Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қысқы каникул зартылды

13 января 2022 12:30 • 689 просмотров

Қостанай облыстық білім беру басқармасының басшысы Зәуре Байменова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйледі.

Ведомство басшысының мәліметінше, төтенше жағдай енгізілгеннен бастап Қостанайда қысқы каникул 16 қаңтарға дейін созылды. 17 қаңтарда олар штаттық режимде оқуға кірісуі керек.

«Колледжде білім алушылардың каникулы 23 қаңтарға дейін созылды. 24 қаңтарда студенттерге екінші семестр басталады. Балабақшалар толық жұмыс күні форматында штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», — деді Зәуре Байменова.

Сондай-ақ, ведомство басшысы ата-аналардан балаларының қайда екенін жіті бақылауды өтінді.

«Сіздерден балалардың қауіпсіздігіне түсіністік танытып, олармен үнемі байланысып отыруды сұраймыз. Балаларды адам көп шоғырланатын орындарға, сауда, ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға, ашық мұз айдындарына, спорттық орталықтарға жалғыз жібермеңіздер», — деп атап өтті білім беру басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, ведомстводан туындаған барлық жағдай туралы сынып жетекшілеріне, мектептер, балабақшалар мен колледж әкімшілігіне хабарлауды сұрады.

Бейбіт күннің қадірін білейік

Еліміздегі қазіргі ахуал бәріміздің қабырғамызға батып отыр. Көкейімізде күдік пен үміт арпалысуда. Жағдайдың мұншалықты ушығарын болжай алып па едік? Бейбіт шеруді бейберекетке ұластырғандар кімдер?

Бір анығы, әуел баста газ қымбатшылығын, азық-түлік бағасының байлаусыздығын айтып, билікке нақты талаптарын қою үшін алаңға шыққан ағайын бүлікшіліктен ада болды. Өйткені олардың барлығы – көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да жауапты, отансүйгіш азаматтар.

Халықтың қалау-тілегі билік құлағына жетті, ел Президенті Қ.Тоқаевтың санаулы күндерде-ақ көптеген өзгеріс жасағанын көріп-білдік. Ендеше шеру соңын шиеленіске, басбұзарлыққа, қантөгіске айналдырудың қажеті қанша еді? Бұл, сөзсіз, жалпыхалықтық жиындарды пайдаланып, Тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдырғысы келген қаскөйлердің қараулығы, арамзалардың арандатуы.  Өкінішке қарай, содырлар сойқанынан соң қаншама азамат мерт болып, қалалар іші қирап-бүлінді. Жанға бататыны – аярлардың соңына қаракөз бауырларымыздың да еріп кеткені…

Қазір лаңкестердің көзін жою операциясы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы қарулы қаскөйлерді ескертусіз ату туралы бұйрық та бергені баршамызға мәлім. Ендеше, қадірлі отандастар, жерлестер, арандап қалмауларыңызды, дұшпандар арбауына ермеулеріңізді, ес жиып елдікті ойлауға шақырамын. Қазіргідей ақ-қараны ажырату мүмкінсіз болып тұрған уақытта ел жағына шығып, Президентіміздің маңайына топтасуға үндеймін. Балаларыңыздың, туыс-бауырларыңыздың дүдәмал үгіттерге ермеуін, ереуілдерге шықпауын жауапкершіліктеріңізге алуларыңызды өтініп сұраймын.

«Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе не қалар?» — деген аталы сөздің мән-мазмұнын тереңнен түсінейік. Жер-жаһандағы жалғыз Отанымыздың берекесін өзіміз үркітпейік! Тағдыршешті, сындарлы кезеңде егемендігімізге ынтымақ-бірлігімізбен қалқан болайық, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналайық!

Дәмер Қалқаев, Қостанай облысындағы Кикбокс федерациясының президенті

Заңы жоқ ел зарлаумен өтеді

«Заңы жоқ ел зарлаумен өтеді» деген жапон халқының мақалы бар екен. Бар заңға бағынбасаң соңы бассыздыққа ұласатынын көзіміз көрді.

Бейбіт шеруді пиғылы бөтендердің бүлікке айналдырып жіберуі әп-сәтте екен. Мемлекет тұтастығына қауіп төне жаздады. Мұндай шақта өкпе-реніш, өткінші мәселені тыя тұрып, елдікті ойлаған жөн. Тәуелсіздіктен қымбат не бар?! Оны көзіміздің қарашығындай сақтау парыз!  Елдің елдігі, ердің ерлігі осындай сәтте сыналады. Сын сағатта бірлікшіл, бекем болудан өзге жол жоқ.  Ағайындар, «өткенге салауат» деген бұрынғы гимнімізде бар еді. Бүгіннің бағасын тарих-төреші ертең бермек. 

«Өткел үстінде ат ауыстырма» деген баба сөзін бағыт қылып, ел тағдыры таразыда тұрғанда өкпе қумай, тыныштық сақтайық!  Бұл үлкен сынақ қоғамның санасын өсірді деп сенем. Саналы қоғам салиқалы іске ұмтылса керек!  

Абылай Мауданов, ақын, ҚЖО мүшесі

Күш қолдану – трагедияға әкеледі

Құрметті отандастар, ағайындар ! Осы сәтте қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық мәселелерді билік пен халықтың арасындағы диалог негізінде шешуге болады және солай болуы керек. Күш қолдану мен басқа да әдістер ахуалды нашарлатуға, трагедияға алып келетініне көзіміз жетті. Бүкіл сұрақтарды заңның негізінде шешуге болады.

Отандастарды сабырлыққа, тәртіпке шақырамын, арандатушылардың теріс пиғылынан сақ болыңыздар. Осы жағдайға байланысты колледждер мен ЖОО-ың студенттерін көшелерге қажетсіз шықпау, жүрмеу және ресми рұқсат берілмеген іс-шараларға, жиындарға қатыспауларын өтінемін. Бірлікті, ұйымшылдықты және бейбітшілікті сақтау – міне, біздің бүгінгі мақсатымыз. Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз.

Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік байлық» деп бекер айтпаса керек. Татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық.  

Жангелді Шаукенов, А.БайБайтұрсынов атындағы ҚӨУ қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты