Әлемді жаулаған пандемияға байланысты биыл жеке кәсіптің күйі онша емес. Карантиндік шектеулерге орай табыс көзі азайып, етек-жеңді жинаған кез болды. Бірақ Қостанай облысында пандемия жағдайында да жолын тауып, жаңа бизнес ашып, табысты еңбек етіп жатқан жандар бар.
Қостанайлық кәсіпкер Зайра Досанова «Даму» қорынының жергілікті филиалына барып, бизнес ашу үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін біліп алған. Кейін мамандардың кеңесімен «Бастау-Бизнес» курсына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Осы жерде жүріп өзінің бизнес-жоспарын жасап, кейін комиссия алдында сәтті қорғап шықты. Курсты тәмамдап, бизнес әліппесін бір кісідей-ақ игеріп алған тіс дәрігері енді өз кабинетін орналастыратын ыңғайлы ғимарат іздеп тауып, заманауи стоматологиялық құрылғылар сатып алу үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне арқа сүйей отырып, несие алуға өтінім береді.
Бір қызығы, Зайра Досанова бұған дейін 27 жыл бойы тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Кәнігі дәрігерді мұндай қадамға баруы нағыз ерлік екенін атап өткен жөн. Әртүрлі клиникаларда еңбек етіп келген тіс дәрігері былтыр өзінің жеке стоматологиялық кабинетін ашу туралы шешімге келеді.
Кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктердің бірінен 6 пайыздық жылдық өсімпұлмен 4 жарым млн теңге жеңілдетілген несие алды. Борышкердің несиеге қоятын кепілдігі жоқ еді, бұл мәселені мемлекет өз мойнына алып, банкке «Даму» қоры арқылы кепіл қаржы бөліп отыр. Осылайша, Қостанайдың қақ ортасында, тұрғындарға қолайлы жерден «DoctorDos’ деп аталатын жаңа стоматология кабинеті есігін айқара ашты. Бизнес-жоба аясында алты адам жұмыспен қамтылды. Кабинет клиенттерге тіс емдеу және қалпына келтіру бойынша қызмет көрсетеді, сондай-ақ мұнда эстетикалық стоматология практикасы қолданылады.
— Пандемия жағдайында мемлекет қолдауынсыз жаңа іс бастау мүмкін емес. Адам үшін ең маңыздысы – өзінің кәсіби тәжірибесі мен білім-білігін, бойындағы қабілет-қарымын табыс көзіне айналдыра білу. 30 жылға жуық жалдамалы дәрігер болып келдім. Жеке шығып, өз мүмкіндігімді бизнеске айналдыру жағын ойластырғалы біраз жыл болды. Көптен көңілде жүрген мақсатымды жүзеге асыруға енді бел буып кірісе бергенде, пандемия басталып кетті. Бірақ облыстық кәсіпкерлікті қолдау басқармасындағы мамандардың қолдауымен барлық кедергіні еңсеріп, жұмысымызды бастап кеттік. Қазір облыстың бас санитарлық дәрігері қойған талаптар шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Клиенттер алдын ала хабарласып, жазбаша кезекке тіркеледі. Клиниканың жеке чаты жұмыс істейді. Сол чат бойынша әркім өзінің келетін уақытын алдын ала біліп отырады. Ғимараттың кіреберісінде санитайзер орнатылды, терезені ашып, бөлмелерді күніне 2–3 рет тазартып отырамыз, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биыл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде берілетін шағын несие мен гранттық қаржыландыруға 2 883,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде шағын несие қорының мөлшері – 2 555,8 млн теңге болады. Мұның 2 013,7 миллионы ауылдық елді мекендерге, ал 542,1 млн теңгесі қалалық мекендерге барады. Ал гранттық қаржыландыруға 327,3 млн теңге бөлініп отыр. Биылдың өзінде кәсіп ашып немесе кәсібін кеңейтіп жатқан шағын бизнес субъектілеріне жалпы көлемі 2 219,5 млн теңге болатын 550 шағын несие берілген. Мұның сыртында, бас-аяғы 321,1 млн теңге болатын 578 грант бөлініп отыр.
Аймақта айдан айға жалғасып, созылып бара жатқан шектеу шараларына қарамастан, мемлекет қолдауымен қар астынан қауыз жарып шыққан қыр қызғалдағындай жаңа ашылып жатқан шағын өндіріс орындары көбейіп келеді. Сан саланы тоқыратып кетіп жатқан шектеулер шырмауында, әсіресе ыстық ас әзірлеп, тапсырыс берушінің мекен-жайына дейін апарып беріп жатқан цехтар мен жеңіл өнеркәсіп саласына бейімделген шағын кәсіпорындар өміршеңдік танытып отыр. Бұған биыл жыл басында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрін ұлғайтуға қол жеткізген Лисаков қаласындағы кондитерлік цех дәлел бола алады. Жеке кәсіпкер Зәуреш Байтурина бұрынғы шағын нан зауытының өндірістік желісін кеңейтіп, осыдан екі жыл бұрын кондитер өнімдерін шығара бастаған. Кәсіпорын бастапқы кезеңде облыс тұрғындары үшін «Бискотти» брендіндегі печенье, кекс, маффиндер пісіріп келген. Биыл өнім түрін көбейту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып, қуаты тәулігіне 1 тоннаға дейін печенье жасауға жететін құрылғы сатып алу үшін 3 млн теңге көлемінде несие алды.
Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 15%, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлейді, ал 9%-ын «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекет өтейді. Мұның сыртында, жеке кәсіпкердің банкке кепілге қоятын басы артық дүниесі болмағандықтан, несие сомасының жартысына тең келетін мөлшерде «Даму» қорынан кепілдік алып отыр. Көп кешікпей торт және інжір пісіретін заманауи құрылғы сатып алып, өнім түрін көбейтті. Қазір шағын цехтың өндірістік қуаты тәулігіне 400 келіге дейін ұлғайып, кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығара бастады. Өндіріс көлемінің ұлғаюы екі жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
— Қазір бескүндік жұмыс тәртібіне көштік. Тапсырыс бұрынғыдай емес, сәл азайып қалды, бірақ осының өзі жетіп артылады. Біздің өнімдер Лисаков қаласынан тыс, облыс орталығына, Рудный, Жітіқара қалаларына саудаланады. Қостанайға аптасына екі рет, Рудныйға бір рет тауар жөнелтеміз, – дейді цех басшысы.
Жалпы, облыста жыл басынан бері мемлекеттің қаржылай қолдауына 140 кәсіпорын ие болып отыр. Бұл кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерден жалпы сомасы 24 млрд теңге несие алған. Несиенің жылдық сыйақысының 6 пайызын кәсіпкерлердің өздері төлесе, қалғанын бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қоры субсидиялайды.
Аталған қор биылдан бастап несиеге қоятын кепілдігі жоқ кәсіпорындарға да қолдау көрсете бастаған. Мұндай кәсіпорындарға «Даму» өз кепілдігін ұсынады. 3 жарым млрд теңге мөлшеріндегі қор кепілдігіне биыл 104 кәсіпкер ие болды.
— Қор қазіргі уақытта саудаға салынған инвестицияларды қоспағанда, экономиканың барлық саласындағы кәсіпорындардың қызметін қолдап отыр. Бұл шаралар пандемияға байланысты дағдарыс кезеңінде бизнесті қолдау үшін қабылданды, – дейді «Даму» қоры аймақтық филиалының бас менеджері Елена Матвеева.
Жеңілдетілген несие алған кәсіпорындар мемлекеттің қаржылай қолдауымен қажетті құрылғылар сатып алып, өнім көлемін арттыруға және қызмет ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік алып отыр.
Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс істей бастаған «TerraMeat» компаниясы еттен жартылай фабрикаттар дайындап сатады. Қазір компания шығаратын ет өнімдері Қазақстанның 14 қаласына жөнелтіледі. Нарық сұранысын сапалы тауармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын жылдық өсімпұлы 13% болатын 45 млн теңге мөлшеріндегі банктік несие қаражатына өндірістік құрылғы сатып алған. Серіктестік несиені 6%-дық жылдық мөлшерлемемен өтейді, ал қалған 7 пайызды «Даму» қоры төлеп беріп отыр.
– 40 млн теңге ресейлік, поляк және неміс тоңазытқыштарын, қамыр илеуге арналған құрылғыларды сатып алуға жұмсалды. Күніне 3 тоннаға дейін жартылай фабрикаттар өндірісі жолға қойылды, – дейді серіктестіктің сатылым бөлімінің басшысы Нұрлан Амантаев.
Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған кәсіпорынның бірі – «Азурит» компаниясы. 20 жылдан бері арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары мен мектеп формасын шығарып келген бұл кәсіпорын соңғы 5 ай көлемінде жергілікті дәріханалардың тапсырысымен медициналық маска тігуге ден қойған. Мұнда тәулігіне 10 мыңға дейін бетперде тігіледі. Кәсіпорын өндіріс қуатын арттыру мақсатында жылдық сыйақысы 15%-дық мөлшерлемемен 57 млн теңге несие алған. Сыйақының 9%-ын мемлекет өтеп берген. Несие қаражатына компания көпфункциялы қуатты тігін машиналары мен кесте, зер салатын құрылғылар сатып алып, қалған ақшаны сауда айналымына салған.
— Несиені өткен жылдың тамыз айында алдық. Бұл өнім көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Біз он шақты кесте тігетін құрылғы, 15 арнайы тігін машиналарын, киім үлгісін пішетін арнайы бағдарлама сатып алдық. Қазір жұмыс қызып жатыр. Биыл жергілікті кәсіпорындарға 7 мың арнайы костюм тігіп бердік. Ал дәріханалардың тапсырысы бойынша 280 мың бетперде тігілді, – деді компанияның комерциялық директоры Наталья Токун.
«Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен стартаперлерге де қомақты мөлшерде қаржылай кепілдік береді. Қордың мұндай қолдауын көрген қостанайлық кәсіпкердің бірі – «Догма» деп аталатын ветеринарлық клиниканың иесі Максим Падерин. Клиниканың қызмет аясын кеңейту үшін үй жануарларының іш құрылысындағы ауруды анықтайтын диагностикалық ақылды аппарат қажет болған. Мұндай сканер Қостанайда ешбір жерде жоқ. Алдымен бизнес-жоспарын тиянақтап алған кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау табады. Ал екінші деңгейдегі банк 8 900 000 теңге несие береді. Жас кәсіпкердің кепілге қоятын басы артық мүлкі жоқ. Сондықтан несие сомасының 85%-ына қор кепілдік беріп отыр. Қалған 15%-ды борышкердің өзі өтейді.
— Біздің клиника осыдан алты ай бұрын ғана ашылды. Қолымызда аздаған қаражатымыз болды. Бірақ өзімізге нағыз қажет заманауи құрылғы сатып алуға не қаржымыз, не банкке қоятын кепілдігіміз болмады. Содан «Даму» қорының кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы естіп, банкке өтініш бердік. Өтінішіміз мақұлданды. Қор өз кепілдігін ұсынып, жолымыз болып, несиеге қол жеткізіп, бірден медициналық құрылғыға тапсырыс бердік. Диагностикалық аппарат іске қосылғалы, клиенттеріміз де көбейе түсті, – дейді Максим Падерин.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Жасұлан Қаленовтің айтуынша, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8%-ға төмендеген. Аймақта қазір 51 мың 365 шағын кәсіпорын, яғни тіркеуде тұрған кәсіпкерлердің 85 пайызы жұмыс істеп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта бұл кәсіпорындарда 155,4 мың адам еңбекке жұмылдырылып отыр.
— Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға ұлғайып, 453,6 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 26,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерлерге қолдау мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіледі. Мысалы, биыл облыста «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласына 5,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Осының нәтижесінде 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында 310 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Биыл, мысалы, Қазақстан бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» салаларына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылса, Қостанай облысында жалпы көлемі 30,2 млрд теңге болатын қомақты қаржыға 189 жоба мақұлданып отыр, – деді Жасұлан Қаленов.
Кәсіпкерлік бөлімі басшысының сөзінше, аймақта жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы күрес шаралары аясында шағын кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, облыс аумағына төтенше жағдай енгізілгеннен кейін өзінің қаржылық жағдайын нашарлатып алған шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатындағы жеңілдікті несие беру бағдарламасы шеңберінде 2020 жылғы алғашқы 9 ай ішінде екінші деңгейлі банктер 15,9 млрд теңгеге 74 несие мақұлдаған. Осы мерзім ішінде ШОБ-қа қатысты тексерулер мен профилактикалық бақылау актілерінің саны 39%-ға қысқарды.
Сонымен қатар банктер кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысқан 163 кәсіпкердің борышын өтеу мерзімін кейінге шегеріп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы бизнеске берілетін несиелердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін кеміп, біріздендірілді. Пандемия басталғалы шағын және орта бизнеске қатысты 729 шарт бойынша жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Мұның сыртында, 27 мың салық төлеушіге еңбекақы төлеу қоры мен мүлік салығы бойынша салық және әлеуметтік төлемдер мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті қолданылады. Сондай-ақ шағын бизнеспен айналысатын 46 мың кәсіпкер үш жыл мерзімге табыс салығынан босатылды.