Барша қазақтың мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл. Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқан, «Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлы болашақ үшін қызмет етті. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде кем.
«Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында ұлттық жаңғыруды бастап, оны бір арнаға салушы топтың басында тұрды. Олар бастаған қоғамдық қозғалысты қазір «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Алаш қозғалысы бұл, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалыс, екіншіден, ұлттық жаңғыру қозғалысы да. Ахаң ұлы ағартушы болумен бірге үлкен саясаткер ретінде де көрінді. Оның тұлғасы әрқашанда биік азаматтықтың үлгісі болып, қала береді» дейді академик Мәмбет Қойгелді.
Ғасыр басында қазағын «Маса» боп шағып, «Қырық мысалдап» үлгі-өнеге көрсеткен ақын Ахмет, ондаған жылын оқу-ағарту саласына арнаған ұлы педагог, енді ғалымдық арнаға ауысуға мәжбүр болды. 1911 жылы өзінің «Оқу құралы» кітабын шығарды. Бұл – қазақтың тұңғыш «Әліппесі» болатын. Қазіргі қолданыстағы жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы негізінде жасалған. «Тіл құрал», «Әліппе», «Оқу құралы» және басқада бірігей еңбектері Ахаңның бізге қалдырған қазыналы мұрасы. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ музыкасымен ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А. Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын білген, өзі де ән шығарған. Композиторлық дарынының айғағы «Аққұм», «Қарагөз» және басқа да әндер. Мен өз репертуарымда Ахаңның лирикалық әндерінің бірі, халық сүйсіне тыңдайтын «Қарғаш» туындысын айтып жүрмін.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетін шығару арқылы сол кездегі қазақ қоғамының деңгейін жаңа бір дәрежеге, жоғары сатыға көтерді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, «Қазақ» газетінің дүниеге келуі «Шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты дүр сілкіндіріп оятты».
Ахмет ұлылығы – оның ұлтжандылығы мен қарапайымдылығында. Ол «Ұлық болсаң, кішік болады» ұстанған ұлтымыздың рухани көсемі. Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына деген сүйіспеншілігі мен шексіз адалдығы туралы мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин: «Өзге оқырман мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді», деп баға берді.
«Қазағым, елім!» деп еңіреп өткен Алаш қайраткерінің ұлтына жасаған ерен еңбегін бағалау, ұлықтау барша қазақ баласының, биліктегілердің парызы. Міне осы мақсатта былтыр желтоқсан айында ел жұртшылығы Қазақстан телеарнасынан «Ахмет.Ұлт ұстазы» телехикаясын тамашалады. Қазіргі уақытта Алматыда Ахаңның өмірі, қоғамдағы істері және, ең бастысы, оның күресі туралы «Соңғы үкім» атты кинофильм түсіріліп жатыр.
Биылғы жылы халқымыздың ұлы перзенті, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының көш басында тұрған қастерлі жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, алдымен Қазақстанда кең ауқымда тойланбақ.
ҚР Премьер – Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен құрылған Мемлекеттік комиссия мерейтойға арналған жалпыреспубликалық жоспарды әзірлеп, оны бекітті. Осы жоспардың шеңберінде 63 пунктен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылады. Ол жоспарды аймақтық газеттер жариялады.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған облыстық іс – шара жоспарына сәйкес ақпан айында мерейтойлық шаралар Елордадан бастау алады. Содан кейін Қостанайда Ахмет жылының ашылуын өткізу жоспарланған. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының есімі 32 нысанға берілген: Қостанай өңірлік университеті, 2 мектеп, 28 көше және Қарасу ауылы Ахмет Байтұрсынұлы ауылы болып қайта аталды. 2022 жылы Рудныйдағы № 19 орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілетін болады. Желтоқсан айында Ахаңның мерейтойына қатысты депутаттық сауал жолданған еді. Бұл сауалға Ералы Тоғжановтың берген жауабы «Қостанай таңы» (26.0.2022) газетінен оқуға болады. Ерлан Болатұлының мәлімдеуінше облыстық жоспар шеңберінде бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Айталық, «Ахаң жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы, қайраткердің мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы, «Байтұрсынұлы оқулары – 2022», облыстық театр сахналарында тақырыптық қойылымдар. Келесі оқу жылы жергілікті бюджет есебінен облысқа қажетті мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар тағайындалады. Қостанайдың Гашек көшесіндегі жағалау аймағында демалыс күндері мерейтой иесіне, Алаш қайраткерлеріне арналған түрлі іс – шаралар: концерттер, қойылымдар, фестивальдар өткізіп, кинофильмдер көрсету үшін арт-алаңын ашу көзделген. Қазақстан халқының салт – дәстүрін, материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау үшін 2022 жылғы Халықаралық ежелгі технологиялар фестивалі облыс орталығында өткізілмек. Ұлт ұстазының мерейтойына арналған негізгі іс – шаралар Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, яғни 5 қыркүйекте облыс орталығында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орайластырылып жоспарланған.
Парламент сенаторы Алтынбек Нұхұлының айтуынша, жалпыреспубликалық жоспарға қосымша ұсыныстар енгізілуі мүмкін. Солардың ішінде айрықша қолдау табатыны: Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Елордада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мәдени – ғылыми орталығын ашу. Сондай – ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен арнайы медаль шығарылып, Ахаң атындағы стипендия тағайындалмақшы. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен А. Байтұрсынұлы туралы арнайы кітап шығарылмақшы. «Алаш» орталығының басшысы Сұлтанхан Аққұлұлы мен А. Байтұрсынұлы музей – үйінің директоры Райхан Имаханбет Ахаңның 12 томдығын дайындап жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 5 томдық академиялық толық шығармалар жинағын әзірлеуде.
Жанелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың пайымдауынша, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс – шаралар қыркүйек айында аудан орталығы Торғай ауылында басталады. Мерейтой аясында өтетін ғылыми – практикалық конференцияға ғалымдар мен қоғам қайраткерінің жақын туыстары шақырылады. Ағартушы – ғалымның мерекелік тойы қарсаңында ауданның, оның ішінде Ахаң ауылының инфрақұрылымын жақсарту жоспарланған. Оған сапалы интернет желісін тарту, ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендер арасындағы жолдарға асфальт төсеу жұмыстары кіреді. Менің ойымша торғай-Тобыл жұртшылығына ең қажеттісі Ахмет Байтұрсынұлының ауылына баратын 107,6 шақырым Шұбалаң – Қарасу жолын күрделі жөндеуден өткізу. Вице-премьер Ералы Тоғжанов атап өткендей, бұл жолды жөндеу жоспарда көзделген, орындалады деген үміттеміз.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, әкім орынбасары Бақыт Есімова Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында ұлы ағартушының туған жері Торғай өңірін аралап, жергілікті ауыл, аудан тұрғындарымен кездесті, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан басшылығына және облыстың басқарма жетекшілеріне барлық жоспарланған жұмыстарды бақылауда ұстауды, сапалы және көрсетілген мерзімде іске асыруды тапсырды.
Кеншілер қаласында халқымыздың аяулы перзенті, жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойына арналған жоспарлы іс – шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері қала мектептерінде «Ұлт ұстазы» эссе байқаулары, бейнешолулар, «Ахмет Байтұрсынұлы ақын, ғалым, публицист» тақырыбында сынып сағаттары, «Қалам үлгісі» авторлық шығармашылық байқаулары, кітапханаларда «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы» атты тақырыптық бұрыштар, көрмелер, экскурсиялар өтуде.
Қалалық әкімдікте, тілдерді оқыту орталығында, кітапханаларда, музей мен мұражайда, индустриалды институтта, колледждерде, мәдениет үйі мен шығармашылық орталықтарында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен мұрасын қастерлеуге арналған ғылыми – практикалық конференциялар, оқулар, ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар, дөңгелек үстелдер, ардагерлермен кездесулер, кітап көрмелері, экскурсиялар, концерттік бағдарламалар мен фестивальдар, спорттық, әскери-патриоттық жиындар мен жарыстар өткізу жоспарланған.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер. Ахаңның ұлттық жаңғыру қозғалысы – ұлт болашағының айқын бағдары. Біздің мақсат – азаматтықты ардақтап, Отанымызды одан әрі нығайтып, келер буынға табыстау. Өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Сапалы білім мен саналы тәрбие-ұлтымыздың ұлы, ұрпағымыздың ұлағатты болуының кепілі. Ахаң айтқандай «…Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек». Ендеше іске сәт, Ұлы дала ұрпақтары!
Жақсылық Кәкенұлы, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, мемлекеттік қызмет ардагері