Өмірде бір адамдар болады, еткен еңбегі көп, бірақ еленуі аз. Өссем, өркендесем деп емес, өсірсем, өркендетсем деп өмір сүретін.Үнемі өзінің бағын емес, елінің бақытын ойлап, ел игілі үшін пайдамды тигізсем дейтін. Біздің Торғай даласы ондай азаматтарға кенде емес. Солардың бірі, тіпті бірегейі, ақын, журналист Мұрат Жүнісұлы.Ол кісі желтоқсан айының 23-ші жұлдызында 55 жасқа толды.
Отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, елуінде ел ағасы бола білген Мұрат Жүнісұлы қаламыздың дамуы үшін ерен еңбек сіңірді.Өзге елде ұлтан болмай, өз елінің сұлтаны атанған ағамыз, елде отырып талай қызметте жүрген мамандардың, мекемелердің, мәдени ошақтардың жетістігін өзгеден қалыспасын деп, жұртпен жарыса жазды.Қаламызда ашылған нысандар мен өткізілген мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүріп, газет беттеріне жариялады. Қысқасы қай жерден жақсы хабар жетсе, ағамыз сол жерден табылды. Журналистика саласынан бөлек ол кісінің ел біле бермейтін қырларыда жетерлік. Театр қойылымдарының сценарийсті, «Мысқылхана» әзіл-ысқақ отауының авторы.Қаламыздағы «Қазақ жасөспірімдер театрында» «Бақыт іздеген бала», «Күлқыз», «Зәулім үй», «ЕрТөстік» сынды ағамыз жазған қойылымдар көрсетіліп жүр.Театрдағы әріптестерінің айтуы бойынша ол кісі жазған сахналық қойылымдар көрермен көңілінің шырайы, әрі сұранысына ие. Ақындық дарыны да бір төбе.Туған даласының топырағын, көлін, орманын отты жырымен маздатып, мақтанышпен жазып келеді.Ағамыздың сөзіне жазылған «Арқалығым-арай бағым» атты әндерде елдің назарында жүр. Мәдениет пен өнердің әрі тіл жанашырына айналған ағамыз «Арқа дидары» телевизиясының редакторыда болды.Редактор бола жүріп талай шәкірт тәрбиеледі.Бүгінде балапаннан баптаған шәкірттері қазақстандағы телеарналардың тізгінін ұстап, қазақ телевизиясының өркендеуіне үлес қосып жүр.Облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі.Жалпы өлкеміздегі түрлі редакцияларда қызмет атқарған ағамыз, елге танымал талай қаламгер азаматтармен бірге жұмыс жасап, солардың қасиетін бойына дарыта білді. Осыдан соң ағамыздың қала мәртебесін асқақтатуға қосқан еңбегі жоқ деп қалай айтуға болады.Осындай жанашырлығын көріп, жақсылығына сүйсінбеске жарамас.Әрі ақын, журналист, аудармашы, сценарист, сықақшы, ұстаз азаматтан алар өнегеміз көп.Мерейлі жасқа келген ағамызды мұражай ұжымының атынан жаңа жасымен құттықтай отырып, сарқылмас шығармашылық қуат, барлық бастамалар мен жоспарларыңыздың жүзеге асуын, сондай-ақ табыс, зор денсаулық, қуаныш пен бақыт тілейміз!
Ернұр Әуезхан, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының» ғылыми қызметкері