Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Азаматтық көзқарасы адамгершілікпен ұштасқан ұстаз

Әр дәуірде есімдері ел аузынан түспеген, көпшілікке мәлім, танымал азаматтар қарт Торғайда көптеп болғаны белгілі. Олардың бірқатары аудан өмірінің қоғамдық-саяси жұмыстарымен қатар, басқа да басты салаларда басшылық қызмет атқарса, кейбіреулері сырт жерде жұмыс істеді.

Уақыт деген аққан судай, ағып өткен жұлдыздай қас қағам сәттей өтіп, өмірден өткен не бір есімдер бүгінде іздеушісі болмаса тарих қойнауына сіңіп, есімдері көмескі тартып жатады. Олардың ішінде ел елемеуге болмайтын есімдер де баршылық.Ұмытуға болмайтын сол ағаларымыздың түр-тұлғасы, кескін-келбеті ел жадында сақталуда. Ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарымызды еске алып отыру ұрпақ парызы екенін естен шығармауымыз керек.

Олардың есімдері ел жадында қалуы тиіс. Алайда, ащы болса да шындықты айту керек, бүгін кімнің айғайы күшті, кімнің мықты іздеушісі барларлары ғана еске алынуда. Осыған орай «Ұмытуға болмайтын есімдерді есімізден шығармайық, ағайын!» атты тараумен назардан тыс қалып келген тұлғалардың есімдерін еске алу мақсатында Торғай өңірі үшін жоғары білімді құрылыс мамандарын даярлауда қайталанбас өзіндік үлес қосқан Есенғали Жанділдин туралы мақаланы жариялауды ұйғардық.

Кіндік қаны тамған туған жері үшін жоғары білімді мамандар даярлауда аянбай қызмет еткен азаматтарға Торғай елі ешқашан кенде болған емес. Сондай азаматтар қатарында Есенғали Жанділдин де бар. Өкінішке қарай өмірде өзіндік ұстанымы болған, азаматтық көзқарасы адамгершілікпен ұштасқан Ес ағаңның есімі уақыт өткен сайын назардан тыс қалып келеді.Торғай елі үшін жоғары білімді құрылыс инженерлерін дайындауда өзіндік қайталанбас үлкен үлес қосқан Есенғали Жанділдин тірі болса биыл 85 жасқа толар еді.

Осы жерде шегініс жасап, айта кететін жайт, Торғайдан шыққан құрылыс мамандарының көшбасында тұрған Жақсылық Каринге 1950 жылдары Ташкент политехникалық институтына түсуіне бағыт-бағдар беріп, көмек қолын созған және 1960 жылғы Торғай мектебінің 18 түлегін Қызылорда пединститутына оқуға түсірген, Торғайдан шыққан алғашқы филолог-ғалымдардың бірі Кәрім Ещанов атамыздың баға жетпес жасаған қамқорлығын жиырма жыл өткен соң Есенғали Жанділдин жасағанын қалай айтпасқа.

Сондықтан «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!»-демекші Торғай елі үшін жоғары білімді құрылыс мамандарын даярлауда еңбек етіп, тер төккен ағамыз жайлы жазуды інілік борышым деп санадым.

Есенғали Жанділдин Торғай өңірінің Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында 1937 жылы дүниеге келген. 1950 жылдары Көкалат ауылындағы Албарбөгет жетіжылдық мектебінде Алматов Орекен, Әбеуов Қуандық, Бейісов Опа, Бейісов Аманжолмен бірге оқып,1956 жылы Қаратүбек орта мектебін елімізге белгілі ғалым Байзақов Сәбитпен бірге бітірген. Орта мектепті бітірген соң, Абай атындағы Казақтың педагогикалық институтының философия және тарих факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік бітірді.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын Целиноград облыстық кәсіподақтар комитетінде нұсқаушы болып бастады. Содан кейінгі өмірбаянының көп бөлігі Целиноград инженерлік-құрылыс институтымен байланысты болды. Ол заманда бұл жоғары оқу орны еліміздің солтүстік өңіріне құрылысшы-инженер мамандар даярлауға арналған еді. Ұзақ жылдар бойы ЦИСИ-де философия және тарих кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып жұмыс жасады.

Институт қабырғасында оқытушылық қызмет атқара жүріп Абай атындағы қазақтың педагогикалық институтының сырттай аспирантурасына түсіп, тарих ғылымдарының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты. Сол жылдары жас ғалым қазақ халқының, оның ішінде Торғай өңірінің тарихын зерттеуге баса назар аударып, Арғын, Қыпшақ руларының шығу тегін зерттеген Торғайлық алғашқы тарихшылардың бірі болды.

Осы бағытта еліміздің және Ресейдің мұраһаттарынан көптеген материалдар жинады. Мәселен, 1970 жылдары жас ғалым Ленинград қаласының мұраһатынан Тобыл-Торғай өңіріне белгілі тұлға, кезінде Торғай уезі бастығының көмекшісі болған атақты Қорғанбек Бірімжановтың фотосуретін кездестіріп, көшірмесін сол кезде көзі тірі Торғайдағы тархан ұрпақтарына сыйлағанын көзіқарақты қариялардың есінде болар.

Есенғали Жанділдин Целиноград инженерлік-құрылыс институтында тарих және философия пәнінен дәріс бере жүріп, жергілікті жастардан жоғары білімді құрылысшы-инженер кадрларын даярлау ісіне өз үлесін қосты. Торғай өңірі 1960-шы жылдардың аяғында өз ісін жетік білетін жоғары білімді құрылысшы-инженерлерге зәру болатын. Ауданның құрылыс саласында саусақпен санар ғана жоғары білімді мамандар жұмыс істеп, келешекте жергілікті жастардан құрылысшы-инженер дайындау қажеттілігі туындаған еді. Осыны көрген Ес ағаң Торғайға арнайы келіп, мектеп бітірушілерге кәсіптік бағдар беру мақсатында экономиканың қозғаушы күштерінің бірінен саналатын құрылыс саласындағы жоғары сұранысқа ие инженер-құрылысшы мамандығын таңдауға шақырып, үгіт жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген жұмыс өз нәтижесін де бере бастады. Сол жылдары ауданнан көптеген жастар құрылысшы-инженер мамандығын таңдап, лек-легімен Целиноград қаласындағы инженер-құрылысшы маман даярлайтын Құрылыс-инженерлік институтына құжаттарын тапсыра бастады.

Сол жылдары жаңадан ашылған Торғай облысының шалғайдағы құрылысшы кадры тапшы Жангелдин және Амангелді аудандарынан Целиноград инженерлік-құрылыс институтытына оқуға түсуге келген талапкерлерге Ес ағаң үлкен шешуші көмек көрсетті. Ол заманда орыс ұлты көп Целиноград қаласындағы инженерлік-құрылыс институтында сабақ пен барлық іс-шаралар орыс тілінде өтетін. Даладан келген қазақтың қара сирақ балаларына орыс ұлты көп қалаға бауыр басып кету оңай болған жоқ. Бұрын туған ауылынан алты қадам алыс ұзап көрмеген Торғай, Амангелді секілді шалғайдағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауданнан келген студенттерге орысша оқу қиынға соққаны белгілі. Осыны сезген Ес ағаң Торғай өңірінен келген студенттерге тіл кедергісінен (языковый барьер) өту үшін ерінбей арнайы уақыт бөліп, көмек қолын созды.

Ес ағаңның шәкірттеріне жасаған осы қамқорлығы арқасында олар аз уақыт ішінде орыс тілін меңгеріп, ойларын жеткізе алатын жағдайға жетті. « Ес ағаң ер азаматқа тән адамгершілік мінезі, кішіні кіші деп қарамай өзімен бірдей санап, орыс тіліне шорқақ біз секілді студенттерге орысша жазылған оқулық кітаптардағы (сопромат, элементый высшей математики, теоретическая механика, геодезия пәндері) материалдарды қазақша жалпақ тілге аударып, өзіңмен бірге талдағанын қалай ұмытамыз. Ұстазымыз бізге орыс тіліндегі техникалық әдебиеттер оқыңдар, Торғай елі құрылыс мамандарына зәру деп айтудан жалықпайтын.Сондықтанда Ес ағаң торғайлық студенттер арасында үлкен беделге ие болды» деп еске алады ұстаздың алдын көрген шәкірттерінің бірі, бүгіндері зейнет демалысындағы байырғы құрылысшы-инженер, Жангелдин ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Тойғонбол Нұрханов.

Есенғали Жанділдиннің қамқорлығын көрген Торғайлық жастар, атап айтқанда Ражанов Бақыт, Бекмағанбетов Мәжит, Исмайлов Қуантай, Бектемісов Асқар, Нұрханов Тойғанбол, Айтжанов Төлепберген, Ғұбайдуллин Мұрат, Саматов Түлкібай, Сәдірбаев Айтжан, Хасенов Балғабай, Жанділдин Айжарқын, Нақанов Болат, Алпысбаев Жақсылық, Жакупов Мерген, Шаяхметов Алик, Әуелбеков Бейбіт және т. б. инженер-құрылысшы мамандықтары тапшы жаңадан ашылған Торғай облысының құрылысының дамуына өз үлестерін қосты. Облыс орталығы мен Торғай, Амангелді аудандарында пайдалануға берілген нысандарда Ес ағаңның шәкірттерінің жүріп өткен ізі мен қолтаңбалары жатыр.

Әрбір ұстаз өз шәкірттерін биіктен көргісі келетіні ол өмірлік ақиқат. Мәселен шәкірттерінің кейбіреулері, атап айтқанда Бектемісов Асқар Торғай облысының бірқатар құрылыс мекемелерін, облыс әкімдігінде шаруашылық басқармасының бастығы қызметтерін атқарса, Алпысбаев Жақсылық Амангелді ауданында кеңшар директоры, ауатком төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына дейін көтерілді. Ражанов Бақыт пен Бекмағанбетов Мәжит және Ғұбайдуллин Мұрат секілді шәкірттері аудан көлеміндегі құрылыс мекемелерін басқарды.

Торғай өңірінен ЦИСИ-ға оқуға келген ұзын-саны жиырмадан астам жастарға Ес ағаң көмек қолын созғанын қөзіқарақты азаматтар жақсы біледі. Бұл игі іске оның жолдасы Алма Қабенқызы Алдабаева да үлкен үлесін қосты. Ол өзінің барлық еңбек қызметін ЦИСИ-де өткізді. Сол жастардың көпшілігі аталмыш оқу орнын бітіріп шығып, Торғайдан шыққан тұңғыш жоғары білімді құрылыс инженері Жақсылық Кариннің лайықты ізбасарлары бола білді. Ерлі-зайыпты білікті ұстаздың қамқорлықпен жасаған осы еңбегін алдын көрген шәкірттері әрдайым ауыздарынан тастамай, жиі естеріне алып отырады.

Ес ағаң өзінен екі-үш жас үлкен ағалары Кәрім Мусин, Алпысбай Темірбеков, Түйебай Мақажанов, Сәмен Жанабергенов, Марат Ержанов, қатарластары Кәкімжан Карбозов, Айтжан Айбасов, Сапабек Жүнісов, Тұрсынбек Шаймағанбетов, Сәруар Жүнісов, Орекен Алматовпен қалай араласып сыйласса, белді азамат інілерімен де сондай сыйластықта болды. Үзенгелес інілері Қапеш Әлиев, Қойшығара Салғарин, Жұман Жанділдин, Есқали Байбосынов, Төлен Әбдіков т. б. ағаларын құрметтей білді.

Осы аға буын өкілдерінің бірқатары, атап айтқанда мамандығы байланысшы Кәрім Мусин мен мамандығы мұғалім Манаш Сүйінов, Марат Ержанов, Сәмен Жанабергенов Целиноград қаласында Қазақстанның солтүстік облыстарының шаруашылық басшыларының білімін жетілдіретін аймақтық қысқамерзімді курсында оқыған кезінде саяси экономика мен шаруашылықты басқару тәсілдері мен функциясы бойынша жазбаша курс жұмысын жазуда Есенғали бағыт-бағдар беріп, көмектескенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Олар кейін кеңшар директоры болып, қарт Торғайдың абырой-беделін биік белестерге көтеріп, оның тыныс-тіршілігіне жаңа тыныс, соны серпіліс әкеліп, дала дарабоздары атанды. Торғай өңірінің тасын өрге домалатқан бұл кісілер жасы кіші іні бола білген Есенғали Жанділдинді қадір тұтып, онымен жақсы сыйластықта болды.

Ес ағаң жалтақ, «сен тимесең мен тимен» деп, басын құмға тығып алатын тұйеқұсқа ұқсамай, табиғатынан аса шыншыл, өткір, басынан сөз асырмай ойындағысын ірікпей айтатынын студент кезімнен сырттай білетінмін. 1978–79 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында бірер жыл жұмыс істеген уақытында Ес ағаңды жақыннан танып, ол кісінің ешкімге ұқсамайтын адами болмысы біздерді – алдын көрген шәкірттерін талай мәрте таң қалдырған болатын. Сол жылдары институт жанынан ашылған Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық-педагогикалық музейдің қоғамдық директоры Әсекеңе (Әсет Ламашев) ағартушының Торғайдан ашқан мектебі туралы деректер жинауда Торғай тарихының білгірі ретінде көмек қолын созып, тарихтың көлеңкесінде қалып қойған ұлы ағартушының нағашы жұрты туралы материалдар жинақтауда өзіндік үлесін қосты.

Әрине, өмір болғасын «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» дегендей, Ес ағаңның өткен өмір жолында қиындықтар мен құлдыраулар да болды. Бірақ мойымады, өз болмысынан өзгермей, өзі қалаған жолмен жүріп, солайша өмір кешті.

Есенғали Жанділдаұлы 1998 жылы 61 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Жолдасы Алма Қабенқызы тіршіліктің қиындығын да, қуанышын да көріп, Ес ағаңнан қалған төрт тұяқты аяқтандырып 2021 жылы дүниеден өтті. Есенғали Жанділдаұлы мен Алма Қабенқызы өздері қалай жұмыс жасады, олардың балалары да халық пен ел игілігі үшін еңбек етіп жалғастыруда.

Тұңғышы Талғат әке жолын жалғастырып, ғылым жолын таңдады. Техника ғылымдарының кандидаты, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқытушы болып істесе, екінші ұлы Дулат Қазақстан қарулы күштерінде әскери саяси жетекші болып қызмет атқаруда.Басқа балалары әкелерінен дарыған адалдықтарымен әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Қорыта айтқанда, Торғай өңірі үшін құрылысшы мамандар даярлауда сүбелі үлес қосқан қасиетті Торғай жерінің ұлы мен келінінің жарқын бейнесі Торғайлықтардың жүрегінде сақталып, өнеге ретінде атқарған келісті істерін көрсету шәкірттерінің парызы болмақ.

Ертай ҚАРАБАЛА