Облыстың ірі кәсіпорындары, колледждер мен облыстық білім басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Осы уақытқа дейін дуальды оқыту шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы шарттар жасаған 180 кәсіпорын облыстың 34 колледжімен әлеуметтік серіктес болып табылады.
Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласы белсенді дамуда. 2025 жылға қарай мектептің әрбір түлегі облыс және ел колледждерінде тегін білім ала алады. Болашақ мамандарды сапалы даярлау үшін ТжКБ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастығы маңызды. 2021 жылы дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмысқа орналастыру үлесі 84%-ды құрады.
-Қазіргі уақытта кәсіпорындардың колледждермен өзара іс-қимылы жаңа деңгейге шығып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу орындарында ірі бизнестің қамқорлығын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Мақсаты кәсіпорындардың қамқоршылық және индустриялық кеңестерге кіруі, студенттер үшін практиканы ұйымдастыру, шеберханалар мен зертханаларды қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыруға жәрдемдесу, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, педагогтерді кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өткізу, сондай-ақ түлектерді кепілді жұмысқа орналастыру болып табылады, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Бүгін «БК-Строй» ЖШС, Қостанай құрылыс колледжі мен облыстық білім басқармасы, сондай-ақ «Рудныйсоколовстрой» АҚ мен Рудный құрылыс және көлік колледжі арасында алғашқы меморандумдарға қол қойылады. «БК-СТРОЙ» – 2015 жылдан бастап дуальді оқыту жүйесі бойынша Қостанай қаласындағы құрылыс колледжімен әлеуметтік серіктес. Құрылыс колледжінің студенттері «БК-СТРОЙ» нысандарында ақылы практикадан өтеді, өткен жылы осы оқу орнының 16 түлегі кәсіпорында табысты жұмыс істеп жүр.
-Біз облыстық білім басқармасы және «БК-Строй» ЖШС үшжақты келісімшартқа отырдық. Осы меморандум нәтижесінде біздің балаларымыз өндірістік тәжірибеден өтеді, жұмысқа орналасады. Бүгінгі күні 1180 студенттің 233-і дуальды жүйе бойынша құрылыс мамандығында оқып жүр. Соңғы үш жылда үшжақты келісімінің аясында елудің сыртында шәкіртіміз «БК-Строй» ЖШС жұмысқа орналасты. Биыл жұмысқа орналастырушылар қатары одан да артады деп ойлаймын,- дейді Қостанай құрылыс колледжінің директоры Серікбай Қадыров.
Рудный құрылыс және көлік колледжі 65 жыл бойы облыстың «РудныйСоколовСтрой» ірі кәсіпорнымен тығыз байланыста. Соңғы үш жылда 130-дан астам студент кәсіби тәжірибеден және тағылымдамадан өтті, колледждің 50 түлегі кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Үшжақты келісімнің нәтижесі осындай.
-Біздің ынтымақтастығымыз жаңа деңгейде жалғасатынына қуаныштымыз. Бұл біздің түлектеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Колледждер тығыз байланыста жұмыс істей отырып, кәсіпорындардың болашақ қызметкерлері – басшылық тарапынан қоятын өндірістік талаптарды ескереді. Мұндай мақсатты дайындық – бұл түлек үшін жұмысқа орналасудың кепілі, болашаққа, облысымыздың өнеркәсібі мен экономикасының дамуына қомақты инвестиция, — деді Зәуре Байменова.
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылмен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс саны 500 орынға көбейген. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш бұданда артпақ. Алдағы екі жылда ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қою жоспарланған. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сұранысқа ие мамандарды даярлауға жаңа серпін бермек.