Қостанай облысының экология департаменті өткен жылда атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Өлкенің экологиялық мәселесі депатраменттің тұрақты бақылауында.
Соңғы жылдары өңірде өнеркәсіптік қалдықтардың үйіндісі айтарлықтай ұлғайған. Өткен жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ суреттерінің көмегімен ғарыштан 653 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Бүгінгі таңда осы көрсеткіштен 605 нүкте жойылды, бұл шамамаен 93% — ды құрайды.
— 2021 жылы аумақты қамту шекаралары өткен жылдармен салыстырғанда кеңейгенін атап өткім келеді. Бастапқыда ғарыштық мониторинг 50 км радиустағы ірі қалалардың айналасын қамтыды, қазір Қостанай облысы бойынша қамту радиусы Арқалық қаласына да жетіп отыр, — деп атап өтті Қостанай облысы бойынша экология департаментінің басшысы Талғат Сабиев.
Жалпы облыс бойынша өнеркәсіптік қалдықтардың пайда болу көлемінің шамалы өскені байқалады. Оған карьерлерді белсенді игеру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру жұмыстары кезіндегі қуаттарын ұлғайту себеп. Егер су ресурстары туралы айтар болсақ, департамент қызметкерлері Тобыл мен Торғай өзендерінің жай-күйін және олардың ағындарын тұрақты негізде бақылайды екен. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы ағынды суларды ағызу көлемі 2 процентке дейін азайған. Ал облыс бойынша экологиялық ахуал өзге өңірлермен салыстырғанда бірқалыпты.
Сондықтан, ауа тазалығы тұрғысынан біздің өңір басқа аймақтарға қарағанда ең қолайлы өлке саналады. Десе де біздің өңірде шешімді қажет ететін экологиялық мәселелер де бар. Мысалы, қалаға биологиялық тазарту станциясы қажет. Рудный, Жітіқара, Лисаков, Арқалық қалаларында кәріздік тазарту құрылғыларының жұмысы жарамсыз.
Бұл мәселелерді шешуге депатрамент қызметкерлері бірқатар ұсыныстар әзірлеп отыр.