Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында Қостанай және Рудный қалаларының әкімдерін, сондай-ақ Жітіқара ауданының әкімі баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар, мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды. Дерек бойынша, мониторингтік топтар 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 1 230 рейдтік іс-шара өткізіп, 70 карантиндік шараларды бұзушылық анықталған. Қазіргі уақытта инфекциялық кереуеттердің жүктемесі 9,8%-ды құрайды. 133 адам емделуде. Бірінші компонентпен вакцинациялауды 346 500 адам, екінші компонентпен 329 330 адам алған.
Сондай-ақ, жүкті және бала емізетін әйелдерді, сондай-ақ 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді вакцинациялау жалғасуда. Бұдан басқа, 10 қаңтардағы жағдай бойынша 37 922 адам қайта вакцинацияланды, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізілген ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 56 қаулысына сәйкес шектеулер енгізілді.
Сонымен, жұмыс күндері және демалыс күндері сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне кіруге қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесі болған жағдайда, жұмыс режимі бойынша шектеусіз рұқсат етіледі. Облыста коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, алайда «Omicron» әлемнің 130-дан астам елінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында да анықталды.
Облыс басшысы бұл штаммтың жұқпалылығы мен таралу жылдамдығы «Дельта» нұсқасынан бес есе жоғары екендігін атап өтті. Вакцинация және ревакцинация қарқынын арттыру халықтың иммундық қорғанысының тиімділігін арттыруға және ауруханаға жатқызу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Отырыс қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдеріне халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялауға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор.