Қостанай облысында жол жөндеуге 19 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл Қостанай облысында жергілікті маңызы бар 300 шақырымға жуық жолды және елді мекен ішіндегі көшенің 184 учаскесін жөндеу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Сейдахметов мәлім етті.
«Барлық бағдарламалар бойынша автожол саласының бюджеті биыл 19,5 млрд теңгені құрайды. Жергілікті маңызы бар 285 шақырым автожолды және елді мекендер көшелерінің 184 учаскесін жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген сома 13,4 млрд теңгені құрайды. 28 жобаның ішінде мердігерлер 13 нысан бойынша анықталды. Конкурстық рәсімдер 15 нысанда өтуде», — деді Б.Сейдахметов.
Биылғы ірі жобаның бірі – Айет – Варваринское – Ресей Федерациясына шығатын облыс шекарасы облыстық маңызы бар автожолының учаскесін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланған. Жоба үш млрд теңге тұрады. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында ведомствода мәлімдегендей, жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Осы жобаны іске асыру облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыра отырып, автожолдың сипаттамасын III техникалық санатқа дейін жеткізеді.
-«Ауыл-Ел бесігі» аясында 2,5 млрд теңге сомасына ауылдық елді мекендердің 59 көшесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарымен 25 елді мекен қамтылатын болады, оның ішінде 12 – спутниктік, 11 – тірек, екеуі – стратегиялық. 59 жобаның 17 нысаны бойынша мердігерлік ұйымдар анықталды. 42 нысан бойынша конкурстық рәсімдер өткізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3,5 млрд. теңге сомасына 127 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Мердігерлік ұйымдар 74 жоба бойынша анықталды, 53 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде», — деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Сейдахметов.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, осы жылдың қорытындысы бойынша өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 83% — ды құрайды. Бұл өткен жылғы үлестен 5% — ға асып түседі.