Сағымы ойнап, самалы аймалаған Сарыарқаның сайын даласында Торғай қаласының ірге теуіп шаңырақ көтергеніне биыл 150 жыл. Осы бір жарым ғасырда сан сұрапыл кезеңдер, алапат қырғындар, шат дәуірлер куәгері көне Торғай, аты дардай болғанымен орын шалғай, басынан жүдеушілік бір арылмай жадау ғұмыр кешті.
Қазақ елінде Кеңес өкіметі тұңғыш орнап, Қазақтың Петрограды атанған Торғай қаласы соңғы 30–40 жыл молшылықта да жөндеп өсіп-өркендей алмады, атына заты лайық болмады. Жанашырлық, қамқорлық көрмеді. Тарихи Торғайды көруге арнайы алыстан келгендерге көрсетуге ұялатын едік. Сәл де болса қала деуге тұрарлықтай жері жоқ, жаңа үйлері ретсіз, архитектуралық жүйесіз, атамзаманғы жеркөпе үйлер. Ал, тарихи ескерткіш мұражай орындары әдейі қастағандай құлатылып, ысырылып тасталғантын.
Қандай елдің де өсіп өркендеуі елді кім билейтініне байланысты. Еліңді жаны ашитын өз азаматтары емес, сырттан келгендер, басқа ұлттың өкілдері билесе жергілікті халықтың күні қараң, қапалық бұлты торлады дей бер. Кешегі Кеңес кезінде Торғай дәл осындай күй кешті. Торғайды 1987 жылға дейін Компартия жіберген сырттың азаматтары басқарды. Шындығын айту керек олар Торғайға қамқор боп, келешегін ойлап жұмыс істеген жоқ.
Басқа аудандардан көш төмен қалып, азаматтары тарығып тұрған шақта Торғайдың төл перзенті Жақан Қосабайұлы қиыннан қисынын келтіріп, өз тіршілігімен, таудай талабымен кіндік қаны тамған жеріне бірінші басшы боп келді. Торғай елін өз азаматы басқаруы бұрын-соңды болмаған (70-ші жылдары Әуезхан Жүсіпұлы бірер жыл ауатком төрағасы болып, ауданға сырттан жаңа басшы Кеңес Әубакіров келгенде Арқалыққа жұмысқа ауысуға мәжбір болды) тарихи оқиға еді. Торғайдың елі де, жері де өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышқа бөленіп дүр сілкінді. Торғай қаласы да хабарсыз кеткен баласы табылып, қамқорлыққа бөленген жетім анадай жасарып, жаңарып, түрленіп шыға келді.
Жақан Қосабайұлы ауданға келісімен ең алдымен халықтың таза ауызсумен қамтамасыз етілуін қолға алып, жолға қойды. Көшелерге су құбырларын қостырды. Екінші – қаладағы барлық үй аулаларына жаздық су құбырларын тарттырды. Сөйтіп, олардың аулаларына бақша, картоп, жеміс-жидек егулеріне жағдай жасады. Ағаштар суарылатын болды. Шаңы шыққан көшелерге, аулаларға ағаштар егілді. Шаң басылып, ауа тазарды. Елдің бір арқа басы кеңіп, таза ауамен тыныстап, таза су ішіп, таза тұрған кез болды. Соның салдарынан елде ауру, өлім-жітім күрт азайды.
Жақан Қосабайұлы Ел Президенті Н. Назарбаевтың 1990 жылдары Торғайға бір емес, қатарынан екі рет келуіне себепші болған басшы. Бұрын-соңды сонау 1946 жылдан бері шалғайдағы Торғайға ел басшылары (Колбинді айтпағанда) ат ізін салмаған болатын. Бұл да болса өз септігін тигізді. Торғайдағы бүкіл жеркөпе үйлер қырылып тасталды, орындарына тегіс ақшатырлы жаңа үйлер салынып, хылыққа тегін берілді. Бүкіл халық оған ақ алғысын айтты.
Өз басым Жақан Қосабайұлын есімі алты Алашқа мәшһүр Шақшақ Жәнібек тарханнан кейінгі Торғайдан шыққан тарихи тұлға деп санаймын. Ежелден тарихи тұлғалардың бәрі өткен даналарын қатты құрметтеген. Атағы жер жарған Ақсақ Темір қазақ жерінде Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи әулиеге мазар салдырды. Ал, Жақан Қосабайұлы азғантай ғана қолына билік тиіп қалған шақта Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа, Әліби Жангелдинге, Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш салдырды. Қырылып тасталған Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мектебі, Амангелді Имановтың штаб-үйі, райком үйі мұражай болып қалпына келтірілді. Сауда орталығы сап түзеді. Жастарға арналған «Шаңырақ» отауы тұрғызылды. Ғасыр талабына сай көк күмбезді мұсылман мешіті Торғай даласында тұңғыш рет бой көтерді. Торғайдың барлық көшелеріне асфалть төселіп, орталық алаңда ескерткіш, фонтан жасалды. Жастар үшін стадион құрылысы аяқталды, бассейін іске қосылды. Торғай облысы әкімі болғаннан кейін де Торғайда Шақшақ Жәнібек тархан мұражайының салынуына да қамқорлық көрсетіп отырды.
Жақан Қосабайұлы бір жарым ғасыр бойына реті келмей жатқан істі төрт-ақ жылда істеп, тиянақтап шықты. Торғайымызды көрсетуге ұялмайтын болдық. Әр түкпірден меймандар қаптап, қаламызды көріп, тарихи Торғайға тағзым етіп қайтардай дәрежеге жеттік. Торғайдың даңқы асты, қатарға қосылдық. Халқында Торғай үшін мақтаныш пайда болып, намысы оянды. Торғай даласы еңбек дүбіріне, той-думанға толды. Ел қуанышқа бөленді. Оның жастарға деген қамқорлығы ерекше болды. Ауылдарға көптеген спорт алаңдарын салдырып, жастарды спортқа тартуға ат салысты, тұрақты түрде жыл сайын жастардың спартакиадасы өткізіліп тұрды. Осының бәрі Жақан Қосабайұлының іскерлігінің арқасында жүзеге асты.
Өз басына қатаң талап қоятын Жақан Қосабайұлы кеңшар, мекеме, кәсіпорын басшыларын да қатты ұстады. Бетімен жүріп-тұру, тәртіпсіздікке қатаң тиым салды. Жауапкершіліктері қатаң сұралып отырылды. Оған көнбегендерді қатаң тәртіптік жазаға да тартып тұрды. «Тәртіп орнаған жерде табыс бар» дегендей қолданылған бұл шара өзінің оң нәтижесін де берді.
Өмірдің мән-мағнасы тек шындықта, шынайылықта. Жалғаншылық – арам тамақ жеумен бірдей. Қандай есептің де бірақ жауабы болады. Шындық та біреу-ақ. Екі түрлі ақиқат болмайды. Ал, өтірікте шек жоқ, сан түрлі. Неше құбылтып сан-саққа жүгіру оп-оңай. Мен Торғайдағы еңбекші қара халықтың бірімін. Жалпы Торғай халқының, менің өзімнің көрген-білгендерім, пайымдауым бойынша Жақан Қосабайұлы туралы да шындық біреу-ақ. Ол ауданды басқарып тұрғанда жері үшін, халқы үшін жан-тәнімен аямай қызмет еткен азамат.
«Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» деп Жақан Қосабайұлы туралы қалам тарту көптен ойымда еді. Бүған екінші жағынан ол кісінің ағымдағы жылдың 18 наурызында Торғай халқымен кездесуде айтқан өкпе-базынаға толы сөздері мен аудандық газеттегі «Елдің келешегін ойлайық» атты талдау мақаласы себеп болды. Жәкең кездесуде ел арасында соңғы кезде түрлі қаңқу сөз таратушылар, қисынсыз шағым жазушылар көбейіп келеді. «Екі жылда төрт арыз үстімнен жазылды. Төртеуі де өзім туып өскен өңірден. Жүрекке тиеді-ақ. Бірақ осылай екен деп туған елден, халықтан сырт қарап кетуіме бола ма? Әрине жоқ», – деп тебіренді. Жәкеңнің жүрекжарды айтылған әділ сөздері Торғайдың есті, саналы деген азамат-ақсақалдарының шыңбайына қатты тиді. Сондықтан да көп мәселенің бетін ашып, осы мақаланы жаздым. Жалпы халық, оның ішінде арыз жазушылар ойлансын, атқа мініп жүрген азаматтар үлгі-ғибрат алсын, қазіргі және келешек ұрпақ та негізгі шындық желісін білсін деген ойым еді.
«Ел бірлігін ойла, қиналмаған ақсақалдан без»- деп айтқандай, ел қамын, бірлігін ойлар заман туып тұр. Жақан Қосабайұлы – «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озар» дегендей топты жарған, мыңнан озған Торғайдың төл перзенті. Атаның емес, адамның баласы болам деп жүрген кісі. Топты жарып, Торғайдан шыққан. Халқын ойлап, мұңын ұққан, асқар таудай тұлғаны құрметпен қадірлейік, тілегін тілейік. Ойланайық. Ел намысын, Торғайдың намысын ойлайық, ағайын!
Рахым РЫСКЕЛДІ, Торғай ауылы