Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлт ұстазының ұлық тойы

4 марта 2022 17:00 • 636 просмотров

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы салтанатты түрде бастау алды. Мерейтойлық іс-шаралар өткен аптада елордада басталды және бүгін Қостанай облысында жалғасын тапты. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерейтой жылының ашылу салтанатында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және профессор Серікбай Оспановпен бірге А.Байтұрсынұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін ол дөңгелек үстелге қатысып, оны біздің өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қолдады.

Жалпы, жыл бойы ауқымды ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық іс-шаралар жоспарланған. Бұл жұмыс мемлекеттік хатшының төрағалығымен өткен Республикалық комиссияда талқыланып, жалпы республикалық жоспарға енгізілді.

Дөңгелек үстелде сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ағартушы мерейтойы қарсаңында қыруар игі шаруа атқарылатыны туралы баяндады.

–Құрметті шараға қатысушылар! Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы Алаш арысы, көрнекті ғалым-лингвист, ақын, аудармашы, біздің жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Мерейтойға арналған шаралар өткен аптада Елордамыздан бастау алып, бүгін Ахаңның туған жерінде жалғасын тауып жатыр. Жыл бойына ауқымды ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық шараларөткізу жоспарланған. Бұл жұмыстар Мемлекеттік хатшы төрағалық ететін республикалық комиссияда талқыланып, жалпыреспубликалық жоспарға енгізілген. Соның негізінде өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басында Жангелдин ауданына жұмыс сапарыммен барып, халықпен кездесіп қайттық. Сол кездесу аясында ауыл тұрғындары жол жөндеу, интернет желісін қосу және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру жөнінде өтініштерін жеткізген болатын. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылдап жатырмыз,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Мысалы, 2022 жылдың бюджетін бекіткен кезде «Шұбалаң-Қарасу» бағытындағы жолдың 11,4 шақырымын жөндеуге 450,0 млн. теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта одан әрі қарай жол салу үшін құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді.

–Құжат дайын болған бетте, жұмыстар басталады. Ол мақсатта қосымша 1,5 млрд. теңге қарастырып отырмыз, бұл шамамен 21 шақырым жол төсеуге жетеді. Облыстық бюджет есебінен А.Байтұрсынұлы ауылына жаңадан медициналық пункт салу, Ақкөл ауылында ауылдық амбулаторияны жөндеуден өткізу және медициналық құрылғылармен жабдықтау жоспарланып отыр. Ақкөл ауылының клубын жөндеуден өткізуге қосымша қаражат қарастырылды. Шалғай ауылдарды интернет желісіне қосу бойынша Цифрландыру министрлігі және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жол картасы әзірленіп, жұмыстар пысықталуда,-деді өңір басшысы.

Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін»жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және экспозициясы толығымен қайта жаңартылады.

Сонымен қоса, А.Байтұрсынұлы туған үйді қалпына келтіруге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Жергілікті биліктің айтуынша, оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр.

Мерейтой аясында «Байтұрсынұлы оқулары-2022», халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, «Ахаң жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы, қайраткердің мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы, облыстық театр сахналарында тақырыптық қойылымдар және тағы басқалары жоспарланған.

Ерекше атап өтетін бір жағдай, келесі оқу жылы облыс үшін маңызды мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар жергілікті бюджет есебінен тағайындалады (жылына 750,0 мың теңгеден 15 грант).

Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған негізгі іс-шараларды өзінің туған күні аясында, яғни 5 қыркүйек шамасында өткізу жоспарланған. Облыс орталығында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ауқымды шаралар, «Тіл-қазына» фестивалі өтеді.

Сондай-ақ, тарихи тұлғаның туған жері Жанкелдин ауданында бірқатар көлемді мерейтойлық шаралар, атап айтқандаәдеби музейдің жөндеуден кейінгі тұсаукесері, ғылыми тәжірибелік конференция, ақындар айтысы, оқушылар арасында «Ахмет оқулары» байқауы, ат спортынан жарыстар т.б. өткізу көзделген.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары Берік Әбдіғалиұлы мен Қазыбек Иса жалпы Алаш арыстарының мұрасын зерделеуге, насихаттауға байланысты белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасын қастерлеуде Қазақстан Жазушылар одағының атқаратын еңбегі зор. Одақтың басқарма төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет те осы шараға арнайы келіп қатысты.

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі бар. Сол үйді сақтап қалуға, одан кейін мемлекет қорғауына алуға айрықша үлес қосқан, белгілі ахметтанушы ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Райхан Имаханбетке те бой көрсетті.

Ахмет Байтұрсынұлының тіл ғылымы саласындағы мұрасын кәдеге жаратып, іске асырып жүрген үлкен ғылым ордасы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, белгілі алаштанушы Ербол Тілешов мырза да бүгінгі қонақтар қатарында.

Мерейтой аясында Түркияда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауыман белгілі ғалым, ақын Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» деген кітабы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Түркияда және өткен аптада Алматы қаласында өткізілді. Қостанайда да осы кітаптың тұсаукесері өткізілді.

Серікбай Оспанов былтыр Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына байланысты «Ыбырай жолы» деген ауқымды еңбегін шығарған болатын

Тағы бір назар аударатын жағдай, Тобыл-Торғай өңірінен шығып, Алаш қозғалысына белсенді атсалысқан қайраткерлер аз болмаған. Олардың да есімін ұлықтап, халыққа жасаған еңбегін насихатуда қыруар игі жұмыс атқарылуда.

Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын, Алаш қайраткері Елдес Омаровтың мұрасы жинақталып, екі томдық кітап болып шықты. Оған белгілі ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет өзінің үлесін қосты. Былтырғы жылы Ғазымбек Бірімжановтың шығармалары жинақталып, «Алаш кітапханасы» сериясымен басылып шықты. Осы кітапты құрастырған жас ғалым Данияр Ихсанның ғылым жолындағы ізденістері одан әрі қолдауға лайық.

–Биылғы жылы тағы бір жерлесіміз, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі де бірегейі Мұхамеджан Сералиннің туғанына 150 жыл толып отыр. Ол кісі Қарабалық ауданында жерленген. Бұл нысан Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына енгізілген. Былтырғы жылы қорымы жаңартылып, маңайы абаттандырылды. Қазіргі уақытта бұл мерейтойға байланысты іс-шаралар жоспары әзірленіп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр,-деп сөзін түйіндеді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.