Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жайылымдық жер мәселесі қаралды

Қостанай облысы әкімдігінде өткен отырыста жеке қосалқы шаруашылықтардың қажеттіліктері үшін жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету мәселесі талқыланды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаевтың айтуынша, облыс тұрғындарының шаруашылықтарында 335 мыңнан астам мал басы бар.

«Ауылдық елді мекендерде мал жаю үшін 1 млн 294 мың гектар жайылымдық жер бар. Қолда бар мал басына жайылымға қажеттілік 2 млн 181 мың га құрайды, яғни 887 мың га жетіспейді, — деп атап өтті Т.Бисимбаев. — Ауылдық елді мекендердің жайылымдық алқаптарының тапшылығын төмендету үшін 2021 жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді». Мәселен, өткен жылы оңтүстік аудандарда жайылым тапшылығы 331,7 мың гектарға төмендеді. Сондай-ақ, ауылдық округтердің әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында ауыл халқының мал жаюы үшін өздерінің жайылымдық жерлерін өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісімдер жасалды.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл жайылым тапшылығын 200 мың гектарға азайтуға мүмкіндік берді.

«Сондай-ақ, орман қоры жерлерінде ауданы 47,3 мың га жайылымдық және шабындық жерлер пайдаланылды. Іргелес жатқан қосалқы жерлер есебінен елді мекендердің аумағы 9,1 мың гектарға ұлғайтылды. Осы іс-шаралар есебінен облыста 587 мың га алқаптағы жайылым тапшылығы 300 мың га дейін төмендеді», — деп түсіндірді Тимур Бисимбаев.

Сонымен қатар, аудандар мен Арқалық қаласының әкімдіктері жайылымдық және шабындық жерлерді пайдалану үшін мемлекеттік қор жерлеріндегі жер учаскелерін резервте қалдыру жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл, ведомствода мәлімдегендей, белгілі бір дәрежеде халықтың жеке аулаларды күтіп-ұстау жөніндегі қажеттіліктерін қанағаттандырады.

Жалпы, жайылымның қосалқы ауданы 320 мың гектардан асады. Ведомствода атап өткендей, 15 сәуірге дейін өңірде 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарлары әзірленеді.