Ұлт тарихында қазақтың ілімі мен білімін негіздеп, қалыптасуына орасан еңбек сіңірген тұлғалар баршылық. Әсіресе «тар жол, тайғақ кешулі» заманда тұтас ұлттың ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атап өтеміз. Биыл Алаштың рухани көсемінің туғанына 150 жыл толып отыр.
Осыған орай ел астанасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық ғылымипрактикалық конференциямен басталды. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, сондай-ақ министрлер мен елорда әкімі, ахметтанушы, алаштанушы ғалымдар мен әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Айта кетейік, ұлт ұстазының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі.
Конференцияның алғашқы баяндамасын жасаған Мемлекеттік хатшы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы күн тәртібінде тұрған ұлт руханияты үшін үлкен әрі маңызды тақырыптардың бірі екеніне тоқталды.
«Халқымыз өзінің төл тарихында ерекше орны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оның мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдық мерейтойын атап өткенін баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл қазақ тарихындағы осындай алғашқы мерейтой болғанын айрықша атап өткен жөн. Содан бері 100 жыл өтті. Бүгін Ахаң аңсаған тәуелсізелдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр. Ұрпақ сабақ-тастығы дегеніміз – міне, осы!» деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, биыл Париж бен Ыстанбұлда Ахмет Бай-тұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, Түркістанда халықаралық конгресс өтеді.
«Ахаң қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екеніне зор мән берді. Оның: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліп-биімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зормаңызын жұртымыздың санасы сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол қазақ тіл білімініңатасы, ұлт ұстазы атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оныңесімін атауға тыйым салған кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды», деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде өткізілетін мерейтой іс-шараларына баршамыз белсене атсалысуымыз қажеттігін атап өтті. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар іске асатынын да хабарлады.
«Мемлекет басшысы мерейтой шараларының «ас та төк» тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтып жүреді. Бұл ұстаным Ахаңның мерейтойына да қатысты. Ұлт ұстазының туған жері – Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Ол жөнінде бізде облыс әкімдігімен сондай келісім бар», деді Мемлекеттік хатшы.
ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметіндегі бірізділік туралы жасаған баяндамасында 1933 жылы ақпанның суық аязында Архангельскіде абақтыда отырған ғалымның саяси қуғындағы зиялыларға көмек қорының басшысы Екатерина Пешковаға жолдаған өтініш хатына тоқталады. Сонда Ахаң: «Мен қазақ халқын ағарту жолында 34 жыл бойы қызмет атқарған педагогпін, менің бұл қызметім ағартушылық қызметке қажет ғасырлар бойы қалыптасқан даярлығы бар басқа мəдениетті елдердің педагогтерінің қызметінен мүлдем бөлек жағдайда өтті. 1905 жылғы революцияға дейін қазақ тілінде жазуға, оқуға, білім алуға рұқсат берілмеді, сондықтан да бұл тілде ағартушылық қызметті жүргізуге мүмкіндік туғызатын қарапайым даярлық та болған жоқ, яғни оның алфавиті, орфографиясы, грамматикасы, тіл теориясы, оқулықтары, баспа əдебиеті, газеттері болған емес. Маған осылардың бəрін жаңадан жасауға жəне негіздеуге тура келді, өйткені 1905 жылдан соң тілге берілген еркіндік менің шығармашылықтағы қуатты шағыма тұс келген еді» деп жазады.
«Бұл хаттан мынадай екі жағдайды анық байқауға болар еді жəнеоларды күрескер тұлға анық білдіріп те отыр. Біріншіден, азаматтық ұстанымы жəне кəсібі тұрғысынан ол ең əуелде ағартушы екенін, сондай-ақ бұл қызметін туған халқына арнағанын, екіншіден, осы қызметі үшін бұрынғы патшалық жəне жаңа советтік биліктер жүйесінен қуғын-сүргін көріп кележатқанын жеткізуі еді. Сонымен бірге бұл арада, əрине, мынадай бір жағдайды да ескерген артық емес. Ол қайраткердің өзі өмір сүрген кезеңде қазақ қоғамында қалыптасқан жағдайға байланысты ағартушылық жəне шығармашылық қызметін туған елін əділетсіз отарлық жүйеден құтқару ісімен, яғни саяси қызметпен байланыстыруға мəжбүр болғандығын білдіруі еді», деді Мәмбет Қойгелді.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросының директоры, Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккат Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің сабақтастық әлеуетіне тоқталды.
«Ахмет Байтұрсынұлы талантты әдебиетші, педагог, ғалымболған. Оның есімі қазақ әліпбиіне араб графикасының негізінде жасаған реформасымен танымал. Ол түзген әліпби қазақ жазуын шекарадан тыс өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақтарға қолжетімді етті», деген ЮНЕСКО өкілі ғалымның қазақ лингвистикасымен әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі екенін атап өтті.
«Ол бүкіл мансабында жаппай сауаттылықты дамытуды мақсатетті. А.Байтұрсынұлының ақын-аудармашы ретіндегі репутациясыда мығым. Ол орыс әдебиетінің ұлы шығармаларын аудару арқылы қазақ және орыс халықтарының мәдени диалогіне жол ашты. Мәселен, орыс ақыны Иван Крыловтан аударған шығармалары қандай?! А.Байтұрсынұлының еңбектері мен қызмет жолы ЮНЕСКО-ның жұмысымен, білімді ілгерілету және мәдениетаралық диалогті қалыптастыру бағытындағы мандатымен сабақтасып жатыр», деді Криста Пиккат.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың модераторлығымен өткен конференцияда, сондай-ақ Шерубай Құрманбайұлы, Дихан Қамзабекұлы, Анар Фазылжанова, Айгүл Ісмақова, Елшін Ибрагимов, т.б. зерттеуші ғалымдар баяндама жасады. Пленарлық отырыс «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясның мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» атты секциялық отырыстармен жалғасты.
Жиын барысында қазақ және шетелдік ғалымдар ахметтанудың қазіргі өзекті мәселелерін ортаға салып, алдағы уақытта атқарылуға тиіс жобаларды нақтылады. Нәтижесінде, аталған мәселелер конференция қарарында қабылданды. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяндық деректерін толықтыру үшін Қазақстандағы және шетелдегі архивтерге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастыру, ғалымның толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу, шығару және тарату, еңбектерін шет тілдеріне аудару, халықаралық кеңістікке таныту, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін әзірлеп, тіл және жалпы қоғамдық-гуманитарлық сала мамандарын марапаттау, жоғары оқу орындарының студенттері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындау жұмыстары жоспарланды.
Айта кетейік, Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Гүлбану Сәрсекей мерейтойға ғалымның құнды жәдігерлерін алып келген.
Алқалы жиын Еркеғали Рахмадиев атындағы мемле-кеттік академиялық филармонияда «Ұлт ұстазы» атты әдеби-сазды кешпен қорытындыланды.