ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер: тәжірибе, жетістік, келешек» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі міндеті агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің өзекті мәселелерін талқылау және сапасын арттыру. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша 2021 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 33 млрд теңгеден астам сома субсидияға ие болған.
Одан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету кезінде рәсімдерді, мерзімдерді бұзу, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту және ақпараттық жүйелер жұмысындағы кемшіліктер сынды проблемаларды атап өтті.
Мәселен, былтыр Департаментке келіп түскен 32 шағымның 70%-ы жер қатынастары саласындағы бұзушылыққа қатысты. Сонымен қатар, бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында мониторинг жүргізілді, оның шеңберінде мемлекеттік қызметтерді сапасыз көрсету, заңсыз бас тарту және оларды көрсету мерзімін бұзу фактілері анықталды.
Мысалы, Қостанай ауданының Заречный ауылдық округінің әкімі кәсіпкерге жер телімін беруден негізсіз бас тартқан. Қостанай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы жер учаскесінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру кезінде заңсыз шешімдер қабылдаған. Рұқсат беру құжаты кәсіпкерге 1 күнге берілген, ал заңнамада әрекет ету мерзімі 1 жыл деп көрсетілген.
Департаментпен қажетті шаралар қабылданғаннан кейін кәсіпкерлердің құқықтарын толығымен қалпына келтірілді. Өтініш берушіге жер учаскесі ұсынылып, тиісті қолданылу мерзімі бар құжат берілді. Кінәлі лауазымды тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 465-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта қызмет алушылардың заңды мүдделерін шешу үшін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Департамент басшысы А.Искендиров дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қызмет алушылардың құқықтары әрдайым іске асырылуы, мемлекеттік қызметтер – қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті.