Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Алаш арыстарының Торғайдағы музейі

26 февраля 2022 16:01 • 4 051 просмотров

Торғайдағы ең көне ғимараттың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі орналасқан үй. 1901 жылы салынған бұл ғимарат кезінде атақты көпестер ағайынды Яушевтердің Торғай қаласындағы саудасын басқарған ноғай саудагері Фазылжан Назмутдиновтің үйі екен. Фазылжан – Ахаң мен Жахаңды жақсы білген, аралас-құралас, сыйлас болған кісі. Ұлт ұстазының өзі де бұл үйге бір-екі рет келген деседі.

Музей директоры Гүлбану Сәрсе­кейдің айтуынша, Назмутдиновтің үйіне кеңес дәуірі кезінде әуелі аудан­дық партия комитеті, кейін әскери комиссариат паналаған. Одан бері 1974 жылға дейін амбулатория болыпты. Ал 1974-1989 жылға дейін төрт пәтерлі тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Алаштың қос арысы ақталғаннан кейін Торғайдағы 15 кеңшардың халқы өз қалтасынан қаржы жинап, мұнда тұрып жатқан 4 отбасын басқа үйге көшіріп, қабырғасына қилы тарихтың жаңғырығы сіңген көне үйді көп болып қайта жөндеп, үлкен музейге айналдырыпты.

– Ақсақалдар малмен, зейнет­ақы­мен берді, ал аудан тұрғындары,  мұға­лімдер мен жұмысшылар бір күндік еңбекақысын аударды. Біреу түйесін, біреу биесін, біреу ешкі-лағын берсе, енді біреу елу сом ақшасын беріп, сол кезде тозыңқырап қалған осы ғи­маратты халықтың өзі мемлекеттен бір тиын алмай, қайта жаңартып, үлкен музейге айналдырды. Музейге қойылған дүниелер де елден жиналды. Дәл қазіргідегідей есімде, тоқса­ныншы жылы қолында киізге ораған заты бар Ерден Смағұлов ақсақал музейдің сол кездегі басшысы Ғазиз Әмірқанұлына кіріп кетті. Сәлден соң Ғазиз ағайдың «Балалар, бері келіңдер, тез жетіңдер!» деген қуанған даусын естіп, біз де жиналып қалдық. Сөйтсек, Ерден ақсақал Ахмет атамыз Бәдрисапа анамызды алып келген жылы елге тарту етіп қалдырған, өзі алпыс жыл бойы жерге көміп сақтап келген «Қырық мысал» мен «Маса» кітабының түпнұсқасын әкеп тапсырып тұр екен. Мұның сыртында, 1991 жылы 8 маусымда музей ашылғанда сонау Алматыдан арнайы келген Гүлнар апамыз әкесі Міржақыптың дүниясымен қатар, Ахаңның төрт кітабының түпнұсқасын тәбәрік етіп қалдырған еді. Ахаңның туыстарынан қолтаңбасымен алынған Ташкенттен шыққан тіл ғылымдары туралы оқулығының да түпнұсқасы тұр. Жалпы, біздің музейде Ахаңның 7 түпнұсқа кітабы бар, – деді музей директоры Гүлбану Сәрсекей.

Торғайдағы музейдің төрінде кезінде Ахаңның өзі пайдаланған жез легені, патефоны, екі кісілік диваны мен шифонері, сағаты тұр. Құнды дүниелердің біразын музейге Шолпан апай тапсырса, енді біразы жергілікті жұрт жылдар бойы қастерлеп сырт көзден тасада ұстап, тұмардай сақтап, осы күнге дейін аман-сау жеткізген.

Әр кірпішінің өзі бір жәдігердей Ахаң мен Жахаңның музейі содан бері 27 жыл бойы қыста от жағылмай, жылытылмай келген. Музейге тек 2018 жылы ғана орталықтандырылған жылу жүйесі орнатылыпты. Бір ғажабы, осыншама уақыт қақаған аязда жылусыз тұрған ғимаратқа да, оның ішіндегі мол дү­ние­ге де бірде-бір сызат түспеген, қа­быр­ғасының құмсылағы да сол күйі сақтал­ған, не көтеріліп, не жарылып кетпеген.

– Бертінге дейін бір құмы түскен жоқ. Биыл фойеден кішкене ғана су кетті. Музейдегі жәдігерлер де сол қалпы, Ахаң мен Жахаң бастаған осы топырақтан шыққан талай ұлы тұлғалар тұтынған бұйымдар, құжат­тар мен портреттер де сол күйі тұр. Бұл ғимаратты, музейдің ішіндегі жәдігерлерді қорғайтын бір тылсым күш бар. Бұл үйдің иесі, киесі бар, негізі. Мен музейге жаңа келген жылы Өзбекәлі Жәнібеков маған батасын беріп тұрып: «Ахмет пен Міржақыптың мұражайына қызмет етіп жатқан сендер бақыттысыңдар», деп еді. Ана бір жылы Алаш Орда үкіметінің мерейтойына орай Торғайға көптеген ғалымдар келді. Ол кісілерді мен өзім пойыздан күтіп алып, жолда Кейкі батырдың басына тағзым етіп, Амангелдіде түстеніп, бірден Бидайыққа апардым. Алыстан келген үлкен ғалымдардың Міржақып атамыздың басында еңіреп тұрып «Сіздің арманыңызды біз әлі орындай алмай келеміз ғой» деп жылағанын көргенде таңғалдым. Одан Ахаңның туған жеріне Ақкөлге қарай бет алдық. Бірақ жаңбыр жауып жете алмай қалдық. Айгүл Ісмақова мен Айман апам бастаған бір топ ғалымдар құйып тұрған жауынға қарамастан, Ахаң туған топырақтың жусанын жұлып, пакеттеріне салып алып жатты, – деді музей басшысы.

Ең үлкен залы Алаштың қос арысына арналған музейдің төбесі аласалау, іші күңгірттеу әрі салқын екен. Алайда күзге дейін бұл олқылықтың орны толар деп ойладық. Өйткені биыл жаз шыға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай бұл ғимаратқа да жөндеу жұмыстары басталады.

Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, бұл мақсатқа 233 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыға музейдің ішіне реэкспозиция жасалып, қайта жаңартылады. Қазіргі талаптарға сәйкес диаграммалар жасалады. Бұған дейін Ахмет атамыз бен Міржақып атамызға қатысты жәдігерлерге бір залдан орын беріліп келген еді. Енді Ахаңның өзіне жеке зал арналатын болады. Сондай-ақ музейдің ауласы да абаттандырылады.

Енді сәл-пәл шегініс жасап, осыдан 121 жыл бұрын Торғайда үй салған Назмутдиновтер әулеті туралы аз-кем айта кетейік. Бұл жөнінде белгілі қаламгер Байтұрсын Ілиястың «Алтын бесігінде»: «Назмутдиновтер Торғайда ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары ішінде пайда болыпты. Қазан түбінен жеткен. Ол кезде Фазылжан он бір жаста екен. …Фазылжанның әкесі Хайриддин Торғайға Яушевтің саудасын жүргізу үшін көшіп барған. Торғайда бір еврейден үй сатып алып, 1901 жылы ол үйді бұзып, орнына қазіргі мұражай қоныстанған үйді салады», деп жазылған.

Ақ патшаның тұсында алты көше­­мен қала атанған Торғайдағы кө­не ғимараттардың дені Кеңес өкі­меті тұсында қиратылып, жойылып кет­кен. Мысалы, Ыбырай Алтын­сарин қа­бырғасын қалап, Ахмет Байтұр­сын­ұлы білім алған қара шаңырақ мектеп өткен ғасырдың 60-жылдары бульдозермен сүріліп тасталған. Ал ноғай саудагерлерінің үйі – бүгінгі Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының әдеби музейі тұрған көне ғимарат әуел баста партия коми­теті орналасқан үй болған соң ғана аман қалған сияқты.

Нұрқанат Құлабаев