Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұрпаққа үлгі ұлағат

Оған дәлел – қолы қалт етсе, үнемі оқып-ізденіп, көркем әде­биетпен, тілтану және әдебиеттану ғылымымен шұғылданып отырған. Басына іс түсіп жүрсе де, «Қырық мысал», «Маса», «Ер Сайын», «Әде­биет таныт­қыш» секілді кітаптарды жазып, дайындаумен болды. Алдыңғы екі кітапта орыс қаламгерлерінен аударған шығармалары да бар. Қазақ тіл білімін алғаш қалыптастырушы ретіндегі еңбектерінің өзі бір төбе.

Араб графикасын қазақ тілінде қолдану үшін төте жазуды енгізген ғұлама бабамыз 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1 съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама оқиды. Халық ағарту саласында жасаған еңбектері – «Оқу құралы», «Тіл құралы», ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтар.

«Қырық мысал» (1909 жылы, Петербург), «Маса» (1911 жылы, Орынбор) атты кітаптарының мазмұнына қарап отырсақ, «Қырық мысал» жинағына енген дүниелерінің басым бөлігі балалар мен жасөсіпірімдер түсінігіне жақын. Білім мен ғылымды көркем сөз арқылы алқалап, насихаттауға арналған бұл жинақ өз кезінде жақсы танымал болған.

Бажайлап қараған жағдайда А.Байтұр­сын­ұлының «Қырық мысал» кітабындағы шығар­ма­лардың көп бөлігі аудармадан тұратынын аңға­руға болады. Бұл жөнінде автордың өзі:

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым, – (Бай­тұр­сынұлы А. 61-б.) деп түсіндірген. Қысқа шығар­маларының біразы таныс сюжеттерді негізге ала отырып жазылған. Бірақ А.Байтұрсынұлы кез келген сюжетті ала бермей, тағылымдық-тәлімдік жағына баса мән беретіні байқалады.

Көп мысалдың сюжеттік қаңқасы И.Кры­ловтікі болғанымен, олардың жалпы рухани ұста­нымына қарасаңыз, қазақи түсініктен онша алыс емес. Осындай дәлелдерден келіп, кей­бір зерттеушілер А.Байтұрсынұлын қазақ әдебие­тіндегі жазбаша мысал жанрын дамытушы ретінде танысақ деген пікір айтады.

Бұл мәселені академик С.Қирабаев мынандай қарапайым тілмен талдап береді: «Сондықтан да ол аудармаларын мектеп бағдарламасымен шектемей, қалың қазаққа арнайды, қараңғылық пен езгіге қарсы күресуге, елді білім, ғылым жолына үгіттеуге пайдаланады. «Қырық мысалдың» ел ішіне кең тарап, Ахметтің атын да шығаруға себеп болғаны осыдан. «Қырық мысал» әдебиет тарихына жай қатардағы аудармалардың бірі ғана емес, жаңа мағынадағы салмақты, салиқалы ойы­мен, жарқын көркем бейнелерімен тың еңбек болып кірді».

Персонаждардың қарым-қатынасындағы психологиялық-әлеуметтік түйткілдер қазақи ұғым­­мен бейнеленеді. Кей мысалдарда кездесіп қа­латын жылқы, қасқыр, қозы, қымыз, қой және т.б. детальдар – орыс ұғымына жуыса қоймайтын таза қазақи атрибуттар. Автордың кейде, тіпті қазақша мақал-мәтелдерді де еш өзгертпестен, сол қалпы қолданып жіберетін тұстары да жоқ емес. Ендеше бұлардың қазақтың төл шығармалары ретінде танылғаны қисынды.

«Маса» жинағындағы «Оқуға шақыру» өле­ңінің мазмұны таза дидактикалық сипатта.

«Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ.

Шақырды тауық мана әлдеқашан,

Қарап тұр терезеден күн жылтырап». (11-б.):

Қалай болған күнде де А.Байтұрсынұлының «Маса» атты жинағы балалар әдебиеті талаптарын толық қанағаттандыра алмаса да, ішінара үгіт сөздерімен назар аударады. Оған енгізілген мысалдардың жас баланы ойландыруға, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге баулитын насихаттық ұстанымы айқын. Ондай туын­дыларының атын атап, түсін түстесек, алдымен ауызға ілігетіні – «Ат», «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Қаздар», «Есек пен үкі» және тағы басқа мысалдары.

«Мен оқуға қалай бардым?» атты шағын әңгі­ме­сінің мазмұны балдырғанды оқуға ынталандыру екендігі айқын. «…Бiр күнi ойнайын деп бардым. Әбiш кiтап оқып отыр екен. Тыңдасам, кiтабында жұмбақ, мақал, өлең, басқа да жақсы сөздер көп екен. Оқу үйренсем, мен де сондай оқыр едiм деп, ойға қалдым. Үйге қайтып келдiм. Оқуға барамын дедiм. Әкем мен апам бұл ойымды ұнатты. Ертеңiне әкем менi оқуға апарып бердi» деген баяндаулар кіші жастағы баланың ұғымына сай. Мұнымен танысқан қараңғы ортадағы жас өреннің де оқуға деген ынтасы оянатыны анық.

Езу тартқызатын шағын әңгімелердің өзінде оқырманды тапқырлыққа, логикалық ойлануға баулиды. Қазақи анекдот сынды мысалдың бірі «Үлеске ұсталық» деген әңгімесін алайық. Мұн­да екi сарт пен бiр қазақтың атып алған құстарын қалай бөлісіп алғаны баяндалған. Екі сарт ақылдасып келіп, билікті қазаққа берген екен. Сол-ақ екен, қазақ дереу іске кірісіп кетіпті. «Бисмилла, безгелдек!» деп, безгелдектi алып жанына, «Былай жатсын дуадақ» деп, дуадақты бір жағына, «Сыбағама – қоңыр қаз» деп, өзiнiң алдына қойды дейді. Сөздің қысқасы, осылайша атап-атап келіп, атылған құстардың көбін өзі алып, екі сартқа бір-ақ үйрек беріпті.

Әрине, шынайы өмірде пысықтығымен танымал болған сарттардың қырда көшіп-қонып жүрген аңқау қазаққа алдана қоюы екіталай. Автор бұл арада қайрау мақсатымен қазақты әдейі еті тірі етіп көрсеткен сияқты.

Қазақта «Сезікті секірер» деген мақалдың бары белгілі. Осы ойдың түбі қайдан шыққанын А.Байтұрсынұлы «Бақсы» деген әңгімесінде баяндайды. Оның мазмұны еске салсақ, бiр қазақтың ақшасы ұрланады да, ауыл адамдары бақсыны шақырады. Бақсы жиналғандардың аяқ киімін шештіреді де: «Мен жынымды шақырамын. Ол жылан болып келiп, ақшаны алған ұрының аяғын шағады» деп ескертеді. Сонан қобызын тартып, сарнап отырады да, кенеттен: «Ал, шақты!» деп, шар ете қалады. Сол-ақ екен, манадан бері күтіп отыр­ған адамдардың бірі тұрған орнынан секіріп кетіп­ті. Сөйтіп, бәрі ұрыны осылай тауып алыпты. «Сезiктi секiрер» деген мақал осыдан қалған көрінеді.

А.Байтұрсынұлының жоғарыда айтылған­дардан басқа «Екі балықшы», «Талас», «Енші үлесу», «Ата насихаты», «Ақылды соқыр» әңгіме­лері қысқа жазылғанымен, белігілі бір филосо­фия­лық ойға негізделген. Ең басты түйіні – үлкенді де, кішіні де тапқырлыққа, еңбекқорлыққа баулу.

Ал «Қарға мен құмырша», «Жібек құрты», «Жібек құрты мен өрмекші», «Балықшы мен ба­лық», «Серке мен түлкі», «Торғай мен қарлығаш» тәрізді мысалдары ұғымға жеңіл болып келгенімен, айтар ойларының салмақтылығымен тағылымды.

Өз кезінде әлі қараңғылық бұлты сейіле алмай жатқан кезде қоғамдық санаға әсер етіп, білімнің жылт еткізіп сәулесін шашқан кітаптардың бірі –Ахмет Байтұрсынұлының Телжан Шонанұлымен бірігіп жазған «Бастауышқа арналған оқу кітабы» атты еңбегі. 1928 жылы жарық көрген осы­нау құнарлы оқу құралы негізінен 3-4-сы­нып оқушыларына арналған екен. Мұнда да автор­лардың оқушылардың ұғымымен, дайындығымен санасатын тұстарын аңғару қиын емес.

Содан бері тоқсан жылдан астам уақыт өтсе де, аталған кітаптың құны ескірді деуге болмайды. Өйткені аталған кітапта жинақталған білім көздері, оқушы балаға ұсынылатын түрлі ақпараттар бү­гінгі күн талабынан тым алыс жатқан жоқ. Кітап­тағы «Жандықтардың жер жүзіне таралуы», «Алғашқы адамдар», «Ертедегі қазақ тұрмысы», «Төрт түлік», «Құстар», «Өсімдіктің таралуы» және «Құрылықтар» деп аталатын тақырыптарға үңілсек, сонда келтірілген мәліметтердің әлі де бағалы екендігін байқар едік.

Яғни уақыт талабына бүгін де жауап беретін­діктен, бұл материалдардың мағыналық құны мүлде көнеріп кетті деп айта алмасақ керек. Бү­гін­гі таңда оған тарихтан қалған жай экспонат ре­тінде ғана емес, әлі де кәдеге аса алатын мүмкін­дігі бар асыл мұра ретінде қарағанымыз абзал.

Ағартушы ұлы оқымыстының қазақ балалар әдебиетін дамытуға да қосқан үлесі бар екендігін біреу білсе, біреу біле бермейтіндіктен, осы шағын мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.

Нұрдәулет АҚЫШ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы