртында, еңбек маусымы аяқталған соң, жыл сайын 10 шақты жұмыскер денсаулығын түзеу үшін тегін жолдамамен санаторийге аттанады, – дейді шаруашылық басшысының орынбасары Темірхан Ағытаев.

Ауылдағы әлеуметтік нысандар да толықтай «Қарқын» агрофирмасының мойнында. Мәселен, мұндағы қазақ-орыс сыныбы аралас орта мектепте 180-ге жуық шәкірт білім алады. Серіктестік оқушылардың мектепте ішетін ыстық тамағына дейін қаражат бөліп отыр. Мектеп директоры Жандос Кеңесбаевтың айтуынша, мектептің IT кабинеті де жергілікті агрофирманың ақшасына ашылған. Бұл сыныпта 11 компьютер, 1 ноутбук, принтер бар. Кабинет толықтай веб-камерамен, жүрдек интернетпен қамтылған. Серіктестік мектепті жыл сайын жөндеуден өткізіп отырады. Таяуда білім ошағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрлі музыканы насихаттайтын «Жетіген» сыныбы ашылыпты. Бұл да «Қарқын» серіктестігінің қолдауымен жүзеге асып отырған жоба.

Ауылдың балабақшасы мен мәдениет үйі де серіктестіктің меншігінде. Тоқсаныншы жылдары аукционға түскен бұл ғимараттарды бәзбір пысықайлар бұзып, қалаға құрылыс материалы ретінде тасып ала ма деп қауіптенген «Қарқынның» сол кездегі басшысы Сайран Бұқанов өз меншігіне сатып алып, аман алып қалған. Кейін күрделі жөндеуден өткен екі ғимарат та бүгінде ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Бүгінде балабақшада екі топ бар. Біріншісі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде тәрбие береді. Сәбилердің барлығы тегін тамақтанады. Балабақшаға керекті төсектік орын, төсеніш, ыдыс-аяқ, оқу-тәрбие, ойын құралдарының бәрі тегін. Осының бәрі серіктестік қаражат арқылы жасалып жатқан дүние.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор