Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мүдделестік меморандумы

28 января 2022 15:08 • 1 040 просмотров

Жітіқара ауданының әкімдігі мен «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС 2022 жылға арналған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Бұл туралы «Жітіқара онлайн» «Фейсбуктегі» парақшасында жазды.

Қос тарап әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық және әлеу­меттік әріптестік туралы меморандумдарды 2016 жылдан бастап жасасып келеді. Соның аясында әлеуметтік маңызы бар жобалар қалада да, ауылда да жүзеге асырылуда. Компанияның әлеуметтік инвестицияларының негізгі бағыттары – білім беру, спорт және мәдениет нысандарын жөндеу, денсаулық сақтау саласына, жас дәрігерлерге қолдау жасау. ардагерлер мен балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету. 2021 жылы меморандум аясында 50,0 млн теңгеге жуық қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, «Jitikara Arena» ДСК аумағында, сондай-ақ Пригородный және Тоқтаров ауылдарында воркаут элементтері бар балалар алаңы пайда болды. Естай Есжанов атындағы № 9 орта мектеп аумағында баскетбол алаңы салынды. Жол жүру құнын арзандату үшін Жітіқара қаласынан Пригородный ауылына және кері қарай жолаушыларды жеткізу үшін № 16 маршруттың шығындылығын өтеуге қаражат бөлінген. Осы және басқа да жобаларға назар аударылды. Кәсіпорын меморандумнан тыс та туған жерге үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Мәселен, былтыр серіктестік жергілікті ауруханаға 175 млн теңгенің компьютер томографын сатып алып берді. 2021 жылдың мамыр айында Жітіқара өңірінің өзекті мәселелерін шешуге үлес қосатын әлеуметтік жобаларды анықтауға арналған конкурста жеңімпаз 4 жобаны 3,0 млн теңге сомасымен қаржыландырды.

Білім беру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, жас мамандарды қолдау және т. б. салаларға да көрсетіп жатқан жәрдемі зор. Жалпы, ынтымақтастық жылдарында Комаров тау-кен кәсіпорны ауданға 500 млн теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Биылғы меморандум сомасы – 42,0 млн теңге. Осы қаражатқа «Соцсервис» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қоршау, Жітіқара қаласындағы Ищанов көшесінде орналасқан спорт залын жөндеу, Пригородный ауылы аумағында балалар алаңдарын салу, сондай-ақ Жітіқара қаласының шағын ауданында шағын футбол алаңын салуға кететін шығындардың бір бөлігін өтеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігін халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағыттау көзделіп отыр. Меморандумға қол қою рәсімі кезнде «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС-не 2021 жылы атқарған игі істері үшін және «Парыз 2021» республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауына қатысқаны үшін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хаты табыс етілді.

Сондай-ақ, кәсіпорын ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Игі істер марафоны» республикалық қайырымдықы акциясына қатысқаны үшін «Азаматтар бастамаларын қолдау орталығы» басқармасының төрағасының алғыс хатымен марапатталды.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор