Амангелді ауданында алғашқы рет суда жүзу жарысы өтті. 2006–2011 жылғы туған жасөспірімдер арасында суда жүзуден Ақтұрсын Омарұлының жүлдесіне арналған жарыс ұйымдастырылған-ды.
Кешенді салу бастамасының авторы – Амангелді ауданының бұрынғы әкімі Әмірхан Асанов. Бассейн өткен жылы пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарын «Тілеп» қайырымдылық қоры жүргізді. Спорттық кешен барлық заманауи стандартқа сай келеді. Балаларға қолайлы болу үшін киім ауыстыратын және жуынатын бірнеше бөлме бар. Медициналық кабинет те қарастырылған. Жуырда бапкерлер құрамы бекітіліп, жаттығулар ресми түрде басталады.
Бұл – аталмыш бассейнде ұйымдастырылып тұрған алғашқы жарыс. Мұндай бәсеке ауданы тарихында бірінші рет өтіп отыр. Жарысқа Байғабыл, Құмкешу, Үрпек, Амантоғай, Қарасу ауылдарынан жасөпірімдер қатысты.
Ақтұрсын Омарұлы – қазақ күресінің чемпионы және көкпаршы болған кісі. Торғай халқы оны Ақкөл өзеннінің екі шақырымдық сағасын бір демде жүзіп өткен жүзгіш, және қайратты кісі ретінде біледі.
Бұл іс-шара ауданымыздағы керемет жабық бассейінді салған жиһангез, Амангелді ауданының құрметті азаматы Сапар Ысқақұлының демеушілігмен өткізілді. Ашылу рәсімде аудан әкімі Талғат Карбозов сөз сөйлеп бассейіннің ашылуына тоқталып, жиналғандарды суда жүзу спортының алғашқы рәсімімен құттықтады.
— Балалардың суда жүзу спортымен айналысуына мүмкіндік жасап жатқанына шын жүректен қуаныштымыз. Алдағы уақытта мұндай игі істер жалғасын табады деп ойлаймын. 1 күнде 4 топтан болса, 25 баладан 100 бала дайындауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. Басссейн сағатына 24 адамды бір уақытта қабылдайды. Ғимараттың ұзындығы 30, ал ені 12 метр. Ішінде жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері мен моншасы болады, – деп атап өтті ауда әкімі Талғат Карбозов.
Бұдан соң, бассейінге демеушілік жасаған «Тілеп» қайырымдылық қорының Президенті Сапар Ысқақов, осы бассейіннің салуына ықпал еткен бұрынғы ауданымыздың әкімі, казіргі таңда Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, спорт ардагер Ағыбай Төлегенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Тілеп» қайырымдылық қорының басшысы Сапар Ысқақов кешен балалардың сүйікті орнына айналады деп санайды. Үрдістің басқа да кәсіпкерлерге үлгі боларына сенеді.
— Әрбір адамға туған жері ыстық. Маған да Қостанай облысы, оның ішінде Амангелді, Жангелді аудандары өте ыстық. Менің туған жерім. Аз болса да қолымның ұшын созып, балаларға осындай ғимарат салғаныма ризамын. Бақыттымын. Құрылыстағы менің жұмысым аяқталар кезде елге берген сыйлығым, мүмкін өмірімде құрылысшы ретінде қалдырған ізім болар. Сондықтан өзім қадағалап отырмын. Айына 2–3 рет осында келемін, – дейді Сапар Ысқақов.
Қайырымдылық қорының жетекшісі Амангелді ауданында тағы бір жобаны жүзеге асырудар. Ол – 7 гектар жерді алып жататын архитектуралық саябақ. Бұл дегеніңіз, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан әйгілі тарихи ғимараттардың көшірмесі болашақта Амангелді ауылында бой көтереді.
Ал жүзу жарысының ұйымдастырушы, қазақ күресі федерациясының мүшесі Нұрлыбек Әбдіхалықов жарыстың сценариймен таныстырды.
Жарыс қызықты және тартысты өтті. Жеңімпаздар анықталып, демеушілердің атынан медальдар мен мадақтама грамоталар табысталды.
Маржан Алпыс